Аристотель

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Октября 2013 в 17:57, доклад

Описание работы

Древнегреческий ученый Аристотель, философ, энциклопедист и основоположник логики, первым в систематическом виде изложил воззрения на душу.
Жил Аристотель в 384-322 годах (IV в. до н.э.).

Файлы: 1 файл

Аристотель.docx

— 484.27 Кб (Скачать файл)

Дүниені танудың осындай, Аристотель бейнелегендей жолы —  біріншіден, Платонның таным теориясынан, оның еске түсіру идеясынан бас тарту болса, екіншіден, танымды бірте-бірте дами келе ақиқатқа бастайтын логикалық процесс деп қарау.

Аристотель таным теориясын  осылай белгілі бір даму ретінде қарай отырып, әуелі жеке танушы субъектінің жалпыны түсінуге ұмтылатынын өзінің “Метафизика” деген еңбегінде жан-жақты талдап көрсетті. Таным процесі сезімдік қабылдаудан басталады екен. Одан соң, тәжірибеге келеді де, ол сезімдік таным процесімен тығыз байланыса отырып, санадағы жадта сақтауды тудырады. Сөйтіп, тәжірибеде адамға жеке заттар туралы білім беріледі екен. Осы тәжірибеден кейін адам білімінің практикалық негізі қалыптасады. Айталық, емшінің жалпы адамды, абстрактылы адамды емес, жекелеген индивидті емдеуден алған тәжірибесі ғылым үшін үлкен рөл атқарады. Одан соңғы танымның сатысы — өнерде, Аристотельдің айтуынша, тәжірибенің негізінде пайда болады екен. Осыған байланысты ол тәжірибе жекелеген заттарды білу болса, өнер — жалпы мен себептердің негізін білу. Осы өнерді білген жандар — дана адамдар. Өйткені олардың осы заттар туралы ұғымы бар. Олар бұл заттардың қайдан шыққанын, не себептен пайда болғанын біледі. Одан соңғы саты — ғылымдар. Олардың ең жоғарғы түрі — ұстанымдарды тануға бағытталған философия. Аристотельдің таным теориясы Гегельдің “Рух феноменологиясындағы” білімнің қалыптасу жолдарын көз алдымызға елестететінін айта кеткеніміз жөн болар.

Сырттай болса да, бұлардың өзара ұқсастығы бар. Өйткені Гегель Аристотельдің философиясынан көптеген ой-пікірлерді қабылдап алды. Бірақ ғылым, Аристотельдің ойынша, өнерден гносеологиялық немесе танымдық негізде емес, өзінің әлеуметтік белгісі арқылы ерекшеленеді. Ғылымның қоғамдық құбылыс екендігі туралы жаңа замандағы ойшылдардың көзқарасына Аристотельдің жақындап келгеніне таң қаласың.

Сайып келгенде, Аристотельдің  таным теориясы сенсуализмнен (сенсуа — латын тілінде “түйсік”) басталып, рационализмге (“рацио” — латын  тілінде “ақыл”) келіп аяқталады.

Көне грек дәуірінде осы екі ұғымның екеуі де болғаны анық. Ендеше, танымды түйсіктен, тәжірибеден ақылға, білімге, ғылымға қарай өтті деп, Аристотельдің ойын тұжырымдауымыз оның көзқарасына жасалған қиянат емес.

Әрине, сырт қарағанда солай  болып көрінері даусыз. Бірақ Аристотель “Метафизика” деген еңбегінде таным теориясындағы ойлау мен болмыстың тепе-тең келіп, шамаласпайтын болмағаны ма деген сұраққа өзі жауап береді: білім қуаты жағынан жалпыға, актуалдылығы жағынан дараға бағытталады. Міне, жалпыға ұмтылатын білімнің бәрін ойлау кезінде белгілі бір формаға түсіріп, зерттеу қажет. Сондықтан Аристотельдің форманы асыра дәріптегені ағат болғанымен, сол көне грек дәуірінде жаңа ғылымның, кейін орта ғасыр мен жаңа дәуірде ерекше рөл атқарған көптеген білімдердің сүйенер негізі болған формальды логиканы тудырды. Аристотель жасаған осы ғылымның (формальды логиканың) атқарған маңызын айтып жеткізу қиын шығар. Оның таным теориясына да, дүниетанымға да тікелей қатысы болды. Ол өзі пайда болған дәуірден бастап тек логика болып қана қалған жоқ, сонымен бірге ол әлемді, дүниені, табиғатты танудың әдісіне айнала бастады. Тек XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында классикалық неміс философиясында диалектикалық логика таным теориясы ретінде өмірге келген соң ғана, бұл логика өзінің бұрынғы әмбебапты, жан-жақты тегіс қамтыған маңызынан айырыла бастады. Бірақ жаңа заманның математикалық логикасы, тіл біліміне қатысы бар ілімдер — лингвистика мен семантикалық логикалары осы формальдық логикадан келіп шықты. Ендеше, формальды логиканың қазіргі жаратылыстану саласы мен жекелеген ғылымдар үшін әлі де өте маңызы зор екенін есімізде ұстағанымыз дұрыс.

Бірақ Аристотельдің таным  теориясы мен формальды логикасы тек рационалды, идеалды болып  шыққандықтан, олар адам туралы мәселеден  бөлініп қалды ғой?! Әсіресе, формальды логикадағы силлогизмдер мен дәлелдемелер адамнан, оның ішкі дүниесінен қол үзіп кетті емес пе деген сауал да пайда болады.

Сауалға жауап: Аристотель осы білім мен ғылым арқылы адамды тануға жақындай түседі. Бірақ бұл адамға қарай басталған жол өте ауыр, әрі қайшылыққа толы. Оның ойынша, ілім ақылды жанға ғана орналасқан. Ендеше, жанның бір түрі — ақылды жан тек адамға ғана тән. Ол денеден бөлек, оқшау өмір сүреді. Ойлау мәңгі. Өйткені, ақыл ешуақытта да жойылмайды әрі қирап талқандалмайды. Ол өте құдіретті және ештемеге бағынышты емес. Бұл теориялық ақыл. Ал енді болмысты материя және форма деп екіге бөлуге байланысты Аристотель ақылды да екіге бөледі. Оның ойынша, әрі пайымдаушы, әрі енжар ақыл бар. Сондай-ақ, әрі белсенді, әрі жасампаз ақыл да өмір сүреді. Оның бірі — материяға тән, екіншісі — формаға сәйкес келеді. Ақылдың қандай түрі болмасын, сайып келгенде, ол Құдайға келіп тіреледі.

Аристотельдің ойынша, формалардың  формасы бар. Ол — Құдай. Батыстағы  орта ғасырлық схоластиканың негізін  қалаушы Фома Аквинский “формалардың формасы — Құдай” деп ашықтан ашық айтқаны да осыдан келіп шығады.

Аристотельдің форманы дәріптеуі философияға Құдай туралы ұғымды алып келді. Формалар үш негізде өмір сүреді екен: Құдайда — актуалды және материясыз, табиғатта — актуалды және материалды, жанда — потенциалды және материясыз. Міне, осыдан келіп Аристотель білім танымнан бұрын өмір сүрген деп есептейді. Мұндай пікірдің негізі ақылдың енжар, селқос болуымен қатар, оның белсенді әрі жасампаз негізде өмір сүретінін дәлелдейді. Сөйтіп, Аристотель білімді дамып отыратын процесс деген идеясын басқаша негізде жандандыра түсті.

Аристотельдің таным теориясы мен логикасына қысқаша шолу жасай  отырып, оның адам туралы іліміне де кеңірек тоқталуымыз қажет. Өйткені ұлы ойшылдың таным теориясы мен логикасы теориялық ілім негізіне, ал оның этикасы мен практикасы, эстетикалық көзқарасы адамның қызметі арқылы іске асатын практикалық философия негізінде қаланды ғой.

Аристотель өзіне дейінгі  философтардың, ең алдымен Сократ пен  Платонның көзқарастарын талдай келіп, олардың терең ойлы пікірлеріне жүгінеді. Оның ойынша, практикалық ілімдер — этика мен саясаттың адам қызметіне тікелей катысы бар. Олар адам ойлары мен әрекетінің іске асуын айрықша айқындайды. Өйткені адамгершілік пен зерде адамның өз еркінің қалауымен тығыз байланысты. Сонымен бірге өз бетімен немесе еріксіз іс-қимылдар жасау адамның ішкі рухани дүниесіне тікелей қатысты.

Адамгершілік — адам жанының  қабылдап алған рухани сапасы. Өз табиғатынан  тыс жақсы адамның болуы мүмкін емес. Табиғат бізге игілікті қабылдайтын мүмкіндіктерді ғана береді. Содан бара-бара ол мүмкіндіктер шындыққа, шын мәніндегі ізгілікке, адам жанының жақсы сапаларының біріне айналады.

Ізгіліктерді қабылдап алу  екі негізгі процеске байланысты. Бірі — оқып білім алуға, ал екіншісі, әсіресе, адамгершілік — тәлім-тәрбиеге байланысты. Тек тәлім-тәрбие ғана адамгершілік пен зерделілікті адам бойына сіңіре алады. Аристотель бұл жерде тәлім-тәрбиеге байланысты: “Әркім өзінің мінезіне өзі жауапты” деген пікір айтты. Мұндай пікірдің кейін жаңа заманда да қайталанғанын атап өткен жөн. Жаңа дәуір ойшылдары адам өз тағдырының қожасы, ол өз драмасының актері деп бұл мәселені жаңа тарихи жағдайда жаңаша дамыта түсті.

Сонымен бірге Аристотель тәрбиешіге, яғни тәрбиелеуші адамға үлкен көңіл аударады. Оның ойынша, ең басты негізгі тәрбиеші — мемлекет және оның заң шығарушы органы. Олар осы мемлекеттегі азаматтарды тәрбиелеуде ерекше рөл атқаруға тиіс. Адам өзінің рухани кабілеттерін үнемі жетілдіре және жаттықтыра отырып, зор жеңістерге жетеді.

Сондай-ақ, Аристотель адамның  ішкі рухани сапаларын жетілдірудегі  пайда болатын диалектикалық  қайшылықтарға да жан-жақты тоқталды. Мұнда екі жаққа кететін ұшқарылық, сыңаржақтықтар бар. Аристотель бұл қарама-қарсылықтарды “аралық” және “орташалық” деп бөліп қарады. Егер осы екеуінің диалектикалық бірлігі болмаса, адамның қабілеті өз қасиетінен айырылған батпақ сиякты ортаға түседі.

Айталық, батылдықтың тым  асқан көп болуы — ессіз ерлікке, ал батылдықтың ешқандай белгісі жоқ болса, ол қорқақтыққа әкеледі. Сондай-ақ, игілік — екі қарама-қарсы шектің арасындағы ұнамды істер, ал ол екі шектің екеуі де жаман: біреуі — молшылық, екіншісі — тапшылық. Дәл сол сияқты қайырымдылық та екі түрлі жағдайдың арасындағы рухани күйлер мен қасиеттер; ол екі шеткі жағдайдың екеуі де теріс жағдай: біреуі — ысырапшылдық, екіншісі — тапшылық. Мәселен, таза ниеттілік — құмарлық пен ләззат сезімнің жоқтығының аралығы, бұл екеуінің бірі құмарлық — ысырапшылдық, екіншісі — тапшылық. Мырзалық — сарандық пен ысырапшылдықтың аралығы. Қалжыңдағы, ойын-сауықтағы тапқырлық бір жағынан, бейпілауыздықтың, бұзылғандықтың және, екінші жағынан, топастықтың аралығы. Карапайымдылық бір жағынан — тәкаппарлықтың және екінші жағынан, ұялшақтықтың аралығындағы адамгершілік қасиет. Ізгілік — бір жағынан — мақтаншақтықтың, менмендіктің, аса құмарлықтың және екінші жағынан — мүсәпірліктің аралығы. Міне, осы диалектикалық қарама-қарсылықтарды Аристотель айтқан “аралық” және “орташалық” арқылы әрі қарай жалғастыра беруге болады. Ендеше білім (мынандай сыңаржақтықтар білімнің жоқтығынан шығар) ізгіліктің негізі деген Сократтың пікірі дұрыс па? Сократ “Әркім біліммен қаруланған бойда, жақсылыққа қарсы тұрмайды” деп атап көрсетті ғой.

Мұндай қағиданың қайшылыққа әкелетінін Аристотель өз шығармаларында айқындап берді. Айталық, жақсылық пен зұлымдық туралы білімге ие болу және оны практикалық істе пайдалану бірдей емес екен. Өйткені ниеті бұзық адамдар жақсылық пен зұлымдықтың арақатынасын біле тұра, өз ойынша іс атқармай ма? Сондай-ақ, ұстамсыз адамдар қатты толғаныс, ғашықтық сезім үстінде өзінің не істеп, не қойғанын білмеуі де мүмкін. Ендеше, Сократтың ізгілік ақылдың ажырамас қасиеті деп санауы дұрыс емес. Осыдан келіп: “Сонда қалай, ізгілік пен ақыл бір-біріне қарама-қарсы болғаны ма” деген сұрақ туады.

Сократтың көзқарасын сынай  отырып, Аристотель әрине, “ақыл өте  қажет-ақ, бірақ, қайырымдылыққа, ізгілікке  жетудің бірден-бір жағдайын ол жасай алмайды” дейді. Жоғарыда айтып өткендей, батылдық — бір-біріне қарама-қарсы тұрған сыңаржақтықтардың дел ортасы. Тек практикалық, іс-әрекетте ғана адам осы ортаны таба алады. Әйтпесе, ол сыңаржақтықтардың біріне түсіп кетуі мүмкін.

Бір таңқаларлығы, осы пікірді жаңа заманда классикалық неміс философиясының іргетасын қалаушы И. Кант та қайталаған болатын. Оның ойынша, даналық пен надандықтың арасының жақындығы сонша, оның бірінің үстінде келе жатып, екіншісіне қалай өтіп кеткеніңді біле алмай қаласың.

Сонымен Аристотель өзінің адамгершілік пен парасаттылық туралы көзқарасында, Платонның жоғары игілік жалпыда, идеяда деген пікірін сынға алды. Ондай игілік адамның қолы жетпейтін нәрсе. Ал игілік сапа категориясымен алғанда — ізгілік, мөлшер категориясы бойынша — мөлшер, қатынас категориясында — пайдалылық, уақыт категориясында — ыңғайлы шақ, кеңістік категориясында — жағымды мекен-жай. Сөйтіп, игілік ешқандай да жалпылыққа жатпайды. Ол әртүрлі жағдайда, әруақытта әртүрлі. Ендеше, адамның адамдық белгісінің өзі оның зерделі қызметімен тығыз байланысты.

Жанның ақылы, Аристотельдің  айтуынша, практикалық өмірмен ұштасып  жататын болғандықтан пайымдаушы ақыл болып келеді. Пайымдаушы ақыл, бір жағынан — практикалық ақыл, екінші жағынан — практикалық ақиқат. Олар адамдардың күнделікті іс-әрекетімен сабақтасып жатады. Практикалық пайымдаушы ақыл — адамның өз іс-әрекетін белгілі бір жағдаймен сәйкестендіріп, әбден өлшеп-пішіп алып қимылдауы. Адам алдына белгілі бір мақсат қойып барып, іс-әрекетке көшеді. Сондықтан практикалық пайымдаушы ақыл байсалдылықты, сабырлылықты талап етеді. Өйткені тым құмарлыққа әуестену және сол сияқты қайғыға тым берілу практикалық ақылдың біртіндеп тоза беруіне әкеліп соғады. Ал практика үшін тәжірибе аса қажет. Сондықтан болар, жастар жағы, көбінесе, практикалық іс атқара алмай, өмірде өзінің дерменсіздігін көрсетеді. Ал практикалық іске бейім адамдар көп жағдайда отбасын және мемлекетті басқара алады. Себебі олардың практикалық іс-әрекеттері экономикамен және саясат саласымен тығыз байланысты.

Бірақ практикалық ақылды Аристотель тым асыра бағалаудан аулақ. Ол практикалықты қайырымды кеңеспен, көрегендікпен, зерделілікпен, ойлап тапқыштықпен ұштастыра қарайды.

Әсіресе, зерделілік практикалық  ақылдың қарама-қарсы баламасы сияқты. Өйткені практикалық ақыл өз әрекетін жүргізеді, зерделілік болса тек сынап-мінеу рөлін атқарады. Практикалық ақыл, әрине, ойлап тапқыштық қасиет емес. Дегенмен, онсыз практикалық ақыл өмір сүре алмайды. Ойлап тапқыштық белгілі бір мақсатты іске асыруға қажетті амал ретінде де көрінеді. Егер мақсат жақсы әрі тиімді болса, ойлап тапқыштықты мақтауға тұрарлық. Ал мақсат жаман, әрі арам ниетті болса, онда ойлап тапқыштық өте қауіпті. Міне, сондықтан практикалық ақыл мен ойлап тапқыштық бір-біріне ұдайы қызмет етуге тиіс. Сондықтан практикалық ақыл, Аристотельдің ойынша, екіге бөлінеді. Бірі — жеке тұрмыстық игілікке жету үшін қажетті практикалық ақыл, ал екіншісі — экономикалық, заң шығарушылық, саясатшылдық қызметке кажетті ақыл.

Аристотель адамдардың іс-әрекетіне ерекше көңіл бөле отырып, оны адамгершілік-саяси қызмет және шығармашылық деп екіге бөледі. Олар өзара бірлікте. Бірақ олардың арасында айырмашылықтар бар. Олардың бірлігі — екеуі де ақылды жанның пайымдаушы құрамдас бөлігі екендігінде. Ал олардың айырмашылығы — шығармашылық пен адамгершілікті айыра білумен сәйкес. Өйткені, шығармашылық — сыртқы мақсат, ол өнер үшін қызмет етеді, ал адамгершілік болса, ол адамның іштей өзіне-өзі қойған мақсаты. Өйткені адамгершілік қызмет белгілі бір мақсатты адамның өзінің қалап алуымен тығыз байланысты. Ендеше, ол адамның еркіндігімен ұштасып жатыр. Адамгершілік қызметінде адам өзін-өзі жаратады. Ал шығармашылықта адам өзгені тудырады. Ендеше, бұл екеуі бірі-бірімен өте тығыз байланысты, әрі бір-біріне қарама-қарсы практикалық қызмет. Сондықтан болар Аристотель практикалықты адам қызметінің төменгі түрі деп есептейді.

Дегенмен, адамдардың іс-әрекеті осы практикалық ақылмен тығыз қабаттасып жатады. Бірақ адам болса, Аристотельдің ойынша, дүниедегі ең тәуір жаратылған жан емес көрінеді. Сол себептен адамның қызметі басқа салада бағалануға тиіс. Ондай сала экономика мен саясат екен.

Практикалықтың осы бір әртүрлі жақтарына жан-жақты әрі жете тоқталып отырған себебіміз сонау көне грек дәуірінде өмір сүре отырып, Аристотель адам қызметінің пайымдаушылық пен зерделілік жағынан бағаланатынын көре білді.

Философия тарихы көрсетіп бергендей, пайымдау кейін келе жаңа дәуір философиясында практиканың бір-ақ жағын камтып, адам ақылының бір ғана көрінісі екенін танытты. Сондықтан жаңа дәуірдегі жаратылыстану ғылымы мен оның өкілдері осы пайымға сүйенді десек, артық айтқандық болмас.

Мұндай пікірді кезінде Гегель де өзінің “Философия тарихы туралы лекцияларында” атап көрсетті ғой. Ол тіпті, классикалық неміс философиясына дейінгі дәуірді пайымдау дәуірі деп есептеді.

Ал енді адамның қызметін кеңінен қоғам өмірімен, оның шығармашылық еңбегімен тығыз байланыстыра қарау зерделілікке жатады. Шынында да, ол тек жалаң практика арқылы емес, аса зор жан-жақты қамтылған тәлім-тәрбиемен қалыптасады. Тек зерделілік қана адамгершілікке, парасаттылыққа бастайды. Өйткені зерделілік пайымдауға қарағанда әлдеқайда зор дүниетанымды қамтиды. Ол болашақты көре білуге жол салып, адамның ойын диалектикалық ойлаумен ұштастырады. Ендеше, Аристотельдің айтуынша, саясат адамдарды адамгершілікке, парасаттылыққа тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.

Аристотельдің қоғамдық-саяси көзқарасы оның “Саясат” деп аталатын еңбегінде айқын көрініс тапты. Оның осы шығармасы “Этикамен” сабақтаса келіп, біртұтас ілім құрайды. Өйткені оның “Саясат” деген шығармасындағы адам алдымен өзінің адамгершілік қасиеттерімен ғана айрықша даралануға тиіс. Ізгі ниетсіз адам нағыз бұзылған әрі дөрекі жан. Сондай-ақ ол жыныстық қатынас пен тамаққа деген құмарлық жағынан, хайуаннан ешбір айырмашылығы жоқ жануар болып шығады.

Информация о работе Аристотель