Қарым-қатынас туралы түсінік

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 23 Мая 2015 в 10:34, лекция

Описание работы

Қарым-қатынастың маңызы мен түрлері. Қарым-қатынастың көпқырлылығы. Қарым-қатынас пен іс-әрекеттің бірлігі.
Қарым-қатынастың адам өміріндегі маңызы. Қарым-қатынас адамзат қоғамының және жеке тұлғаның жарқын өмір сүруінің міндетті шарты. Қарым-қатынас аса үлкен құндылық болып табылады.

Файлы: 1 файл

Қарым-қатынас .doc

— 534.50 Кб (Скачать файл)

Бірлескен іс-әрекетте адам қажет болған жағдайда басқа адамдармен бірігуі, олармен қарым-қатынас жасауы, яғни байланыс орнатуы, өзара түсіністікке қол жеткізуі, қажет ақпаратты алуы, жауапты хабарлауы және т.с.с. тиіс. Бұл жерде қарым-қатынас іс-әрекеттің бөлігі, бір қыры ретінде, оның маңызды ақпараттық аспектісі ретінде, коммуникация ретінде (бірінші түрдегі қарым-қатынас) болады.

Алайда, коммуникация ретіндегі қарым-қатынастан құралатын іс-әрекет процесінде белгілі бір зат жасай отырып (прибор құрастыру, ойын айту, машина құрастыру және т.с.с.) адам тек осымен ғана шектелмейді; жасалған зат арқылы өзін, өзінің ерекшеліктерін, өзінің индивидуалдығын басқа адамдарға «трансляциялайды», өзін басқа адамдарда жалғастырады.

Жасалған зат (тұрғызылған ғимарат, нақты поэзиялық шумақ, отырғызылған ағаш, жазылған кітап, шығарылған немесе орындалған ән) бұл, бір жағынан, іс-әрекет өнімі, ал екінші жағынан – адамның қоғамдық өмірде өзін шыңдауына көмектесетін құрал, өйткені бұл зат басқа адамдар үшін жасалған құрал арқылы адамдар арасындағы қатынас іске асады, затты жасаушы мен істеушіге де, оны тұтынушы мен игерушіге де теңдей тиесілі ортақ өнім ретіндегі қарым-қатынас құралады.

Өзін басқаларда жалғастыру ретіндегі қарым-қатынас екінші түрдегі қарым-қатынас болып табылады. Егер бірінші түрдегі қарым-қатынас (коммуникация түріндегі қарым-қатынас) бірлескен іс-әрекеттің бір қыры ретінде көрінсе, екінші түрдегі қарым-қатынастың маңызды қыры болып қоғамдық құнды және тұлғалық мәні бар затты өндіруге байланысты іс-әрекет табылады. Бұл жерде тәуелділік алмасады да іс-әрекет қарым-қатынастың аспектісі, бөлігі, қажетті алғышарты ретінде болады.

Сонымен, іс-әрекет – қарым-қатынастың бөлігі, бір қыры, қарым-қатынас – іс-әрекеттің бөлігі, бір қыры. Алайда қарым-қатынас пен іс-әрекет барлық жағдайда бөлінбейтін бірлікті құрайды.

Қарым-қатынастың түрлері мен формалары.

Психология ғылымындағы негізгі ұғымдардың біреуі – қарым-қатынас. Қарым-қатынассыз жеке адамды түсіну, оның дамып-жетілуін талдау мүмкін емес.

Қарым-қатынас түрлері мен формалары бойынша әр алуан. Тура, жанама, тікелей, біреу арқылы (тікелей емес). Алғашқысы тікелей қарым-қатынас, соның негізінде тікелей емес қарым-қатынас пайда болады.

Тікелей емес қарым-қатынас – жазбаша түрдегі немесе техникалық құралды пайдалану негізіндегі толық емес психологиялық контакт.

Адамзат тәжірибесін игеруде жазудың, кітаптың, басқа әр түрлі техникалық құралдың пайда болуы тікелей емес қарым-қатынас жасаудың жүйесін күрделендірді.

Қарым-қатынас ары қарай жеке адамаралық және көпшіліктік қарым-қатынас болып бөлінеді. Жеке адамаралық қарым-қатынас – топтарда, жұптарда жеке дара ерекшеліктерін білу, қайғы-қуанышына ортақтасу, түсіну, бірігіп іс-әрекет ету негіздерінде қалыптасатын түрі.

Көпшіліктік қарым-қатынас – көпше түрдегі таныс емес адамдардың және көпшіліктік мәлімет құралдары арқылы қарым-қатынас жасау, осындай қатынастың түріне өнер, эстетикалық қарым-қатынастарды да жатқызады.

Қарым-қатынаста адамдар өзін көрсетеді, өзі үшін және басқалар үшін психологиялық қасиеттерін аша түседі. Сонымен бірге ол қасиеттері қарым-қатынаста қалыптасады да. Адамдармен қарым-қатынаста адамның адамзаттық тәжірибені игеруі, қалыптасқан мораль, құндылықтар, білім мен іс-әрекет түрлерін игеруі, жеке адам және дара адама түрінде қалыптасуы іске асырылады. Яғни, қарым-қатынас адамның психологиялық дамуыныңы маңызды факторы. Жалпы алғанда, қарым-қатынасты былай анықтауға болады: адамның бүкіл өмірі барысында психикалық процестері мен мінез-құлқы қалыптасатын жан-жақты шындық.

Қарым-қатынастың маңызды 5 функциясын бөліп қарастыруға болады. Қарым-қатынас адамдардың ұжымдық іс-әрекетінде байланыстырғаш ролджі атқарады. Бұл функциясын шартты түрде «прагматикалық» функция деп атауға болады. Бұл шартты орындамау Інжілде айтылған атақты Вавилон мұнарасы туралы аңызға әкеліп соғуы мүмкін. Маңызы бойынша екінші функциясын «қалыптастырғыш» функция деп атауға болады. Бұл функция адамның психологиялық бейнесін қалыптастырып өзгертудің маңызды шарты. Бала дамуының белгілі кезеңдерінде мінез-құлқы, іс-әрекеті және баланың қоршаған әлем мен өзіне деген қатынасы үлкендер арқылы іске асырылады. Д. Элькониннің айтуынша: «Бала әрқашанда 2 адам – оның өзі және ересек адам». Даму барысында бала мен ересектің сыртқы тікелей емес қарым-қатынасы баланың ішкі психолоиялық процесіне және де баланың дербестік ерікті іс-әрекетіне айналады.

Онтогенездің бастапқы кезеңдерінде қарым-қатынас бала өмірінде аса маңызды функция атқарады. Орта ғасырда бір испан епископы былай деп жазған екен: «Жетімханадағы балалар зерігіп, зеріккендіктен өледі». 30-жылдары АҚШ-та эксперимент жүргізілген: 2 клиникада қауіпті, әрең жазылатын ауру балалар жатқан. Оның біреуінде балалар туысқандарымен кездеседі, ал екіншісінде туысқандарымен жолықтырылмайды. Осы екі клиникада жазылу тиімділігін салыстырғанда: оның біріншісінде – бала өлімі жоқ, ал екіншісінде – балалардың үштен бір бөлігі шетінеген.

Бала мен ересектің қарым-қатынасы білім, іскерлік, дағдыны берудің жай қосындысы емес, өзара әсерлесу нәтижесінде өзара баю мен өзгерудің күрделі процесі. Бала өзіне берілетін басқаның тәжірибесін белсенді түрде ой елегінен өткізіп, өңдеп пайдаланады. Қарым-қатынастың үшінші функциясы ретінде «бекітетін, қолдаушы» деген функциясын атауға болады. Басқаша айтқанда, басқа адаммен қарым-қатынаста адам өзін-өзі танып-біліп, өзіне-өзі сенімге ие болады. Адам өзін-өзі бағалау үшін басқаның мақұлдауын қажет етеді. У. Джеймстің айтуы бойынша: «Адам үшін қоғамда өз бетімен назардан тыс қалу және басқалардың оны мүлде байқамауы – ең зор жаза». Көптеген психотерапевтік жүйелерде адамның мұндай жағдайы «қолданылмаған, бекітілмеген» деген ұғым арқылы беріледі және де «Сенікі жөн емес», «Сен жамансың» деп мойындамауға қарағанда (бұл жағдайда теріс болса да бекітудің белгілі үлесі бар), бекітілмеу «Сен бұл жерде жоқсың», «Сен тірі адам емессің» дегенді көрсетеді.

Атақты ағылшын психологы Р.Д. Ленг – бекітілмеу, көптеген психологиялық ауру, әсіресе шизофренияның себебі деген қорытындыға келген. Оның байқаулары бойынша, басқа да зерттеулер көрсеткеніндей, эндогенді психозбен көбінесе ата-аналары тарапынан шеттелінген балалар ауырады екен.

Адамдар өміріндегі әр түрлі дәстүрлер – амандасу, түрліше көңіл аудару рәсімдері «бекітілу терапиясы» деп саналады. Қарым-қатынастың төртінші функциясы жеке адамаралық қатынастарды ұйымдастыру және қолдау болып табылады. Басқа адамдарға деген эмоциялық көзқарастар – «сүйкімді - сүйкімсіз», «ұнайды - ұнамайды» деген терминдермен белгіленеді. Әрине, эмоциялық қарым-қатынас адам өмріндегі жалғыз қатынастың түрі емес, бірақ олар адамның барлық қарым-қатынас жүйесінде көрінеді, көбінесе іскерлік немесе тіпті ролдік қатынасына да өз әсерін тигізеді. Келесі, бесінші функциясы «жеке адамішілік функциясы». Бұл жағдайда адамның өз-өзімен қарым-қатынас жасауын (ішкі немесе сыртқы сөйлеу арқылы – диалог типінде) адамның ойлауының әдісі түрінде қарастыруға болады. Осыған байланысты Л.С. Выготский былай деген: «...адам өзімен-өзі болғанда да қарым-қатынас функциясын сақтайды».

Сонымен біз қарым-қатынастың түрін, формалары мен функцияларын қарастырдық. Әлеуметтік психологияда баса назар аударылатыны жеке адамаралық, тікелей қарым-қатынас түрі, ең терең зерттелгені де осы түрі.

Қоғамдық қарым-қатынасқа қарағанда жеке адамаралық қарым-қатынастың табиғаты бөлекше, оның өзіндік ерекшелігі – эмоциялық негізінің болуы. Адамдар бір-бірімен қарым-қатынасқа түскенде, оның бір-біріне деген әр түрлі көзқарастары сезімдер негізінде қалыптасады. Психология ғылымы жеке тұлғаның эмоциялық көріністерінің үш түрін немесе үл деңгейін бөліп қарастырады: аффектілер, эмоциялар мен сезімдер. Жеке адамаралық қарым-қатынаста осылардың бәрі де көрініс бергенімен, көбінесе сезімдерге баса көңіл аударылады, олардың өзін екі топқа бөліп қарастыру қабылданған:

  1. конъюктивті – адамдарды жақындататын, біріктіретін, бірлескен іс-әрекетке итермелейтін сезімдер;
  2. дизъюнктивті – адамдарды бір-бірінен аластататын, бірлескен іс-әрекеттен қашқақтататын сезімдер.

Жеке адамаралық қарым-қатынасты зерттеуде американ психологы Дж. Морено (1958) ұсынған социометрия әдісі кең қолданылады. Социометрия негізінде нақты іс-әрекет кезіндегі шағын топтың қарым-қатынасын (жақтыру, жақтырмау) анықтауға болады. Дегенмен, топты толық зерттеу үшін тек социометрия әдісі жеткіліксіз болып табылады.

Кеңестік психолоияда қарым-қатынасты, бір жағынан, іс-әрекеттің бір түрі, екіншіден, іс-әрекеттің өзіндік көрінісі деген ұғымда қолдану басым. Қарым-қатынастың іс-әрекетке кіріктірілуі оған қатысушылардың әрекеттерін «үйлестіріп» немесе «үйлестірмей» іске асырады. Мұндай үйлестірушілік қарым-қатынастың ерекше әсер етушілік функциясымен байланысты.

Қарым-қатынастың үш жағы. Қарым-қатынастың құрылымы күрделі болғандықтан, шартты түрде талдау мақсатымен, көбіне оның бір-бірімен тығыз байланысты үш жағын қарастырады: коммуникативті, интерактивті, перцептивті (1,2 схема).

Қарым-қатынастың осы үш жағын бірлікте қарастыру қажет. Қарым-қатынастың коммуникативті жағы (тар мағынада) – қарым-қатынасқа түсушілердің бір-бірімен мәлімет алмасуы.

Интерактивті жағы – қарым-қатынасқа түсушілердің өзара әрекеттесуін ұйымдастыру, яғни, білім, идеялар және әрекеттермен алмасу (әрекеттестік). Бірлескен әрекеттің ұйымдастырылуы.

Перцептивті жағы – қарым-қатынасқа түсушілердің бір-бірін қабылдауы, тануы (түсінуі), соның негізінде өзара түсіністіктің пайда болып қалыптасуы.

Осы үш жақтың бірлігінде қарастырылатын қарым-қатынас бірлескен іс-әрекетті және оған қатысушы адамдардың өзара қатынастарын ұйымдастыру тәсілі болып табылады. Қарым-қатынастың заңдылықтарын білу және қарым-қатынас дағдылары мен қабілеттерін дамыту әсіресе педагогтар үшін өте маңызды, өйткені олар оқушыларды өздерімен бірлесіп әрекет етуге жемісті түрде тарта алған жағдайда, тәрбиешінің мақсаттары мен міндеттеріне жауап беретін өзара әрекеттестік пен өзара түсінушілікті жолға қоя білгенде, яғни толыққанды педагогикалық қарым-қатынасты жүзеге асыра алғанда ғана кәсіби міндетін табысты түрде атқара алады.

Сонымен қатар, жеке тұлғааралық қарым-қатынас: императивті, манипулятивті және диалог болып бөлінеді. Императивті қарым-қатынас – авторитарлы, директивті (өктем) түрде қарым-қатынасқа түсушіге жасалынатын әсер. Бұл жағдайда қарым-қатынас партнері - әсер етілетін обьект, «пассивті» обьект болып есептелінеді.

Көптеген іс-әрекетте, мәселен, әскери өмірде, кейбір шытырман, қиын-қыстау жағдайларда осындай қарым-қатынас қажет. Мұндай қарым-қаитынастың орынсыз, этикаға сыймайтын кездері де болады: өте жақын адамдар арасында, тәрбиелік, педагогикалық, т.б. қарым-қатынастарда.

Манипуляция – қарым-қатынас партнеріне өзінің іштей мақсаттарын жасырын түрде жүзеге асыру үшін жасалынатын қарым-қатынас түрі. Қарым-қатынастың бұл түрі, әсіресе, бизнес, іскерлік қарым-қатынаста әбден орынды болғанымен, достық, жолдастық, сүйіспеншілік саласында орынсыз. Императивті және манипулятивті қарым-қатынасты біріктіріп, монологтық қарым-қатынас деп сипаттауға болады. А.А. Ухтомскийдің айтуынша, адам өз маңайындағыларды басқа адам емес, өзінің «сыңарлары» деп қабылдайды. Өзіне деген бағдардан басқа адамға деген бағдарға көшетін қарым-қатынас түрі – диалогты қарым-қатынас.

Диалог – тең құқылық, субьективті қарым-қатынас, оның мақсаты: өзара танып-түсінісу, партнерлер арасында өзін түсіну, өзіндік даму. Диалогты қарым-қатынас жасау қарым-қатынастың белгілі ережелерін сақтағанда ғана мүмкін.

 

 

 

 

 

Қарым-қатынастың хабар алмасу қызметі (коммуникативті жағы). Вербальды қарым-қатынас. Тіл. Сөйлеу механизмдері.

Қарым-қатынастың коммуникативті жағы туралы жалпы түсінік.

         Қарым-қатынаста адамдар өзара идеялар, қызығулар, көңіл-күйімен, сезімдерімен, т.б. бөліседі. Мұның бәрін әр түрлі мәлімет ретінде қарастыруға болады.

        Адамдар  арасындағы коммуникативті процестер  техникалық қондырғылар арасындағы  алмасудан өзгеше болады, оның  мазмұны және формасы бойынша  өзіне тән ерекше, маңызды қасиеттері  бар. Олардың ерекшелігі – кері байланыс процесі, коммуникативті барьер, коммуникативтік әсер және мәлімет берудің әр түрлі деңгейі (вербальды-сөз жүзіндегі, вербальды емес-сөз жүзіндегі емес) сияқты процестермен байланысты. Әрқайсысын бөлек-бөлек талдап көрейік: тұлғааралық қарым-қатынастағы кері байланыс. Ең алдымен мәлімет бір жақты болмайды, екі жақты пікір алмасу түрінде өтеді. Мәліметті беруші – коммуникатор, оны қабылдаушы – реципиент деп аталады.

       Сондықтан  да негізгі мәліметті беруден  екінші адамға беру ғана емес, қарым-қатынас барысында ортақ көзқарас, пікір, ортақ мәнге келу маңызды.

       Бұл  міндетті орындауда ерекше механизм  – кері байланыс іске қосылады, ол реципиентің коммуникатордың  іс-әрекетін қалай қабылдап, бағалауына  байланысты. Сонымен, кері байланыс дегеніміз – коммуникатордың әрекетіне деген реакциясын көрсететін мәлімет. Кері байланыстың берілуі әр түрлі жолдармен іске асырылады. Ең алдымен тура және жанама. Тура кері байланыста реципиент пікірі ашық түрде беріледі. Мысалы: «сенің пікірің маған ұнамайды», «не айтып тұрғаның маған түсініксіз», т.б. және де әр түрлі қимыл-қозғалыс (жест), ренжу, қуану, т.с.с. бұл түрде тиімді болады.

       Жанама  кері байланыс – психологиялық  мәліметті берудің астыртын түрі. Бұл жағдайда әр түрлі сұрақтар, кекету, күтпеген эмоциялық реакциялар болуы мүмкін. Мұндай жағдайда коммуникатор партнердің не айтқысы келетінін өзі түсінуі қажет. Әрине бұлай түсіну әрқашан дұрыс болмауы мүмкін, сондықтан түсінісу қиынырақ болады.

       Коммуникация  процесінде тек мәлімет алмасу ғана емес, оны партнерлердің бірдей тура түсінуі қажет. Яғни коммуникация процесінде келіп түскен мәліметті дұрыс түсіну (интерпретация) проблемасы туындайды. Біріншіден, мәліметтің формасы мен мазмұны коммуникатордың жеке даралық ерекшелігі, реципиент туралы көзқарасы, ол туралы өзінің пікірі және қарым-қатынас процесіндегі жағдайларға байланысты. Екіншіден, оның жіберген мәліметі реципиенттің жеке-дара психологиялық ерекшеліктеріне, көзқарасы, пікірлеріне, жағдайға байланысты өзгеріске түседі. Мәселен, бастығы мен өзінің ұлынан естіген бір мәлімет екі түрлі психологиялық реакцияға әкеледі. (Бастықтың айтқанын зейінмен тыңдаса, баласыныкіне ашулануы мүмкін). Мәліметті әр түрлі қабылдау бірнеше себептерге байланысты. Солардың ішінде маңыздысы – коммуникативтік барьердің болуы (түсініспеушілікке әкелетін тосқауыл), ол – коммуникативтік процестің екінші ерекшелігі. Түсініспеушілік барьері, әлеуметтік-мәдени барьер, қарым-қатынас барьерлері болуы мүмкін.

Информация о работе Қарым-қатынас туралы түсінік