Х.Есенжановтың «Көп жыл өткен соң» дилогиясындағы қазақ зиялыларының бейнесі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 23 Марта 2015 в 18:57, дипломная работа

Описание работы

Диплом жұмысының өзектілігі. Жиырмасыншы ғасырда қазақ прозасы бұрын-соңды болмаған даму деңгейіне көтерілді. Замана ағымының қилы кезеңдерінде ширап-шыныққан сөз өнерінің тақырыптық тұрпаты үздіксіз жаңғырып, жаңаланып, дамып отырады. Ел басына түскен қиындықтар ұлттың сана-сезімінің, ұлттық идеяның дамуына түрткі болды. Сондықтан да ұлтымыздың рухы биіктеп, еңсесі көтерілгенде әдебиетіміздің де қайта толысып, кемелдену дәрежесіне жеткен кезеңдерінің бірі өткен ғасырдың 50-60 жылдары аралығы еді. Осы кезеңде төл әдебиетімізде әлемдік классика үлгісіне тең келетін көркем шығармалар легі дүниеге келді.

Содержание работы

КІРІСПЕ......................................................................................................................3

1. Х.Есенжанов романдарындағы тарихи шындық және дәуір сипаты
1.1 ХХ ғ. 50-60 ж.ж. қазақ тарихи роман дәстүрі және Х.Есенжановтың шығармашылық өмір жолы........................................................................................6
1.2 «Көп жыл өткен соң» дилогиясының көркемдік және тарихилық сипаты........................................................................................................................35
1.3 Дилогиядағы ұлттық идея және кейіпкер болмысы.........................................41


2. Х.Есенжановтың «Көп жыл өткен соң» дилогиясындағы зиялылар образы
2.1 Ағайынды Жүнісовтердің тарихи-көркемдік бейнесі......................................56
2.2 Х.Есенжанов романдарындағы тарихи тұлғалар бейнесі................................63

ҚОРЫТЫНДЫ........................................................................................................67

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ........................................................................69

Файлы: 1 файл

Х.Есенжанов Көп жыл өткен соң.doc

— 480.50 Кб (Скачать файл)

Ел болып, еңсе тіктеу – қазақ халқының алдындағы басты мақсаттардың бірі еді. Ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың аманаты осыған саятын-ды. Алайда бостандық таңының атуы тым-тым ерте болатын. Қаншама ел басқарушы тұлғалар, хандар мен сұлтандар, билер мен батырлар өз елінің азаттық алуы үшін өз бойларындағы қайрат-жігерін, аузындағы асыл сөзін, ойындағы орамды дәлелдерін жүзеге асырмақ болды десеңші!

ХХ ғасырдың басындағы кең-байтақ еліміздің талайлы тағдыры өз шешімін тапқанымен, ел болудың қиямет-қайымы әлі де түгесілмеген-ді. Елдегі азамат соғысы елдің бірлігі мен ынтымақ таныта тіршілік жасаған тірлігіне сызат түсірді. Большевиктердің азаттығына, ақ казактардың монорхияны жамап-жастануға деген ұмтылысына, өз халқымыздың автономиялық құрылымды бетке алған іс-әрекеттеріне қарсылық атаулысы әлі де аз емес-ті.

Қайткенде ел боламыз? Қайтсек, қазақ болып қаламыз? Мінеки, бұл сауал көзі ашық, көкірегі сайрап жатқан ел жақсыларын әрдайым толқытты. Осы сауалдарға жауап іздеумен күн кешті, түн толғанды. Жеке-жеке уалаят болу, жеке-жеке хандық құру – Крыловтың бақа мен шаян және аққу секілді мысалының керіне әкеліп соғатынын олар да жақсы білді.

«Қазақты жіктеу, алауыздыққа айналдыру – ел ептеу. Қазақ бауырмал халық, рақымшыл халық. Атаны бала, ағаны іні жағадан алатын зұлымшылдық қазақтың қанында жоқ. Қазақ қарындасқа жақсылық етумен қазақ атанған. Қай заманда  аштан өліп, көштен қалған қазақты көрген едің? Қай заманда әділетке жүгінбей жақынды жақтап, жаманды даттаған қазақты көріп едің? Жақынды жұтып, ағайынның жүнін түтіп жеу ашынған қарашекпен мен жанынан безген заводшыдан шығады. Ол сені ертең алдымен жұтып қояды. Өз тілін, өз абыройын сақтамаған, өз жақсысын таптап келе жатқан, өз байлығын обып келе жатқан көп тобыр қолыңды қол, бұтыңды бұт етіп жоқ етеді...»[6, 149].

Халелдің осынау сөзі, ой-пікірі көп жәйтті аңғартады. Әрине, бұл тұжырым қарымды қаламгер дүниетанымының ауқымдылығын, көзқарасының кең көлемділігін сездіреді. Шынында да, болашақ бақытты болады деген сенімнің күндердің күнінде бос қиялға айналғанын өмірдің өзі көрсетті. Большевиктер орнатқан қоғам ұлтты ұлықтап, ұйыту орнына екі қарама-қарсы тарапқа, тапқа, топқа бөлді. Ынтымақ пен жасампаздықтың, бірліктің үлгісін көрсетуге тиіс ұлт атауы табанасты күй кешті.  Бопсаланды. Қара күйе жағылды. Ұлттың іргесі сетінеді. Белгілі бір ұлт ұлт болудан қалды. Әлжуаз халге ұшырады. Бұл да тарихи шындық. Кеңестік тарих ұлтты ұлықтау орнына оны ушықтыра түсті. Ұлтының ұлағатын ұлықтаған ұлдары жаншылды. Атылды. Айдалды. Қуғынға ұшырады.

Аласапыран уақытта ел билігі үшін күресіп жүрген топтар елден өз әскерлері үшін жігіттер жинап, оларды қатаң тәртіпке үйретуі де, әрине, заңды. Бірақ бұндай күрделі де қиын жұмыстың әп-сәтте-ақ орындалуы оңай еместігі шығармадағы оқиғаларға сюжет болған эпизодтардан анық аңғарылады. Осы орайда жазушы әрбір детальды, эпизодты құрғақ баяндау немесе публицистикалық сипатта өрбітпей, композициялық тұтастықты, шынайы шығармашылық тәсілді ұтымды пайдаланады. Оқырманның көз алдында тарихи шындық өзіндік шынайылықпен өріле түскен.

Роман-трилогияда иман, дін, ислам мәселелері ашық айтылған. Дінге қарсы мемлекеттік деңгейде бітіспес саясат жүргізген кеңестік жүйе не үшін көркем әдебиетке еркіндік берді? Бұның басты себебі – ХХ ғасырдың 60-жылдарында алып кеңестік елдің қоғамдық-саяси өміріне «жылымық» кезең елеулі ықпал етті. Жеке адамға табыну зардаптарынан арыла бастаған ел дін мәселесін де еркін ойлауды жүзеге асырды. Әрине, бірден емес. Бірте-бірте. Соның көрінісі, әсіресе, өткен ғасырдың жылдарындағы көркем әдебиетте айрықша көріне бастады. Соның бір айғағы Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» атты кең көлемдегі роман-трилогиясы. Кеңестік жүйе екінші жағынан, дін – апиын, дін – адам санасын уландырушы ілім деген тұжырымнан бір елі ажырамағанын да естен шығармаған жөн.

Сонымен, тарихи шығармада аласапыран уақыттағы адамдар тағдырының толқынысы діни мәселе арқылы былайша суреттеледі: «...Түрлі- түрлі пітна толар деген. Сауық-сайран молаяр деген. Есірткіш шарап ішушілер толар деген. Зинашы хатунлар ерлерді аздырар, жалғаншы жандар ізгіні аздырар деген. Атаға – бала, анаға – қыз қарсы тұрар деген. Харам мен халалдың айырмасы жоғалар деген. Малдыға малсыз ұмтылар деген. Қазидің хүкіміне, хакімнің әміріне бой ұсынбас, исламның бес парызынан бас тартар деген. Соның үшін, жамағаттар, Мәсжидке жиналыңдар, мүридтер, сопылық жолынан таймаңдар. Мұсылмандар парыздарыңды мұқият өтеңдер. Басшы болған азаматқа дұға етіңдер. Діннің, қазақ халқының мерейі үстем болсын! Әумин» дейді бас имам Қуанай хазірет» [6, 214].

Замана және адамдар жайлы XV ғасырда өмір сүрген ақын-жыраулар да айтардай-ақ айтып кеткен. Кейбір оқиғалар мен жағдаяттардың, құбылыстардың қайталануы, жаңғыруы, адалдық пен арамдық, жақсылық пен жамандық, әділдік пен сатқындық, қуаныш пен реніш, сағыныш пен безбүйректік, адалдық пен аярлық секілді мәселелерге адамзат қоғамы тіршілік еткен кезде әр ұрпақ өз биігі тұрғысынан тиісті баға беретіндігі, әрине, заңдылық та.

Көрнекті жазушы Хамза Есенжановтың шығармалары халқымыздың өмірінде елеулі із қалдырған оқиғалардың шынайы да, көркем суреті. Белгілі әдебиетші, қаламгер-сыншы Әнуар Дербісәлин де трилогия соңында жазған өз мақаласында жазушы өмірі мен шығармашылығы туралы айта келіп, туындының үлкен прозамызға қосылған кесек шығармалардың бірі деп әділ баға береді.

Жазушы шығармашылығының арқауы – шындық екендігіне көзіқарақты оқырманның көзін жеткізу автордың да басты міндеті болғаны анық. Жазушы, шын мәнінде, өз оқырманына, қазақ әдебиеті әлеміне мықты да сүйекті ірі дүниелерді сыйға тартыпты. Бұл баршамыз үшін баға жетпес байлық екендігіне ешбір шүбә жоқ.   

 

1.2 «Көп жыл өткен соң» дилогиясының көркемдік және тарихилық сипаты

ХХ ғасырдағы қазақ прозасының ең көрнекті өкілдерінің бірі, сөз жоқ, жазушы Хамза Есенжанов екеніне ешкім дау айта алмас. Қаламгердің «Ақ Жайық» трилогиясы, «Көп жыл өткен соң» роман-дилогиясы қазақ романының алтын қорына қосылған асыл туындылар екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Қазақ ұлттық энциклопедиясында Хамза Есенжанов туралы былай деп жазылған: «Жазушының басты шығармасы – «Ақ Жайық» трилогиясы Батыс Қазақстандағы тұтас бір кезеңнің оқиғаларына арналған. Автор отарлық езгіден қиналған халық бостандығы мен бақыты үшін күрескен ерлердің жиынтық бейнелерін (Хакім, Әлібек, Әділбек, Мұнариа, Шолпан, Нұрым) жасаумен қатар, нақты тарихта болған адамдардың (Дмитриев, Әйтиев, Қаратаев, Белан, т.б.) өмір жолын шебер суреттеді. 1963 ж. трилогияның заңды жалғасы болып табылатын «Көп жыл өткен соң», ал 1970 ж. «Ағайынды Жүнісовтер» романдарын жазды. Соңғы екі кітапта жаңа өмір құрған елдің сан қырлы тұрмыс-тіршілігі мен әділет үшін күресі, адамның азамат ретінде қалыптсуы бейнеленген. «Ақ Жайық» трилогиясы мен «Көп жыл өткен соң» роман-дилогиясы 5 кітапта тұратын тұтас эпопея іспетті»[1, 316].

Бұл ғылыми мәліметтен көретініміз бүгінгі ұрпақ игілігіне қалдырған әдеби мұрасы халық жүрегінде қалтқысыз сақталар қалаулы қаламгерлеріміздің бірі – Хамза Есенжанов.

Бұдан бірер жыл бұрын «Жалын» альманағы жан тебірентер бір естелік  жарияланғаны бар. «Жазушының жұбайы София Тастемірова қазір жарты ғасыр өмір сүріп үлгергендер шыр етіп жөргекке түсерде жазықсыз жазаланып, елінен, жерінен аласталса да, қорланған намыс пен сарыуайым шеріне берілмей, сәті келген сағатында, күндердің күнінде әділдік шырағы бір төрелігін айтар деп жарық дүниеге үмітін, келешекке сенімін сүйеніш тұтқан сергелдең тағдырдың он жеті жыл бойғы ізгілік іздерін жұртшылыққа аян етті. Қалың оқушыға беймағұлым ең қысталаң, қиын кездерде дәм-тұз бөліскен мұндай жанашыр, жақын адамдар жазбаларымен, уақыт сынынан өткен қастерлі қазынан жаңа бір қырларын талқы таразысына тартар замандастар, тұрғыластар көзімен, жеткіншектер көзқарасымен күні кешелер халқымыз сексен жылдық мерей жасын тойлаған Хамза Есенжановтың суреткерлік, адамгершілік портреті жан-жақты мүсінделе бермек» [7. 47].

Өнер жолын сонау коллективтендіру кезеңінде қаршадай жасынан бастаса да, заманы дарытқан қиянат-зорлықтың кермек сорын тата келіп, өкінішті ұзақ үзілістен кейін, алпысыншы жылдар қарсаныңда ғана өзінің көркемдік кемел ойын том-том ғұмырлы кітаптарға айналдыра бастаған қаламгер елу бесінші жылғы азаттық таңынан кейін қалай жұмыс істегенін, келер ұрпаққа ғибраттар сыйлағанын біразымыз жақсы білеміз. «Ақ Жайық» жарыққа шығып, халыққа тараған соң, өліп кетсем де арманым жоқ» деп бойындағы парасат - білім байлығы, қажыр – қайраты мен қолындағы қаламына жүгінген тума дыран сол мұратына жеткен. Көзі тірісінде халқынын құрметіне бөленіп, «Ақ Жайық» трилогиясы үшін кезінде  - 1967 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығымен жоғары бағаланған. Сол өрісті, эпикалық туындылар шындығы бауырластырған ғажайып тағдырлар көрінісі – қағазға түсуі бұрынырақ болғанымен, жариялануы кейін, жұртшылыққа танымал «Көп жыл өткен соң» романында суреткерлік жалғасын тапқанын ата кету орынды деп білеміз.

Х.Есенжанов романдары – туған әдебиетіміз қорын байытқан, халқымыздың революцияға келу жолы, Азамат соғысы, колликтивтендіру дәуірі, жаңа іргесін қалаған азаттық ерлерінің ауыр да азапты тағдыры, сұсты, сұрапыл жылдар, тап тартысы қаз-қалпында бейнеленген тарихи таным шежіресі. Ақтар мен ұлтшылдар бүлігі Оралда жаңа орнаған жас Совет үкіметін құлатып, бостандық шеруін қанға бояйтын он сегізінші жылғы қаралы оқиғадан бастап, біз еркіндік жорығының, социалистік құрылыс құбылыстарының отызыншы жылдар дейінгі қилы кезең, қатерлі белестерін көз алдымыздан өткереміз. Әділет жақтаушысы Жүніс қажы үрім-бұтағының – төрт ұлы Хакім, Нұрым, Әлібек, Әділбектің тағдыр жолын арқау ете отырып, жазушы қоғамдық, әлеуметтік ірі сілкіністер дәуіріндегі кескілескен кереғар мүдделер тартысын, сана-сезім күресін, ел, жер, заман өзгерісін, жаңару, түлеу ерекшеліктерін мейілінше нақты халықтық характерлер шындығы аясында жан-жақты мүсіндеген, белгілі революционерлер Ә.Әйтиев, М.Исмағамбетов, әйгілі юрист Бақытжан Қаратаев, жаңа бетбұрыс жасаған қалың бұқара өкілдері Мәмбет, Қажымұқан, соларға қарсы, өзгеше ұғымдар сойылын соғушы Досмұхамбетовтер, Абылаев, Шұғыл, шырғалаң тағдыр Құныскерей – біз қайшыласқан тағдырлар сайысына куә боламыз.

«40-50-60 жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы» атты еңбекте жазушының өмірбаяны, шығармашылығы хақында мынадай мәліметтер берілген: «Өз халқының өткен жолын, елдік, ерлік тарихын, атадан балаға жалғасқан адамгершілік, ізгілік дәстүрлерін жете сезінсем деген бүгінгі ұрпақ, келер буын ешқашан ескерусіз қалдыра алмайтын Х. Есенжанов романдары оқушы жүрегіне жол табуы ғана емес, жүзін жел шалмас көркемсөз қадір-қасиетін бағалай білетін заманымыздың талай әулие-ойшылдары назарына да дер кезінде іліккен. «Европа үлгісімен жазылған біздегі бірінші роман» деп алғашқы кітаптарымен-ақ Мұхтар Әуезовті қуанышқа кенелткен «Ақ Жайық» Михаил Шолоховты да жасандылықтан ада, шынайы шыншылдығымен толғандырған» [8, 128].

Жоғарыда келтірілген пікірді ғалым З.Серікқалиевтің көзқарасы бойынша жалғастырсақ: «Осы баға – баға! Өнер байлығын салмақтап талдап, насихаттауда бізде қаншама мамандар еңбек сіңірді. М.Қаратаев, Х.Жұмалиев, Ш.Елеукенов, Х.Әбдібаев, М.Атымов, М.Мағауин сияқты ондаған талғампаз әдебиетшілер қауымы Жайық дариясының тереңдік қайнары мен қайырлайтын қайраңдарына дейін біршама сөз еткен тәрізді. Біз өз тарапымыздан «Жылдар сазы» дейтін арнайы зерттеу жұмысын да жарияланған болдық.

Бірақ таулы өңірде өскендердің бәрі тау басына шыға бермейді. Жұрт шетінен альпинист емес. Таным-дәрежеміз әр деңгейлігі өз алдына, оның үстіне жазушының әдеби мұрасы жылдар жотасында сүрленіп, халқына түгел жетіп болмаса, Х. Есенжанвотың суреткерлік мәдениетін жан-жақты саралап жетілдік деп айта алармыз ба?

Жұртшылық біле бермеуі мүмкін, мендеткен сырқатқа мойымай, өмірінің соңғы сәтіне дейін қаламын қуат тұтқан қайсар талант халқы алдыңда азаматтық парызын абыройлы өтеп кетті деп көнілің көнши сөз етуге – осы кітап қолдарыңызға тигеннен кейін ғана – тек қазіргі мүмкіндігіміз тұрғысында біздің енді дерегіміз жеткілікті. Жетпісінші жылдар басында «Жұлдыз» журналының екі-үш санында ықшамдалған нобайын жариялап, көзі қол жазбасын түгел жарыққа шығара алмаса да, жазушы бүкіл ғұмырын сарп еткен күретамыр тақырыбын – азаттық күресі, жаңару шежіресін көздеген көмбесіне жеткізіп үлгерген. Коллективтендіру кезенің қамтитын «Көп жыл өткен соң» дилогиясының мына екінші кітабы «Жүнісовтер трагедиясының» ақырғы сөйлемін қағазға түсіріп, еліне, ізбасар ұрпағына аманат етіп кеткен. Сол аманат қайтарылмаған қарыздай күні бүгінге дейін біздің мойнымызда зіл-батпан жүк болып келген.

Жолы ауыр шығарманың бірі осы екен. Кешегі күндердің – отызыншы жылдар сұмдығын, әділін  айту шектеулі кезеңнің, тоқырау заманының қос үрей сақтығы баспаға дайындар тұстарда шыншыл романның жан тебірентер оқиғаларының, ойлы толғаныстарының бәрін аяусыз сылдырып, қалың жұртшылық көзінен көп шындықты көлегейлеп қалдырыпты. Қолжазбаның тең жартысына жуығы жұлмаланып қысқартылып, аты да, заты да өзгеріп, «Ағайынды Жүнісовтер» деген тақырыппен қанқасы ғана жарияланған 1977 жылғы басылым жазушы шығармаларының кейінгі алты томдық жинағында да сол қалпы қайталана салған. өнер туындысы кейіпкерлеріне айналған Сәкен Сейфуллин, Бақытжан Қаратаев, Ғабит Мүсірепов сынды халық перзенттерінің жанын сыздатып, қабырғасын сонау қысталаң заман қайшылықтарын қадірмен оқушы енді, міне, «Жүнісовтер трагедиясының» алдарыңызда жатқан тұнғыш кемел нұсқасы бойынша жан-жақты таныса алады.

Сөз бұйдаға салмай осы игілікке тезірек жету үшін де, әрине, алқалы топ, айтулы мамандар назарын аудартар кезінде талай ұсыныс-тілектер баспасөз кқрінгені бар /«Жетісу», 22 декабрь, 1988/. Сол тілектерді ескерусіз қалдырмай, романды қайталап жариялау туралы «Жазушы» баспасының шешімі, сөз жоқ, қалың жұртшылықты қуанышқа кенелтері даусыз» [9,189].

Адамдар тағдыры тәлкекке түскен асыра кезеңінің жалпы ауа-райын бүкпелемей, қаз-қалпында жеткізген сыршыл шығарманың өн-бойынан сылынған ашық әңгімелер мен авторлық толғаныстарды біз мүмкіндігінше көп келтіруге тырыстық. Ең өкініштісі, романның кейінгі «Хакімдер» бөлімінің соңғы бес тарауы, эпилогі, яғни бүкіл «Ақ Жайық» трилогиясының, «Көп жыл өткен соң» дилогиясының ақырғы қорытынды көріністері шорт кесіліп, оқушыға бұрын сұлбасы да жетпеген. Кейінірек тек, жазушының мүшелтойы тұсында бұрын-соңды жарияланбаған қайсыбір хикаялар желісі үзінделер түрінде болса да «Жұлдыз журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көруін ұмытылмас өнер туындысында жанашырлық, қамқорлық деп бағалау керек-ақ.

Информация о работе Х.Есенжановтың «Көп жыл өткен соң» дилогиясындағы қазақ зиялыларының бейнесі