Х.Есенжановтың «Көп жыл өткен соң» дилогиясындағы қазақ зиялыларының бейнесі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 23 Марта 2015 в 18:57, дипломная работа

Описание работы

Диплом жұмысының өзектілігі. Жиырмасыншы ғасырда қазақ прозасы бұрын-соңды болмаған даму деңгейіне көтерілді. Замана ағымының қилы кезеңдерінде ширап-шыныққан сөз өнерінің тақырыптық тұрпаты үздіксіз жаңғырып, жаңаланып, дамып отырады. Ел басына түскен қиындықтар ұлттың сана-сезімінің, ұлттық идеяның дамуына түрткі болды. Сондықтан да ұлтымыздың рухы биіктеп, еңсесі көтерілгенде әдебиетіміздің де қайта толысып, кемелдену дәрежесіне жеткен кезеңдерінің бірі өткен ғасырдың 50-60 жылдары аралығы еді. Осы кезеңде төл әдебиетімізде әлемдік классика үлгісіне тең келетін көркем шығармалар легі дүниеге келді.

Содержание работы

КІРІСПЕ......................................................................................................................3

1. Х.Есенжанов романдарындағы тарихи шындық және дәуір сипаты
1.1 ХХ ғ. 50-60 ж.ж. қазақ тарихи роман дәстүрі және Х.Есенжановтың шығармашылық өмір жолы........................................................................................6
1.2 «Көп жыл өткен соң» дилогиясының көркемдік және тарихилық сипаты........................................................................................................................35
1.3 Дилогиядағы ұлттық идея және кейіпкер болмысы.........................................41


2. Х.Есенжановтың «Көп жыл өткен соң» дилогиясындағы зиялылар образы
2.1 Ағайынды Жүнісовтердің тарихи-көркемдік бейнесі......................................56
2.2 Х.Есенжанов романдарындағы тарихи тұлғалар бейнесі................................63

ҚОРЫТЫНДЫ........................................................................................................67

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ........................................................................69

Файлы: 1 файл

Х.Есенжанов Көп жыл өткен соң.doc

— 480.50 Кб (Скачать файл)

Ақ патша құлаған соң, қазақтың бетке тұтар зиялылары ұлт теңдігіне ендігіде қол жетеді деп сенеді. Болашаққа үміт артты. Сол жолында тер төкті. Қажыр-қайрат жұмсады. Әйтсе де, уақыт өте келе кеңестік жүйе де патшалық Ресейдің жүргізген саясатын аса жоғары тәсілмен жүзеге асырып, өзге ұлт мәселесі жайлы қитұрқы іс-әрекеттер жасады. Ұлт мәселесін ашық түрде кейінге ысырды. Кеңестік жүйеге жат ұғым дарытып, ұлтшылдықпен өмір- бақи күресуді басты міндет санады. Соның нәтижесінде туған тілінен жеріген ұрпақ, өз дәстүрінен безінген перзент өсіп шықты. Бұл – тарихи шындық. Әрине, Бақытжан Қаратаев сынды тұлғалар өздері таңдаған күресте өздерінің алдына өз халқына жат бұндай мәселелерді күн тәртібіне қойған жоқ.

Бақытжан Қаратаев текті әулеттен шыққандықтан және көзі ашық, көкірегі ояу азамат атанғандықтан, өз халқының тағдырына бейжай қарай алмайды. Ол көп оқыған, көп ой жүгірткен тұлға. Құлағына құйылған әулеттің әңгімесі мен өзі куә болған әрқилы оқиғалар тізбегі қасірет пен уайым-қайғыға тола екендігіне көз жеткізеді. Ақтабан шұбырындыдан бастап, осынау аласапыран шаққа дейін ел зәбір мен жапа жегіп келген сыңайлы. Ұлтының ертеңін қалайша өзгертуге, жақсартуға болады деп, Бақытжан Қаратаев та күңіренді, тебіренді, толқыды. Отыз бес жыл адвокаттық қызметте болды. Сұлтан атанды. Дума мүшесі қызметін атқарды. Дала өлкесінен Думаға депутат болу – Ресейдің мүйізі қарағайдай тұлғаларымен терезесі тең болу деген сөз емес пе?!

Кеңестік жүйеге қызмет етуге әзір болған Бақытжан Қаратаев қашанда әділдікті, өз халқына адалдықты алға тұтты. Алдағы күндер, кеңестік жүйе өзі діттеген нысанадан ауытқып кететінін ол кезде Бақытжан Қаратаев білген жоқ-ты.

Адвокат Бақытжан Қаратаевтың өз ұлтының болашағы жөнінде айтқан соттағы ақтық сөзі де тәуелсіз ел болудың ата-бабамыз ғасырлар бойы арман еткен үкілі үміті болғандығына және бір дәлел болады. Тәуелсіздіктің ұлы ұғым екендігіне және бір рет көз жеткізгендей түйсінесің. Тәуелсіздік жолы қаншалықты ауыр да, бағасы өте қымбат екендігін сезінесің. Оның ендігіде баянды болуына ақ тілек қосасың.

«–Азаттық пен теңдік бөлініп жығумен ғана кемеліне келмейді. Кім азат болды, кім теңдік алды деген екінші сауал бар. Азаттық Ресейден босану ғана емес. Азаттық пен теңдіктің түп тамыры адамды тең санамау, адамды адам құл етумен байланысты. Бір мемлекеттің ішінде тоқсан түрлі ұлт болуы, сол тоқсан түрлі ұлттың праволары бір-бірімен тең болуы мүмкін. Сонымен қатар бір мемлекеттің ішінде бір ұлт қана қоспасыз тек өзі ғана өмір сүруі мүмкін. Алайда бұл жағдай азаттық пен теңдіктің толық түрде жемісін жегізеді деу қиын. Өйткені азаттық деген: басың бос, еңбегің бос болсын деген ұғымнан шыққан, біреуді біреу құл етпесін деген тілек-арманнан туған» дейді соттағы ақтық сөзінде [6, 25].

Сондай-ақ, оның мына бір сөзін ерекше атап көрсетпеске болмайды: «Сіз бен біз кетерміз. Біздің орнымызға басқа адамдар келер, жаңа адамдар келер. Өйткені ол жаңа адамдар көп, олардың тілегі мен арманы бөгетсіз, ол өмірдің өзі сияқты тасқын судай кемерден шығып келе жатқан тіршілік тілегі. Бойға сіңген ескі әділетсіздікті, анадан туғанда бірдей туған, тең туған адамды сен жоғары, сен төмен деп бөлуді бұл өмір тасқыны жуып кетер. Адамды адам деп қана қарайтын әділ қазы келер. Мүмкін біз мұны көрерміз, мүмкін көрмеспіз. Бірақ тап осы сөзімізді жә бүгін, жә ертең оқитын талапты ұрпақ келер. Солар бәрін де салмақтар, бәрін де ұғар. Өйткені көп азап шеккен, көп қасірет тартқан адамның арманы орындалмай қалмайтынына менің көзім әлдеқашан жеткен.» [6, 27-28]. Мінеки, осынау көріпкел сөз роман-трилогияның негізгі өзегі, басты тақырыбы мен идеясы екендігіне ешбір  күмән келтіруге болмайды. Азат ел болуды аңсаған туған халқымыздың саңлақ тұлғасы, айтулы заңгер Бақытжан Қаратаев ел үшін туған есіл ер екендігін жазушы өз туындысында мәңгілікке оқырман жадына салып кетті. Ер есімі естен ешуақытта шықпас емес. Кемел жазушының «Ақ Жайық» атты роман-трилогиясының «Тар кезеңде» атты үшінші кітабының бесінші бөліміндегі бірінші тарау дәл осындай азаттық пен бостандықты арман еткен алаш ардақтысының еңсесі биік, қасиеті мол сөзімен тәмамдалады десек, артық айтқандық емес.

Роман-трилогиядағы Мәмбет бейнесі халқымыздың күш-қуаты мен білігі үйлесім тапқан перзенттерінің ерекшелігін аңғартқандай. Ол қара күш иесі емес. Қодаршыл мінез оған жат. Бірақ адалдыққа, әділдікке қарсы тұрғандарға уәжді іс-әрекеттерімен қарсылық білдіреді. Орта ғасыр әдебиетінде, әсіресе, Еуропа әдебиетінде арамдықпен байлық жиған байлардың малы мен керуенін тартып алатын Робин Гуд секілді кейіпкерлер сияқты Мәмбет те жамандық атаулысына жаны қас. Бірақ ол – жол торитын қарақшы емес.

Мәмбеттің іс-әрекеттері, тірлігі де қызық. Бүтін бір болысты шулатып жүрген, есімі ел есінде жаттаулы жан. Ол жүрген жер тыныш болмаған. Өзінің қайраты күшті Мәмбеттің мінген аты да белді, бұлшық етті. Алды дауыл, арты өрт Мәмбет. Ерлігі де, өрлігі де елден өзгеше. Мәмбет кезінде қашқын да атанған. Қашып келе жатып правитель-бай Күрленнің үйіне паналауға келеді. Патшалы Ресейде окоп қазып жүрген Мәмбетті жалаң аяқ, бұзақы деп үйіне қондырмаған байға қатты қапа болады. Сөз қорлығы өткен Мәмбет, әйтеуір, күндердің күнінде айтқанын алдына келтірмек болады. Тап сондай кездесудің реті келеді. Бұл жолы Мәмбетті бай Күрлен танымайды. Қай туған екендігін сұрайды. Қолына күміс оюлы және сүйектен жасалған үлкен насыбай шақшасын алады. Сонда Мәмбет ақсақал байдан насыбай сұрайды. Бірақ Күрлен қолына бермейді. Алақанын тосуды, жақындай түсуін бұйырады. Мәмбет сол сәтте күміс шақшаны қолынан тартып алады.

«– Сен Күрленсің. Қырық жыл күрлеген правитель Күрленсің. Атың да өзіңе лайық. Мен Мәмбетпін. Оразбайдың Мәмбеті. Баяғыда Сорокинге мал бағып, арып-ашып, жаяулап келе жатқанда, үйіңе қондырмадың. «Сендер мал ұрлайсыңдар. Ең момын дегенің қонған үйдің шекпенін киіп кетесіңдер» деп жазықсыз сөктің. Міне сол қылығыңды алдыңа келтірдім. Артымнан қуушы болма. Шақшаңды ұрлап алғаным жоқ, қолыңнан алдым. Бұл ақың шыққан мүлік емес, қырық жыл управитель болып тұрғанда бір зергердің ұлыққа тартқан сыйлығы. Енді бұл шақша менде бола тұрады» дейді [6, 41]. Бұл сөздерде Мәмбет бейнесінің ешкімге ұқсамас, қазақ әдебиетінде қайталанбас өжет, өрлік қасиеті өрілген.

Роман-трилогиядағы оқиғалардың даму барысында, кейіпкерлер іс- әрекетінің одан әрі күделене, ширыға, шиеленісе түсуі  нәтижесінде  Мәмбеттің және бір ерлік әрекетіне куә боламыз. Тағы да ел ішінде адамдардың аузынан түспейтін бір оқиға орын алады. Мәмбет хан әскерінің барша мықты аттарын түн ішінде айдап әкетеді. Күзетті қапы қалдырады. Ханның арғымағын да қолды етеді. Әскердің тең жартысын өзімен бірге әкетеді. Табиғи талант иесі, соңынан адамдар ерте алатын, сөзімен де, ісімен де көпті ұйытатын Мәмбет, шынында да, лайықты ер. Ол романтикалық бейне секілді көрінгенімен, реалистік тәсілмен шынайы суреттелген бейне. Оның бейнесінде батылдық болмыс сипаты қаншалықты мол болса да, елдің ішінен шыққан кәдімгі қатардағы қарапайым адамдардың бірі.

Трилогияда оралымды әрі сирек кездесетін сөз тіркестері, ел аузындағы өте кем айтылатын, фразеологиялық сөздер, тым аз қолданыстағы шешендік сөздер, мақал-мәтелдер көптеп кездеседі. Бұндай ерекшелік шығарма тілін нәрлендіре түсуде, кейіпкерлер бейнесі мен мінезін ашуда таптырмас фактор деп есептейміз. Және де жылы сөзге кестеленген кейіпкерлер тілі оқырманды ыстық сезімге бөлейді, көңіл-қошын көтереді. Мысал келтірелік: «Өгіз су ішкенде бұзау байғұс мұз жалайды» [6, 86], «Қожаны көрдім дегенше – шүметегіңнің басымен қош айтыса бер. Арғы жағын ақ жапаның күлі тигенде бір-ақ білерсің»[6, 85], «... көзіне өлгенше қарап қана отыратын бір перизат екен» [6, 83]. «Қырдың желін тау қумас, таулы жерде жел тумас...» [6, 89]. Шығарманың небәрі үш-төрт бетінде кездескен Нұрымның жолдасы сөзге ұста, тікен тілді, қақпақ жаурынды, дембелше қызыл шырайлы, жалпақ жігіттің, Жолмұханның аузынан шыққан осынау өрнекті де өрелі, құнары мол сөздер оқырманды тұшынта түседі.

Домбыраға, ән-жырға деген іңкәрлік біздің халқымызда ерекше. Өлең- жырға құлақ салған, оны киелі де қасиетті санаған ел-жұрттың бір өкілі Нұрым Жүнісов. Ол казарма ішінде көк домбырасымен жыр төккендегі сәт те жазушының қарымды қуатынан шет қалмаған. «– Нұрым деген қарамын, қарадан туған дарамын. Мың кісіге бір өзім, қорықпай жалғыз барамын» десеңші деген жолдасы Жолмұханға ол «Ер Тарғын» эпостық жырынан Ақжүністің Қартқожаққа айтқанын домбыраға қосып айтып береді.

Осы сәт Мүкарама арудың ойы арқылы суреттелген: «Ең ғажабы – сырт көзге қораш, түр сипаттары ала-құла, мінез-құлықтары да басқа-басқа, бірі ұялшақ, бірі пысық, оның үстіне, тіпті, хат танып, қалам ұстай білмейтін өңкей топыраш өлеңге, әнге, домбыраның үніне ұйып қалған; дүниеден безгендей, бар ынтасы, бар жігері, бар қолқасы жыршыға құлап кеткен. Жыршының аузынан шыққан жыр мен домбырадын төгілген үнге бесіктегі сәбидей тербетіліп, елітіп қалған...

Ал осының бәрі бағанағы солдат Жүнісовтің аузынан ағылған жыр мен он саусағынан төгілген үннің сиқыры! Ұзын бойлы, қара түрік тәрізді көруге епсіз, қимылға олақ дала жігітінің өнері! Балға қонған арадай үймелеп, соны қоршап алған. Бұл өнерші, бұл әнші, бұл домбырашы болғаны ма? Мына надан деп жүрген қара домалақ даланың момақан жастары әсерлі үн мен толқыған күйге қала жастарынан артық ұйығаны ма?» [6, 98-99].

Ал ән тыңдап, ләззат алған Мүкараманың казарма ішінде пайда болу сәті де Жолмұханның келісті де, өрнекті сөздерімен жан сарайыңды жадырата түседі: «– Мен жаңылмасам, бұ сұлу, оразаның соңынан көп күттірген айдай боп арамызда пайда болған ару... Кәдімгі лоқтырымыз! Аңызақ қағып аңсап тұрған даланы себелеп өтетін нұрлы жаңбыр сияқты, мына жұтаған көздерді тым болмаса ақ жүзіне бір қаратып тамсандыру үшін келген ғой. Күндіз дене сырқатын, кеш көңіл сырқатын емдеші, шырағым!» [6, 99]. Осы үзіндіні оқи отырып, ән әуені қанатында қалықтағандай, сөз өнері қасиетінде балқығандай сезімді бастан өткересің. Шыны солай демеске ешбір лаж жоқ.

Жалпы алғанда әлем әдебиетінде, соның ішінде қазақ әдебиетінде әке мен бала мәселесі, олардың қарым-қатынасы, өзара түсінісуі, түсініспеуі секілді жағдаяттар жиі суреттеледі. Осы мәселелер әрқилы тұстан қаралады. Бұл – табиғи да. Трилогияда осы мәселе де көтерілген. Аласапыран заман, қоғамның қай бағытпен дамуы қажет деген толғақты уақытында, адам тағдыры қыл үстінде тұрғанда, бұндай хал-ахуалдың болуы әбден мүмкін. Осы орайда әр адамның белгілі бір мәселеге өзіндік көзқарасы, білімі мен білігі, дүниетанымы, адамдармен қарым-қатынасы және жеке ситуация айрықша роль атқарады.

Оқымысты оқытушы Ғұбайдолла мен сұлтан әрі полицмейстр Арон төренің адъютанты капитан Қаржауовпен арадағы сөз қақтығысы дәл осы мәселеге деген белгілібір көзқарасты аңғартады:

«– Ағайынды адам бір пікірде, бір ойда, бір мақсатта қала береді деген заң жоқ. Тіпті, әке мен бала да кей кезде бір-біріне бейтарап қала береді. Бұған дәлелді алыстан іздемей-ақ табуға болады. Бақытжан да Қаратаев, Арон да Қаратаев. Екеуі де сұлтан, екеуі де оқымысты, алайда осы екеуі екі идеяның адамы екені баршаға аян. Тіпті, Арон төре Бақытжан төрені өз қолымен атаманның қолына ұстап берді деседі. Осыған Ғалиасқардың (Ғұбайдолланың інісі – Н.Қ.) өз пікірі, өз мақсаты, өз идеясы болуы мүмкін- ақ нәрсе. Ал оның жолын қуу, қумау менің өз билігімде. Мүмкін, мен оны жақтармын да, жақтамаспын да. Мұны бірақ мен ешкімнің төрелігіне салмаймын, өз ожданымның төрелігіне ғана сала аламын. Бұл менің жеке басымның ғана ісі. Сондықтан саналы, оқымысты, ойшыл адамға «інің анадай еді» деп табалау орынсыз.» [6, 118].

Белді ата, даңқты рудан шықса да, өмір жолдары басқа-басқа тұлғалардың бірі – Қазиевтер. Бірі – оқытушы, Жымпиты қаласындағы алты жылдық екі класты орыс-қазақ мектебінің меңгерушісі Хабибрахман Қазиев. Екіншісі – Жымпиты уалаятының бас мүшесі Салық Қазиев. Екеуі де Сырым батырдың шөбересі. Жәңгір ханның он екі биінің бірі, белгілі Қазының бел немересі. Салық Қазиев биліктен өзгені білмеген. Ал Хабибрахман Қазиев халыққа беделді ұстаз атанған, сансыз шәкірт тәрбиелеген.

Ғұбайдолланың және бір інісі Хамидолла ел басқару ісіне араласып жүргендіктен, қажет кезде арбайтын жыланша, толғанып, жылы лебіз айту тәсілін жете меңгерген. Оның осы ретте қолданар тәсілі мен өлшемінің ережесі мынадай: «– Сөзбен белдескен адамның қату қабағына қарсы түксигеннен гөрі, маңдайыңның қос қыртыссыз, жүзіңнің жұмсақ шырайлы болғаны әлдеқайда тиімді. Өйткені суықтың бетін қайтаратын жылы леп қой. Тап сол сияқты берместің бетін бері бұру үшін: «Мырза, сіздің жомарттығыңызды жұрт сынар шағы осы бір мезет емес пе десеңіз, бұл да жарылған ерінге қаймақ жаққанмен бірдей»[6,119]. Осынау үзіндіде қамырдан қыл суырғандай адам психологиясының терең иірімдері жазушының көркем тіл шеберлігі арқасында қолмен қойғандай, қанттай етіп дәлме-дәл берілгендігі оқырманды таңдандырады.

Роман-трилогияда жетпіс төрт жыл өмір сүрген кеңестік жүйенің әу бастан еңсесі лезде-ақ тіктеліп кетпегендігін бастан-аяқ айқын сезінеміз. Шығармаға негіз болған уақыт кімді кім жеңетіндігін байқап, шамалап бола алмайтын алмағайып шақ болатын. Туындыда бірде қызылдар, бірде ақтар, бірде автономия құрамыз деп топтардың бірін-бірі аяқтан шалып, жағаға жармасқан текетірес іс-әрекеттері оқырманның көз алдында кезек-кезегімен өтіп жатады. Кеңес өкіметі орнады деген мезгіл болса да, атаман Дутовтың Орынборды тастап шығуы, адмирал Колчактың Батыс Сібірді қызылдардан тазартып, тоқтаусыз шеру тартуы өткен тарих беттерінің қиян-кескі соқтығыстар мен ұрыстарға тола болғанын аңғартады.

Жаншаның саясат жайлы ой-пікірі де елеулі мәнге ие. Өзі Жымпитыдағы үкіметті орнатуға күш салып жүрген ол, ел тарихы, оның хандары жөнінде өзіндік пікір айтуы, тұлға ретіндегі болмысын аша түседі. Әбілқайыр хан кезінде Анна патшайыммен құжатқа қол қойған кезде оның шашбауын көтеру үшін емес, іргелі елдің өнерін үйрену үшін игі қадам жасады дейді. Құл болып, бас ию үшін емес, есейіп, еңсесін тіктеп алу үшін қажет деп тапты дейді. Одақтасып Жоңғарға қарсы айбат көрсетуді дұрыс деп есептеді дейді. Шынында да, өткен заманға түрлі-түрлі баға беруге болады. Ақтауға да, даттауға да уәж жетерлік. Бір ғажабы, қай тарапта күрес жүргізсе де, өз халқы, өз жері мен топырағы үшін адал тер төгуге, дұрыс ой жүгіртуге пейіл танытқан төл перзенттеріміздің шалыс басқан қадамдарының өзінен елдің бостандығы үшін күресуге әрқашанда әзір болғандығын сезінеміз. Әрине, сол кезде билік басына келген билеуші топ көп жағдайда өз мүддесін биік қойып, адасқан азаматтарды аямады, тіпті, құрбандыққа шалып жіберді. Бұған сол заман талабы, уақыт қаталдығы тұрғысынан ғана баға беруге болады.

Информация о работе Х.Есенжановтың «Көп жыл өткен соң» дилогиясындағы қазақ зиялыларының бейнесі