Сөйлеу әрекетінде лексиканың әдеби тіл нормасында қолданылуы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 27 Октября 2013 в 11:36, реферат

Описание работы

Зерттеу жұмысының нысанасы - оқушылардың тілі және лексикалық құралдарды пайдалану тәжірибесі.

Зерттеу жұмысының мақсаты – лексикалық құралдардың сөйлеу әрекетіндегі қолданылу ерекшеліктерін анықтау.
Зерттеудің әдістері мен тәсілдері. Зерттеудің ғылыми теориялық негіздерін сараптау, ой қорыту, жалпылау әдістері мен бақылау, салыстыру, жинақтау және талдау әдістері болды.

Файлы: 1 файл

Дип.-Сөйлеу-әрекетінде-лексиканың-әдеби-тіл-нормасында-қолданылуы.doc

— 651.50 Кб (Скачать файл)

           Әдеби тіл туралы түсінік. Тілді  сол тілде сөйлеуші халық жасайды.  Халық тілінің ең жоғарғы формасы  - әдеби тіл. Әдеби тіл көбінесе халық тілі негізінде жасалатындықтан, оны сөйлеу тілінен мұлде оқшау тұрған өзгеше тіл деп тану дұрыс емес. Сонда да оның елеулі ерекшеліктері болады.

           Әдеби тіл – жазба тіл. Жазба  әдебиет арқылы тіл байлықтары, оның құрылысы сымбатты қалыпқа түсіп екшеледі. Жазуы болмаған халықтың тілі әдеби тіл дәрежесіне көтеріле алмайды. Қазақ халқының жазуы болмай тұрған кезде бай ауыз әдебиеті болды. Ауыз әдебиеті әдеби тілді қалыптастырудың алғашқы лабораториясы, әдеби тілді шыңдаудың әдепкі дүкені болғаны рас, бірақ оның тілі шын мәнінде әдеби тіл деп есептелмейді. Оның себебі – фольклор тілінде жалпыға ортақ бірізділік, әдеби тілге тән басқа қасиеттер бола бермейді, көп жерде, мысалы ертегіде, ауызекі сөйлеу тілінен оның айырмашылығы шамалы-ақ болады.

           Сөйтіп, «әдеби тіл» деген ұғым  халықтың жазу мәдениетімен тығыз  байланысты екен. Әдеби тіл жазу  арқылы, әдеби мұраларды баспаға  басып, жұртқа тарату арқылы, ауызекі  тілдің байлықтарын екшеп саралау  арқылы қалыптасады. Онда да  қағазға, тасқа жазылғанның бәрін, баспаға басылғанның бәрін әдеби тілдің үлгісі деуге болмайды.

           Әдеби тіл – жүйелі тіл.  Жазба тілдің ілгері даму барысында  халық тілінің сөз байлығы,  грамматикалық құрылысы ықшамдалады,  сұрыпталады, нормаланады; жазу  мәдениеті арту арқылы халықтың тіл мәдениеті артады. Сөйлеу тілінде көптеген сөзді әркім әр түрлі айтатын болса, түрліше қолданатын болса, әдеби тілде олар жұрттың бәріне бірдей, бірқалыпты жұмсалады. Ондай бірізділік орфографияда да, әйтеуір, тілдің, тіл мәдениетінің барлық тармақтарында белгілі жүйе – норма болуға тиіс. Нормаға түспеген әрі-сәрі тіл әдеби тіл деп есептеледі.

           Әдеби тілдің жазуы –анархия. Тілдің нормалану дәрежесін неғұрлым  айқын болса, тілдің әдебиеттік  қасиеті соғұрлым жоғары болады.

           Әдеби тіл – стильдік тармақтары  бар тіл. Әдеби тіл қоғамдық  құбылысқа жатады. Ол қоғамның  ресми мемлекет тілі болатындықтан,  оның қызметі де барынша кең  болады. Сол орайда түрлі-түрлі  тілдік стильдер пайда болады. Мысалы, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында хандар жарлығының, іс жүргізу стилі, діни әдебиет стилі, өлең-жырлар стилі болады. Бірен-саран газет шыққанмен, ол кезде публицистикалық стиль қалыптаспаған болатын.

           Қазіргі қазақ әдеби тілінің  жұмсалу аясы кеңейді. Өміріміздің  қилы-қилы салаларында жұмсалатын әдеби тіліміз түрлі-түрлі стильдік өң алып, дамып келеді. Қазір оның мынадай стильдік тармақтары бар: 1. Ресми іс қағаздар –кеңсе тілінің стилі; 2. Публицистикалық стиль (газет-журнал тілінің стилі); 3. Ғылыми-техникалық әдебиеттің стилі; 4. Көркем әдебиет тілінің стилі.

           Мұндай стильдік тармақтар әдеби  тіл қызметінің артуы, тілдің  дамуы нәтижесінде жасалады. Ендеше, тілдің стильдік жүйелерінің  саралануы – тілдің әдебиеттік  басты белгілерінің бірі. Тілдің  стильдік тармақтары неғұрлым сараланған болса, әдеби тілдің соғұрлым буыны қатып, бұғанасы бекігендігі.

           Әдеби тіл – қоғамдық қызметі  мол тіл. Сөйлеу тілі беттесіп  қарым –қатынас жасаудың құралы  болса, әдеби тіл, сонымен қатар,  өнердің, мәдениеттің, ғылымның, оқу-ағарту, тәрбие жұмыстарының, саясаттың, кеңсенең, баспасөздің....тілі. Әдеби тілдің біркелкі, әрі жаппай, қоғамның барлық өміріне қатысты бола жұмсалуы – оның әрі ұлт тілі болуының белгісі.

           Сөйтіп, әдеби тіл дегеніміз –  жазба әдебиет арқылы жүйелі қалыпқа түскен, стильдік тармақтары бар, қоғамдық қызметі әр алуан тіл. Бұл жердегі жүйелі қалыпқа түсу деген тіркестің ұғымы линвистикада тілдің нормалануы деп те түсініледі [12,118].

           Сонымен, тіл мәдениетінің негізі  тілдік норма болғандықтан осы мәселені қарастырайық.

           Тілдік норма да – тарихи  құбылыс. Қоғамдағы адамдардың  бәрінің сөйлеу дағдысын, тіл  жұмсау мәдениетін бір өлшеммен  өлшеуге бір үлгімен пішуге  болмайды. Тілді қоғамдық құбылыс  ретінде пайдаланушы қоғам мүшелерінің ақыл-ой парасаты, білімі, мәдениеті өнер-ғылымға қанықтығы, іс-әрекеті біркелкі емес. Оның үстіне олардың туып-өскен ортасы, тілдік дағдысы бірдей емес. Сол сияқты қоғам мүшелерінің сөйлеу, жазу мәнері де дәрежесі де әр алуан. Жұрттың бәріне міндетті дейтін тілдік тәсілдер, нормалар бар. Тілдік нормалардың тәсілдері – ғасырлар бойы дамып, қалыптасқан сөздік қор, грамматикалық құбылыс, фонетикалық заңдылықтармен қатар ресми түрде қабылданған орфография ережелері, терминдер және оқулықтар мен оқу құралдарындағы нормативті ереже, нұсқаулар.

           Қазіргі кезде мектеп оқушыларының  тілдік нормадан сөйлеу мен  жаза білу туралы мәселелер  көтеріліп қалғанымен, оны оқыту,  үйрету туралы түбегейлі пікірлер  жоқ. Сондықтан Т.Қордабаев: «... Тіл мәдениеті дегенді ғылыми пән дәрежесіне көтеруіміз керек. Оның теориялық негізін, өзіне тән нысанын айқындау қажет. Сөйтіп оны лингвистиканың бір тарауы ету керек», - деген болатын [11,118].

           Алда тұрған міндеттің бірі- әдеби  тіліміздің әр жанрының өзіндік  стильдерін айқындау жұмысы. Мұны жете білмей тұрып, әр жанрдың өзіндік ерекшелігін, өзіндік формасын білу мүмкін емес. Сондықтан тіл мәдениетіне сөйлеу мен жазба тілдің айырмашылықтарын стильдік тұрғыдан қарастырып, оны мектеп қабырғасынан, яғни оқушыларға таныту, білдіру қажет.

           Зерттеушілерде, ғылыми әдебиеттерде, ауызекі тілде «Сөйлеу мәдениеті»  дегенді жиі естиміз. Ал сөйлеудің  қайсысы мәдениетті, қайсысы мәдениетсіз  болатындығын, яғни сөйлеу тілінің  өзіндік ерекшелігін оның жазбаша  тілден қандай айырмашылығы бар екенінде. Оқушылардың жазба жұмыстарындағы қойылатын нашар деген бағаның көпшілігіне себепші олардың стилистикалық түрде көрінуі, өйткені қазақ тілін оқытуда мектептердегі тіл дамыту, тіл мәдениеті мәселелеріне көңіл бөлінбейтіндігінде. 

            Бұл саладағы оқулықтардың барлығы, бүкіл жауапкершілігі, ең алдымен тіл мен әдебиет пәндері оқытушыларына жүктелетіндігі белгілі. Өйткені тіл мен сөйлеу жоқ та, сөйлеу жоқ жерде тіл жоқ. Бірақ соған қарамастан, бұл екеуінің бірлігі тепе-тең бірлікте емес. Тіл дегеннен ондағы бүкіл дыбыстардың, сөздердің грамматикалық формалардың жиынтығын түсінсек, сөйлеу дегеннен ол тілдік элементтердің өзара қарым-қатынасқа  келуін, яғни тілдік әрекет үстіндегі күйін түсінеміз. Бұл жағынан алғанда, тіл сөйлеуге қажетті өлі материалдың жанданып, іске қосылуы, адамдардың қатынас айналымына түсуі.

           Сөйлеу үдерісінде тілдік материалдар  өз бойындағы мағыналық мүмкіндіктерін  жан-жақты көрсете алады. Бірақ  сол мүмкіндіктерді қоғам мүшесінің  әрқайсысы өз шама, білім, талғам, танымына қарай пайдаланады. Мысалы, біреулер, тілдік құралдарының өзінің ойын жеткізуде лайықтыларын таңдап, қоя білсе, енді біреулерде ондай шеберлік жетіспей жатады. Осыдан келеді де, қоғамдық сипатта тіл жеке адамдардың сөйлеу, жазу үдерісінде даралық сипатқа ие болады. Тіл мен сөйлеудің бір-бірінен өзгеше болатындығы да осы мәселеге байланысты.

           «... Бұл даралық тілдік даралық  емес, тілдік материалдарды пайдаланудағы  даралық. Кейбір ғалымдардың сөйлеу (жазу) процесіндегі жеке адамдардың орашолақтығын тілдік материалдардан көріп, оларды тілден аластағысы келетінін баспасөз тілінен білеміз. Бірақ мұндай пікір – тіл мен сөйлеудің өзіндік сипаттарын жете ескермеуден туған жаңсақтық. Шындығына келсек, тілде мынау керекті, мынау керексіз, анау жақсы, мынау жаман дегендер болмайды. Жүрексіз де, жаман да тілде емес, сөйлеуде (жазуда), тілдік материалдарды пайдаланудан – деген пікір білдіреді» [11,127].

           Сондықтан оқыту ісінде мұғалімдер  тілдік материалдарды ғана білгізумен  тынбай, оқушылардың сол тілдік материалдарды сөйлеу мен жазуларында дұрыс, дәл іріктеп, таңдап ала білу, орынды қолдану қабілеттерін арттыру дағдыларын үйрету қажет. Әдетте, өз білгенінін дұрыс айтып беруге сөйлеу дағдысы жетпей тұрған балаға «тілі жетпей тұрғаны болмаса, білетіндігі байқалып тұр» деп дұрыс баға қоюшылар кездесіп қалады. Бір педагогикалық жағынан кері әрекет, дұрыс емес. Оқушыларға таза, дұрыс, жатық сөйлеуге, әрдайым өзін бақылауға дағдыландыру үшін, олар стилистикалық орашолақтықты, жауапсыз сөйлеушілікті мұғалімнің кешірмейтінін дұрыс сезінуі тиіс.

           Әдеби тілдің ауызша және жазбаша  түрін қатар дамытып, оның қоғам  өміріндегі қызметінің өрістей  түсуіне мүмкіндік жасау, түрлі  ауытқулардан арылтып отыру, небір  күрделі ойдың әр қилы нәзік айырымдарын тіл арқылы дәл, анық жеткізе білуге көпшілікті тәрбиелей түсуге т.б. тіл мәдениетін көтеру деген ұғымды білдіреді. Тіл мәдениеті мен сөз мәдениеті деген терминдер қазір бір-бірінің орнына қолданылып та жүр. Мысалы, М.Балақаев тіл мәдениетіне былайша анықтама берсе: «Қазақ тілін оқытудың негізгі мақсаты – оның барлық сатыларының жүйесін, заңдылықтарын оқушыларға білдіру болса, тіл мәдениеті ілімінің ондағы негізгі мақсаты - әдеби тілде барды дұрыс таңдап, талғап сөйлеуге, жазуға, сауаттылыққа үйрету, олардың тіл мәдениетінің сапасын жоғары сатыға көтеру болмақ» [13,9].

           Ал Н.Уәлиев: «Тіл мәдениеті дегеннің  ұғымы кең. Ол көбіне-көп қарым-қатынас  құралы болып табылатын, тілді  жетілдіре беру, ұштай түсумен  қатар сөз шеберлігі, сөйлеудегі  әдептілік тәрізділерді де қамтиды. Әсіресе, соңғы ұғымдарға қатысты қарасақ, сөз мәдениеті дегеніміз қарым-қатынас құралын қалай игеріп, өмірде қалай пайдаланып жүрміз, оның әрқилы амал-тәсілдерін дұрыс, дәл, тиімді қолданып, мазмұнды, әсерлі етіп жұмсай алдық па дегенге саяды», - дей келе, сөз мәдениеті алдымен әдеби тілдің грамматикалық, лексикалық, орфографиялық нормаларын меңгеру, сонымен бірге бейнелеуіш, көріктеуіш амал-тәсілодері қарым-қатынас жасаудың мақсаты мен мазмұнына сай етіп қолдана білу дегенді білдіретіндігін, тіл мәдениеті мен сөз мәдениеті мәселелері ажыратып көрсетеді [14,16].

           Әдеби тіл нормасы – сөзді  дұрыс қолданудың, грамматикалық  амал-тәсілдерді дұрыс пайдаланудың  көпшілік таныған, тіл тәжірибесінде  сыннан өткен қағидалары. «Тіл мәдениеті» әдеби тіл нормасы туралы білім саласы ретінде пайда болғаны мәлім. Тілдік норма - әдеби тіл туралы ұғымның ең негізгі элементі. Ал әдеби тілдің нормасы дегеніміз не? Бұл жайында түрлі зерттеулер әр қилы пікір айтылып, әр түрлі анықтама беріліп жүрсе де, табиғаты күрделі бұл құбылыстың сыры толық ашыла қойған жоқ.

           Бұл жағдай мектеп бағдарламалары  мен оқулық, оқу құралдарына да  әсер етеді. Атап айтқанда, мектепте  оқулық пен оқу құралдарындағы  тілдік материалдар, орфография, орфоэпия, тіл білімінің салалары туралы оқытуға берілген теориялық материалдарды әдеби тіл нормасы деп танытады. Мысалы, 1989-90 оқу жылының орта мектеп бағдарламасында: «Тіл ұстарту, тіл дамыту, тіл ширату, логикалық ойды кеңейту, дамыту жұмыстарында тілден алған теориялық материалдарды дұрыс пайдалану және қазақ тілінің орфоэпия, орфографиялық заңдылықтарын дұрыс меңгеріп, қолдана білу. Әдеби тіл нормасында ауызша, жазбаша түрде ойын айтып, жаза білуге дағдылану», - деген пікірлерінен байқауға болады [15,18]. Ал, 2004-2005 жылғы оқу бағдарламасы: 9-сыныптағы ең негізгі сала – қазақ тілінің стилистикасы. Тарау бойынша берілетін білім мен біліктіліктер тіл мәдениетімен тығыз бірлікте қамтылады. Оқушы егер 5-8 сыныптарда әдеби тіл жөнінде практикалық сипаттағы мағлұматтарды игеріп келсе, 9-сыныпта осы тілдік іскерліктері теориялық тұжырымдармен бекітіледі. Яғни қазақ әдеби тілінің стильдерінің: публицистикалық және ғылыми стильдердің өзіндік ерекшеліктері қолданыс аясы туралы нақты білім беріледі, - деп көрсетеді [16,5] (Бағдарламалар, қазақ тілі, жалпы білім беретін мектептердің 8-9 сыныптарына арналған. Алматы, 2007).

           Бұл пікірлерге қарағанда, тіл  мәдениетінің негізгі мәселесі  – тілдік норма. Сондықтан  бұл мәселені мектеп көлемінде  қарастырайық.

           Мектепте тілдік норма тілдің құрылысымен бірге оқытылып, білім мен дағды беріледі. Атап айтқанда, орфографиялық, орфоэпиялық нормалар, пунктуация жазу нормалары сол тілдік категориясына байланысты үйретіледі. Олай болса оқушылардың тіл мәдениетін арттыруға байланысты тілдік нормасын игерту мектеп бағдарламасының көлемінде жүргізуімізге тура келеді.

           Әдеби тілдің даму үдерісінде  біріне-бірі қарама-қарсы екі  түрлі бағдар байқалады. Бір  жағынан, тіл қоғам өмірімен (ғылымның, мәдениеттің, әдебиеттің, экономиканың т.т дамуымен) тікелей байланысты болатындықтан, ол үздіксіз дамып, сол даму барысында халық тілінің ішкі мүмкіншіліктері кеңінен пайдаланылып, тіл мен тілдің қарым-қатынасы күшейіп, өзгеріске ұшырап отырады. Екінші жағынан, мемлекеттік, саяси-қоғамдық іс атқару жұмыстары орныққан сайын, баспасөз, әдебиет, экономика, ғылым, мәдениет дамыған сайын тілде бар ала-құла қыруар байлықтардың тиімділері, тілге жатық әрі үйлесімділері, кісінің ой-пікірінің, сезімін, дәл, айқын айтуға жарамдылары сұрыпталып, жалпыға ортақ қалыпқа түсіріліп, нормаға айналады. Осы үдерістерге жол ашатын нысанды жағдайлар жасалып отырған біздің елімізде, әдеби тілді байыту нормаға түсіруге қарайлас болуға тиіспіз.

           Тілдік «норма» дегеніміз «әдеби»  деген ұғыммен тайталас айтылады. Әдеби тілге сіңіскен, әдеби тілде  орныққан тіл байлықтары –  «тілдік норма» дегенге жатады. Тілдік нормадан тысқары құбылыстар, ауытқулар ауызекі сөйлеу тілінің  ерекшеліктері болып есептеледі. Сондықтан «әдеби тіл», «әдеби емес тіл» дегенді халық тілінің нормалану нысаналарына қарап айтамыз[17,59].

           Тіл байлықтарын тегіс жіпке тізіп, әрқайсысын бөлек алып, ол былай айтылсын, былай жұмсалсын деп өкім шығару мүмкін емес. Ол – «өкімді» әдеби тілдің ілгері даму барысында біздің тіл жұмсау тәжірибеміз шығарады. Тілді де «кезінде жеке адамдар түгелдей өз бақылауына алатын болады» - дейді К.Маркс. тілді «өз бақылауына алатындар», алдымен, тілдің икемді құрал болу қасиетін арттырып, оның қалаулы, таңдамалы байлықтарын орнықты, біршама тұрақты етуді көздеуге тиіс. Сондай іске тіл мамандары, әдебиетшілер, жазушылар, журналистер, актерлер және басқалар белсене қатынасады. Әсіресе халықтың жазу мәдениетін бір ізге салу, орфография, терминология, пунктуацияны реттеу, грамматика жазу, сөздіктер құрастыру арқылы бұл жағынан көп табысқа жетуге болады.

           Тілдік норма жазуда ғана емес, сөз қолдануда да, сөздің айтылуынан  да, грамматикалық тұлғаларды пайдалануда  да, сөйлем құруда да, қысқасы, тілдің өн бойында болуға тиіс. Әрине мынаны қолдан, мынаны қолданба деп барлығына бірдей рецепт беру мүмкін емес.

Информация о работе Сөйлеу әрекетінде лексиканың әдеби тіл нормасында қолданылуы