Әзілхан Нұршайықов шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік идеялар

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Мая 2015 в 18:13, дипломная работа

Описание работы

Зерттеудің көкейкестілігі. Қазақ елі өз тәуелсіздігін алғалы дамыған 50 елдің қатарынан көрінуді мақсат етіп, жаһандық кеңістікке бет бұруда ертеңгі ел тізгінін ұстар ұлттың ұрпағына сапалы білім алу мен оларды жан-жақты, саналы тәрбиелеудің қыр-сырын аша түсуге, жетілдіруге күрделі міндеттер жүктейді.
Адам тағдыры мен ұлт тағдырын қоғам талабына сай құру мәселесі еліміздің «Білім туралы» заңында: «Білім беру жүйесінің міндеті – ұлттық және адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін жағдайлар жасау» [1, 16-б.] – деп, айқын көрсетіледі.

Содержание работы

КІРІСПЕ .....................................................................................................3

ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕЛІК ИДЕЯЛАРДЫҢ ТАРИХИ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ ...............................................................................................10

XX ғасырдағы саяси-әлеуметтік жағдайлардың Әзілхан Нұршайықов дүниетанымының қалыптасуы мен шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік идеяларға әсер ету факторлары.............................................10

Әзілхан Нұршайықов шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік идеяларды талдауға негіз болатын әдіснамалық тұғырлар мен ұстанымдар, педагогикалық тұжырымдар...................................................................29

Әзілхан Нұршайықов шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік идеялардың мәні, жүйесі, құрылымы және мазмұны...........................59

ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕЛІК ИДЕЯЛАРДЫҢ МАЗМҰНДЫҚ СИПАТТАМАСЫ

Шығармаларында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы батырлар бейнесі арқылы азаматтыққа, ерлікке, отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу идеясы...........................................................68

Махаббат, қызық мол жылдар», «Мәңгілік махаббат жыры» шығармаларындағы адамды сүю идеясы...............................................80

Әзілхан Нұршайықов шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік идеяларды оқу-тәрбие үдерісіне ендіру жолдары.................................................100

ҚОРЫТЫНДЫ ......................................................................................132
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ ....................................134
ҚОСЫМША ...........................................................................................

Файлы: 1 файл

АРАЙЛЫМ ДИСС-Я.doc

— 1.13 Мб (Скачать файл)

Қаламгер өзінің алғаш әдебиетке деген ықыласын «...Хат білмейтін қаршадай күнімде «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Тәуке батыр», «Түсіпхан» қиссаларын жатқа айтып жүрдім. Ал хат танығаннан кейін «Батырлар жыры», «Халық поэмалары» дейтін екі үлкен кітаптың бір сөзін қалдырмастан және жаттап алдым» дейді [47-б. Нұршайықов Ә. Автопортрет. (Әдеби портреттер, естеліктер, әскери жазбалар), Алматы, «Жалын», 1977, - 200 б.]. Өзі алғаш білім алған «Ақбұзау» орта мектебінің мерекелік кештерінде басқа балалар тақпақтар айтып, ән орындар болса, ол «Қобыланды», «Ер Тарғын» сияқты батырлар жырлары мен «Қыз Жібек» сынды түрлі лиро-эпостық жырлардан ауылдастарының сұраныстары бойынша үзінді оқып разы ететіндігін кейінгі сұхбаттарында айтып жүр.

Алғашқы шығармашылығы да жас күнінде жаттаған қисса-жырлардың әсерімен өлең жазудан басталған. Балаң өлеңдер аудандық, облыстық газеттерде, республикалық «Октябрь балалары» газеті мен «Пионер» журналында басылып тұрған. Кейбір өлеңдерінің кемшілігі мен жарамайтындығы туралы атақты ақындар мен журналистерден арнайы ақыл-кеңеске толы ынталандыру хатын алған да ауылдағы бірінші оқушы болды.

Бала Әзілхан жастайынан үнемі адамгершілік пен ізгілікке, адалдық пен тазалыққа бағытталған идеяға қаныққан шығармаларды оқып, бойға сіңіре білгендіктен, өзін жақсылықтың жаршысы, кемшіліктің күрескері ретінде таныта білді. Оның он төрт жасында еңбек тәртібін бұзған колхозшыларды сынға алып жазған «Сірнешілер тобы» атты алғашқы жариялаған мақаласы атына «Пионер Әзілхан» деген есіммен Жарма аудандық «Социалистік еңбек» газетінде жарияланып, аудандық партия комитетінде талқыланып, сол кездегі колхоздың төрағасы, Әзілханның әкесі Нұршайық Амангелдинге сөгіс беріледі. Ал мақалада сынға алынған сірнешілердің бірі әкесінің туған інісі болатын. Әкесі бұл жөнінде ештеңе демесе де оның есесіне сазайымды ағам берді дейді жазушы. «Аудандық газетте шыққан менің мақаламды оқығаннан кейін ағай: «Ой, күшік!» - деп, мені комбайн сатысынан жерге қарай лақтырып жіберді. Топырақ қауып, тақтаның ормасы бетімді жыртып, қан-қан болып мен қалдым... Ақиқатты айтқаным үшін алғашқы таяқты осылай жедім. Оның есесіне сол мақала менің ауыл тілшісі ретіндегі даңқымды бүкіл ауданға жайды. Ал адамға даңқ келгенде жеген таяғы есте тұра ма? Біраздан кейін мен де оны ұмытып кеттім» [49-б] деген алғашқы мақаласы туралы естеліктерінде.

 Осылайша, тәртіп пен тазалықтың, адалдықтың жағында болған мектеп  оқушысының өмірге деген бағытына  оқыған әдеби шығармалары әсер  еткендігін өз мысалдарынан-ақ  көре аламыз. Ғабдол Слановтың  «Арман ағысы» атты кітабын оқып, сондағы жер байлығын іздеуші инженерлердің өмірі қызғылықты, тартымды суреттелгендіктен, 1938 жылы жеті жылдық мектепті бітіріп, Алматыдағы тау-кен (қазіргі политехникалық) институтының  жұмысшылар факультетіне емтихансыз қабылданады. Бірақ, сабақтың тек орыс тілінде өтетіндіктен, оқу қиынға түседі. Бір жыл оқиды да келесі (1939) жылы Семей қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищеге түседі. Бұл Әзілхан Нұршайықовтың педагогикалық білімінің бастауында тұрған оқу орны екендігін басымдылықпен айтуымызға негіз болады. Педагогикалық училищеде оқып жүріп ол Семейдегі кітапханаларға барып, жаңа әдебиеттермен танысады. Училищенің кітапханасы мен Н.В. Гоголь атындағы қалалық кітапхананың тұрақты оқырманына айналады.

Училищедегі ақындармен болған кездесу оған дейін ақын атанып жүрген бозбаланың дүниетанымына басқаша ой салады. Өзінің ақындық мүмкіндігін табиғи физиологиялық ерекшеліктермен байланыстырып жүрген теріс ұғымын басқа қырынан түсінеді. Училищені бітірген соң, Семей педагогикалық институтына қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түседі. Аталмыш оқу орнында ол есею мен таным-түсінігін кеңейтуге көп мүмкіндік табады. Алғашқы табиғи сезім – махаббатын да осында кездестіреді және сол тапқан махаббат сезімін әлі күнге көкірегінде сақтап, аялап келеді.

Бұл қаламгер Әзілхан Нұршайықовтың ес біліп, болашақ тәлім-тәрбиелік идеяға толы шығармашылығына бастау болған жазушылық өміріне қалыптасуының оқушылық кезеңі болатын. Біз тәлімгер-жазушының педагогикалық идеяларының қалыптасуын педагогика тарихымен шендестіре отырып, төрт кезеңде бөліп қарастырдық (1-сурет).

 

Тарихи кезеңдер

С и п а т т а л у ы

1-кезең

Оқушылық кезең

(1930-1941 жж.)

1930-1938 жж. Семей облысы, Жарма ауданы, «Ақбұзау» ауылы

1938-1939 жж. Алматы қаласы, Тау-кен  институты

1939-1940 жж. Семей қаласы, Абай атындағы педучилище

1940 жылы Семей педагогикалық  институтының студенті

1940-1941 жж. «Қызыл Ту» орта мектебінің  мұғалімі

2-кезең

Соғыстағы кезең

(1941-1945 жж.)

1941-1942 жж. Алматы қаласы, 76 мм. артдивизион  жанындағы дайындық курсы

1942 жыл Калининград майданы 

1943 жыл Великие Луки, Невель қалалары

1944-1945 жж. Украина: Волынск, Белоруссия: Брест, Польша: Варшава, Германия: Тухель, Торн, Штетган, Данциг, Висмар қалаларын  азат ету

3-кезең

Журналистік кезең

(1947-...1978)

1947 жылы Семей облыстық «Екпінді» газеті

1949 жж. «Социалистік Қазақстан»  газеті

Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы

4-кезең

Жазушылық кезең

(1979 жылдан)

ҚазКСР Энциклопедиясында ғылыми қызметкер

 Ғылым академиясындағы ғылыми –зерттеу институында ғылыми қызметкер;

«Махаббат, қызық мол жылдар» романы

«Ақиқат пен аңыз» романы

 «Мәңгілік махаббат жыры»  романы


 

Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың тағылымға толы өмірі мен шығармашылығында басты орын алатын Ұлы Отан соғысы жылдары. Бұл – жазушының өмірінің қалыптасу мен шыңдалу мектебі болған 2-тарихи кезең. Ел басына күн туған нәубет жылдар 1941 жылдан соғыстың ақырына дейін қатысқан Әзілхан Нұршайықов жауды жеңіп, жеңіспен оралған батыр ағаларымыздың бірі. Ол өзінің соғыстағы көрген ерлігі мен батырлықтарын  жас ұрпаққа насихаттау үшін қаламына арқау етті.

Соғыс басталысымен-ақ, арнайы дайындықпен әскери жасақталу қолға алына бастайды. Жазушының айтуынша, 1922 жылы туған қазақ жастары 100-ұлттық атқыштар бригадасында болған. Ашқыштар бригадасы – шағын әскери құрама. 1941 жылдың аяғына дейін 159 атқыштар бригадасы жасақталған. Бір бригадада 3-4 атқыштар батальоны, артиллерия және миномет дивизиондары, автоматшылар ротасы, арнаулы әскери және тыл бөлімдері, барлығы 4 мыңнан 6 мыңға дейін адам болады екен.

100-дербес атқыштар бригадасының 1942 жылғы 3 ақпандағы №27 бұйрығында  «76 мм. артдивизион жанындағы дайындық  курсын аяқтаған Нұршайықов Әзілханға  артиллерияның кіші сержанты  атағы берілсін» [8-б. Нұршайықов Ә. Боздақтар. – Алматы: «Санат», 2005. -272 б. 24 бет илл.] - деген, 14 жауынгердің ішінде жазушының да аты-жөні көрсетілген дерек-мағлұмат бар.

100-атқыштар бригадасы бірде  «қазақ атқыштар бригадасы», бірде  «ұлттық атқыштар бригадасы»  деп аталады, бұл жөнінде Ә.Нұршайықов өзінің «Боздақтар» атты жинағында «Біздің 100-қазақ атқыштар бригадасы КСРО Қорғаныс Халық комиссариатының «Ұлттық атты әскер дивизияларын және ұлттық атқыштар бригадаларын жасақтау жөніндегі» бұйрығының негізінде 1941 жылы желтоқсанның басында құрылған. Оның ұлттық құрамының 86 проценті қазақтар, 11 проценті орыстар, қалған үш проценті украиндар, белорустар, татарлар және басқа ұлт өкілдері болды» (8-б).

Жазушы соғыс кезінде де күнделік жазуды тастамаған. Бұл тарихи нақтылыққа және соғысқа қатысқандар жөнінде мағлұматтар алуға таптырмас мәлімет болғанын аңғару қиын емес. От пен оққа оранып жүріп жазылған мына жолдар соғысты көз алдыңызға әкеледі: «25.Х.1942 ж. Таңертеңгі сағат 8-ден кешкі 5-ке дейін жабық позицияда фашистердің алдағы деревнядағы бекінісіне үздіксіз оқ аттық. Бір сағат тыным тапқанымыз жоқ. Менің бірінші зеңбірегімнің жалғыз өзі 203 снаряд шығарды. Сонда біз бүгін фашистерге ыстық снарядтан 1624 килограмм сәлемдеме жіберіппіз. Бұл 1,5 тоннадан асады. Ал батареяның қалған үш зеңбірегі аз дегенде үш тонна снаряд атты. Сонда біздің 2-батарея фашистермен шайқастың алғашқы күні төбесіне 4,5-5 тонна снаряд төкті. Бұл аз шаруа емес. Кей кездерде зеңбірек стволы қып-қызыл болып, отқа салған темірдей қызарып кетеді. Қол тигізуге болмайды. Әзірше бізден шығын жоқ. Кешке қарай алғы шептегі 3-батареяның взвод командирі Көшековтің өлгенін, бір зеңбірек көздеуші мен бір затвор ашушының жаралы болғанын естідік» [Боздақтар 12-б].

Кіші командир Әзілхан Нұршайықов соғыс жағдайында өзін жан-жақты қатал тәртіпке көндіре білген және өзіне талап қойғыш жан ретінде танылады. Ауыр зеңбіректі басқарып, жаумен соғысудың өзіндік қиыншылығы болатындығы өз алдына, күнделік жүргізуі – айтуға тұрар шығармашылық әрі талапшылдық. Оның үстіне майдандағы қазақ тілінде шығатын (әуелде төрт беті де қазақша шығады да кейінен жартысы орысша шыға бастайды) «Сталин үшін, алға!» атты әскери газетке тілшілік қызметті қоғамдық жұмыс ретінде қоса атқарады: мақала, өлеңдер жазады. Оның соғыста ерлік көрсеткен қазақ батырларына арнаған бірнеше шығармалары әскери дала газеттеріне және еліміздегі республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттеріне жарияланып, елдің рухын көтеруге, жауынгерлердің айбатын асқақтатуға үлес қосты.

Жоғарыдағы күнделікте баяндалғандай, ұрыста ерлікпен өлген лейтенант Көшеков Қажымға арнаған «Өсиет» атты өлеңі батырдың өлер алдында артында қалған жолдастарына қалдырған өсиеті ретінде жазылған:

«Алға қарыс бассаң бас,

Сүйем кейін шегінбе,

Әдет жоқ ондай тегіңде!»

Деп, лейтенант Көшеков

Қайтыс болды ерлікпен,

Ұлы жолдың төрінде» - деген жолдар қазақ жауынгерлеріне ұран сынды болды. Осы өлең және Кеңес Одағының Батыры атағын алған Мәншүк Мәметованың қабірі басында оқыған “Жан құрбы” деген жоқтау жыры «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланды. Сондай-ақ, 1944 жылы 100-ші қазақ атқыштар бригадасы жауынгерлерінің майдан даласында көрсеткен ерліктерін баяндаған үлкен мақаласы да осы газетте шықты.

Әзілханның өз ерліктері мен майдандағы шалымды шығармашылығы туралы: «Бір күні редакцияға қоңырлау, тұйық мінезді, тәпелтек жігіт келіп, өз тілегін айтуға рұқсат сұрады. Апыр-ау, бұл сол жігіт болғаны ма деп, редакция қызметкерлері алғашында сәл-пәл таңданып қалды. Шынында да біздің жауынгер авторымыз комсомолец Әзілхан Нұршайықов екен. Әскери тілшінің редакциямен достығы осылай басталды. Сол кезден бастап Нұршайықов жолдас белсенді әскери тілші ретінде, газетімізге үзбестен атсалысып келеді. Ол кейіннен өлең жазуға кірісті. Бұл салада да ол өзінің дарынды екенін көрсетті. Оның өлеңдерін солдаттар сүйсініп оқитын, қадірлейтін болды. Оның өлеңдері Отанға, Қызыл Армияға деген жалынды сүйіспеншілікке толы. Нұршайықов өз творчествосында қазақтың ұлы ақыны Жамбылға еліктейді. Онымен хат алысып тұрады... Сержант Нұршайықов – зеңбірек командирі. Жауынгерлер оны қадірлеп жақсы көреді. Ол қатал мінезді, талабы күшті, бірақ, әділ. Оның расчеты – Сахонь жолдастың бөлімшесіндегі таңдаулы расчеттардың бірі. Сондықтан да ол өткен ұрыстарда ең жауапты участоктерде болды. Неміс-фашист басқыншыларына қарсы күресте көрсеткен ерлігі үшін Нұршайықов «Батырлығы үшін» медалімен наградталды. Жас коммунист, әскери тілші, ақын әрі зеңбірек командирі, сержант Әзілхан Нұршайықов Отанымыздың хас жауын жеңу ісіне өз басының өнегесімен, жалынды сөзімен бүкіл іс-қимылымен қызмет етуде. Аға лейтенант Д. Қосанов» [ Автопортрет 164-165 бб.] - деген мақала әскери газетте жарияланған.

Ол соғыста Кеңес Одағының Батырлары Мәлік Ғабдуллинмен, Мәншүк Мәметовамен кездесті. Қазақ қызы Мәншүктің адами асыл қасиеттеріне әңгімесі мен әрекеттері арқылы тәнті болды. Соны шынайы қалпында суреттеп, батыр қыздың бейнесін биіктетті. Тағы да басқа көптеген қазақстандық батырлардың майдандағы ерлік істеріне куә болды, оларды жырлады, елдегілерге де, жауынгерлерге де үлгі етті. Ерлікті, батырлықты, отаншылдықты педагогикалық идеямен насихаттауға қаламын құрал ете білді.

Калинин майданында неміс фашистерімен қиян-кескі ұрыс жүргізіп жатқан 100-қазақ атқыштар бригадасының Қарабек Бұрышев, Әбдірахман Бимурзин, Мырзаби Ерназаров, Ыбырайым Сүлейменов, Райымжан Әшкеев сияқты жауынгерлері мен командирлерінің ерлік істерін баяндап, қазақ поэзиясының алыбы елдегі Жамбыл атамызға хат жібереді. Соңын:

Жеңіске бастап жүрді сан,

Толып жатыр осындай,

Қаһарман батыр жігіттер,

Өзіңнің шешен тіліңнен,

Бұлбұлдай тәтті үніңнен,

Ұлдарыңды кемеңгер

Әлемге айқын жырлар бер! – деп, қарт ақынның жүрегіне жол табады. Қазақтан шыққан батыр ұлдарының ерлік істеріне сүйсінерлік ой салады. Жәкең “Жүз жасаған жүректен” деген атпен 20 шумақ өлеңмен жауап жолдаған. Сол өлеңнің соңында бригада жауынгерлеріне былай деп бата берген:

Уа, қарағым, балалар!

Ер бол демей не дейін.

Ереуілді майданда,

Үстем болсын мерейің!

Жауды қырып айдауға

Талмай көмек берейін.

Дүбір қосып айғайға,

Қызыл тілді жебейін.

Сендерге өлең айтқанға,

Еш шаршадым демейін.

Қан майдан боп жатқанда,

Қарлығар ма көмейім!

Жүз жасаған жүректен,

Жырларымды төгейін.

Көктемімнің күніндей,

Жауды жеңіп, күлімдеп.

Келгеніңді көрейін!

Қаһарманым, күнім деп,

 Беттеріңнен өбейін!

Жамбыл ақынның тілегі қабыл болып Ұлы Отан соғысы да бітеді. «Мен соғыс біткеннен кейін Жәкеңе барып, ол кісінің бата-бұйрығын ойдағыдай орындағанымызды айтып, сәлем-рапорт беремін деп жүруші едім. Бірақ, ол ойым орындалмады. Өйткені, Жәкең Жеңісті өз көзімен көргеннен 44 күн кейін, жүзге жетуге жеті ай ғана қалғанда, Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін жауынгерлерге жігер беріп, Кеңес халқын Жеңіске жетектеген ұлы жүрек соғуын тоқтатыпты. Ол хабарды мен майдан даласында жүргенде естігенім жоқ. 1945 жылдың қараша айында әскерден босап, Алматыға келіп, университетке оқуға түстім. Жәкеңнің қайтыс болғанын сонда ғана естідім. Жәкеңді көре алмағаныма, қолымды шекеме көтеріп, поэзия маршалына рапорт бере алмағаныма қатты өкіндім» - дейді Әзілхан Нұршайықов [Нұршайықов Ә. Мәңгі жаса, елімнің ²Егемені! //«Егемен Қазақстан» газеті. 2008. 01. 30 ].

Өмір мен өлім беттескен қанды шайқаста болу, сол заманға қатысты барлық адамның тағдырын қилы жолға салды. Әзілхан Нұршайықовтың соғыста тартқан азабы да жетерлік болды. Соғысқа бірге аттанған әкесі Нұршайық 1943 жылдың күзінде Украина жерінде, оның інісі Ниғап Ленинград қоршауында қаза тапты. Елде қалған шешесі қайтыс болды. Ол жеңіске тұлдыр жетім күйінде жетті. Мұның бәрі майдангер Әзілхан Нұршайықовтың өмірдегі арқалар жүгін ауырлата түсті. Бойдағы таланты мен дарынын қайраты мен жігеріне жани жүріп алға, білім алуға, азамат болуға ұмтылды.

Информация о работе Әзілхан Нұршайықов шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік идеялар