Әлем экономикасына Астана төрінен көзқарас

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 15 Октября 2012 в 13:20, реферат

Описание работы

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен V Астана экономикалық форумының салтанатты ашылуы болып өтті.

Файлы: 1 файл

Әлем экономикасына Астана төрінен көзқарас.docx

— 473.97 Кб (Скачать файл)

Әлем экономикасына Астана төрінен көзқарас

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен  V Астана экономикалық форумының салтанатты ашылуы болып өтті.

Ақиқат ойлардың айшықты алаңына айналған форум

Отырыста модератор қызметін атқарған The International Herald Tribune шығарушысы, әйгілі баспагер журналист Стивен Данбар-Джонсон Астана экономикалық форумының беделі жылдан-жылға артып, ол халықаралық үнқатысу алаңына айналғандығын атап көрсете келе, әлемнің дағдарыстардан еңсе көтермей толқып тұрған осынау сәтінде мұндай халықаралық деңгейдегі жиынның адамзат алдындағы күрделі проблемаларды шешу ісіне үлес қоса алатындығына тоқтала кетті. Еуропадағы жағдайға, Франция мен Грекиядағы соңғы сайлау қорытындыларына, «араб көктемі» мәселесіне, Таяу Шығыстағы орын алып отырған оқиғаларға шолулар жасай келе, осындай күрделі де күрмеулі шақта Қазақстанның тұрақтылық аралына айнала отырып, экономикалық дағдарысты еңсерудің өзіндік бір үлгісін көрсеткендігін жеткізіп, осы істегі Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатына ризашылық сезімін білдірді. Сөйтіп, біздің Елбасымызға құрметпен сөз берді.

Құрметті форумға қатысушылар! Ханымдар мен мырзалар!

Елордада бесінші рет  өткізіліп отырған Астана экономикалық форумына қош келдіңіздер, деп бастады сөзін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгінгі жиынға әлемдік деңгейдегі танымал тұлғалар мен мәртебелі меймандар қатысып отыр. Шақыруымызды қабыл алып арнайы келгендеріңіз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Қaзip дүние жүзінің экономикасы аласапыран өзгерістерге толы алмағайып кезеңді бастан өткеруде.

Жаһанды жайлап келе жатқан дағдарыс тұрақты дамуға елеулі қатер  төндірмей қоймайды. Осындай сәтте біздің әлемдік экономиканың даму мәселелерін бірлесіп талқылауымыз өте маңызды.

Мұнан әрі Елбасы Астана экономикалық форумы саясаткерлер, ғалымдар мен сарапшылардың жаһандық деңгейдегі үнқатысуының маңызды бір алаңына айналғанын, мұны оның қазіргі құрамы да дәлелдей түскендігін, бұл форумға қатыссам деген тілекпен әлемнің тоқсаннан астам елінен 8 мыңнан астам адам өтініш жолдағанын жеткізді. Форумға қатысушылар арасында 12 Нобель сыйлығының лауреаты, «Қазіргі заманның 100 ойшылы» атты жаһандық рейтингке кірген 4 белгілі тұлға бар.

Осы ретте мен форумға  қатысу үшін Астанаға келген бірқатар қазіргі және бұрынғы мемлекеттер мен үкіметтер басшыларына, әлемге танымал саясаткерлерге, халықаралық ұйымдар мен өңірлік бірлестіктердің басшыларына келген қадамдарыңыз құтты болсын демекпін. Төрт жылдың ішінде біздің форумның пікірталастар диапазоны елеулі түрде артты. Астана форумы өзінің мағынасына сәйкес жаһандық даму проблемаларына кең ауқымды «еуразиялық көзқарасты» білдіретін пікір тарату мекеніне айналды. Бұл ХХІ ғасырдағы жаңа геоэкономикалық ақиқатқа айналып отырған табысты қызметіміздің бастауы – Қазақстан, Ресей және Беларусь Біртұтас экономикалық кеңістігі құрылып отырған сәтте біз үшін ерекше маңызды. Бесінші Астана экономикалық форумы қазіргі замандық әлемтанудың, жаһандық экономиканы реформалау идеяларын алға жылжытудың жаңа парағын ашатындығына сенімдімін, деп сабақтады сөзін Нұрсұлтан Әбішұлы.

Қазақстан Президентінің  атап көрсеткеніндей, форумның күн  тақырыбына әлемнің экономикалық трансформациялану жолы туралы маңызды мәселе қойылып отыр. Бұл мәселе бірқатар жылдардан бері талқылану үстінде. Алайда, көптеген идеялар мен ұсыныстар топтамалары әзірге жаһандық деңгейдегі нақты шешімдер тапшылығын еңсере алмай келеді. Осының ықпалымен әлемдік валюталық-экономикалық дағдарыс әлемдік әлеуметтік дағдарысқа дейін өсіп, көптеген дамыған мемлекеттерді шырмауымен құрсап алды.

Халықаралық еңбек ұйымы  жаһандық жұмыссыздық қатері туралы тұжырым түюде. Еуропаның алдыңғы қатарлы елдерінде жұмыссыздық деңгейі өткен ғасырдың соңындағы көрсеткіштерден асып түсті. Италияда – 8,3 пайыз, Ұлыбританияда – 8,3, Германияда – 6, Францияда 9,7 пайыз болды. Еуроодақтың осы төрт «локомотивінде» 11 миллион адам жұмыссыз қалып отыр. Оның үстіне олардың жартысынан астамы – жас адамдар. Ал Еуропалық одақтың басқа елдеріндегі жағдай бұдан да күрделі. Егер әлем бойынша айтсақ, жұмыс жасындағы адамдардың әрбір үшіншісі немесе 1 миллиард 100 миллион адам ешқандай бір жұмыспен қамтылмаған немесе өз отбасымен күніне 2 доллардың кірісіне ғана қарап отыр.

Жекелеген ұлттық экономикаларды құтқаруға, олардағы теңгерілімдікті сақтауға Бүкіләлемдік банк пен Халықаралық валюта қоры тарапынан көлемді қаржы бөлінуде. Өкінішке қарай, әзірге G-8 және G-20 пішіндері қабылдап отырған шаралар осымен ғана шектелген жоқ. Бірақ әрбір жаңа миллиард доллар миллиард жаңа әлеуметтік проблеманы туындататынын да есте ұстау қажет. Былайша айтқанда, қазіргі шаралар өртті бензинмен сөндіргендей әсер қалдырып отыр.

Жаһандық дағдарыспен  күрес шараларының жартыкештігі – бұл жүйелік дағдарыстың  басқа түріне – халықаралық қатынастар мәселесіне күйе түсуінің жарқын дәлелі, деп жалғады сөзін Президент. G-20 тобының құрылуы әлемдік экономиканы  реформалау туралы үнқатысу диапазонын елеулі деңгейде кеңейте түсті. Алайда, дағдарыспен күрес «жиырмалығының» бірінші саммитінен 4 жыл өткеннен кейінгі бүгінгі жағдай мұндай пішіннің өзі жеткіліксіз екендігін танытатындай.

Давостағы соңғы әлемдік  экономикалық форумда көптеген әлемдік  жетекшілер ақыр аяғында капитализмге, егер нақтырақ айтсақ, оның жаңа либералды қазіргі сипатына қатысты бірдеңе істеу қажеттігі жөнінде келісімге келді.

«Өткен жылдың соңында  мен Астана форумы аясында біз G-GLOBAL деп атап отырған үнқатысулардың жаңа пішінін байқап көру жөнінде ұсыныс жасадым. Бұл идея саяси, сарапшы және іскер топтар ортасында, әлемдік қоғамдастықта кең қолдауға ие болды. Бар болғаны бірнеше айдың ішінде Астана форумының ресми сайтында құрылған G-GLOBAL коммуникативтік Интернет-алаңшасына кіру көрсеткіші 40 есе көтерілді.

Әлемнің 140 елінен 30 мыңнан астам пайдаланушы оның тұрақты қатысушысына айналды. Сөйтіп, жаңа әлемдік экономикалық тәртіпті қалыптастыру жолдарын жүйелі желілік іздеу басталып та кеткендей, деп мәлімдеді Президент.

G-GLOBAL алаңшасындағы интерактивті  пікірсайыстар тақырыбы әлемдік экономиканы және валюта-қаржы жүйесін реформалау мәселелеріне дейін шапшаң өсіп келеді. Инновациялық дамудың, ядролық және экологиялық қауіпсіздіктің, этносаралық және дінаралық толеранттылықтың, геосаясаттың және басқа да толғақты мәселелердің кең ауқымды проблемалары талқылау өзегіне айналып отыр. Бір сөзбен айтқанда, G-GLOBAL көп қырлы әлемнің әлеуетті біріктіруші идеясы ретінде әрекет етуде. Әрбір интерактивті жолдаудан ХХІ ғасырда тұрақты және әділетті әлем құрылысы қалыптасады деген үміт ұшқыны сезіледі.

Мұнан кейін Елбасы түсіп  жатқан ұсыныстардан қандай қорытынды  түюге болатындығы туралы ойын жеткізді.

Біріншіден, әлемдік қауымдастық жаһандық тарихтың ең бір күрделі де дағдыдан тыс кезеңін бастан кешіруде. Бұған дейін еш уақытта адамзат сәтті даму үшін де, сондай-ақ өзін-өзі құрту үшін де дәл қазіргідей орасан зор әлеуетке ие болып көрген емес. Осыны түсінудің өзі жалпы әлемдік проблемаларды шешуді кешенді негізде қарастырудың ерекше маңыздылығын көрсетеді. Бүгінгі күні тек экономика проблемаларын немесе «климаттың жылынуын» шешу жеткіліксіз. Сонымен қатар, ядролық қатерлерге, туындап келе жатқан жанжалдарға, толеранттылықтың жеткіліксіздігіне немесе әлеуметтік топтар деңгейінде де, сондай-ақ жекелеген мемлекеттер деңгейінде де кең көлемді масылдыққа алып келе жатқан әлеуметтік саясаттағы қиғаштықтарға көз жұма қарау да мүмкін емес.

Екіншіден, жаһандық коммуникациялық даму еш уақытта қазіргідей деңгейде болып көрген емес. Қазір де, ал болашақта тіптен де олар қашықтықты қысқарта түсу, уақытты қысымға алу, тарихи, саяси және басқа да кедергілерді еңсеру мүмкіндігіне ие болмақ. Бұл әлеует ақпараттық арандатудың, «қолайсыз» қоғамдағы моральдық негіздер мен қоғамдық тәртіпті мақсатты түрде бұзудың құралына ғана айналмауы тиіс. Ол ізгілікті мақсаттарға, соның ішінде, әлемнің тұрақты дамуына қол жеткізу үшін жаһандық үнқатысуды қалыптастыруға қызмет етуі керек.

Үшіншіден, әлем қазір жаңа жағдайларда өмір сүруге үйрену үстінде. Бұл сабақ оңайлықпен қона қоймайды. Тіпті, кейбір жағдайда аса зор ерекше еңбекпен келеді. Қоғамның прогресс жолымен жүруге, жаңа технологиялық қалыптар мен жаңа қоғамдық қатынастар деңгейіне эволюциялық жолмен жетуге қабілеті бар. Бүгінде көптеген мемлекеттер дамуының сәтті тәжірибесін білу арқылы оларды белсенді қолданудың маңызы да арта түсуде.

Осы ретте Елбасы Қазақстанның мұндай өзара ықпалдастыққа дайын екендігін жеткізіп, «Қазақстан өзі үйренуге де және өзінің қол жеткізген тәжірибелерін басқа достарымен бөлісуге де әзір» деп атап көрсетті.

Төртіншіден, ХХІ ғасырдағы  жаһандық әлемнің құрылымы көптеген факторларға байланысты. Солардың қатарында бүкіл әлем бойынша миллиардтаған адамдардың әділеттілікке деген ұмтылысын көрудің маңызы зор.

ХХІ ғасырдағы әділеттілік  – бұл тек мораль категориясы  емес. Бұл ұлттық және жаһандық табысты дамудың шешуші шарттарының бірі. ХХІ ғасырда «үшінші әлемнің шикізат ресурстарын «соруға» құрылған әлеуметтік-экономикалық модельдер адамгершілікпен еш сыйыса бермейді. Сонымен бірге, өндірістік мақсаттарға сырттан шектеусіз қарыз ала беру тәжірибесін, индустриялық дамудан және өз елінің адами әлеуетін дамытуға қаржы салудан бас тартудың ешбір болашағы жоқ. «Араб көктемі», тіпті, «еуроаймақ дағдарысы» бізге осындай ащы сабағын ұсынып отыр.

Бесіншіден, халықаралық  қатынастардың бүкіл жүйесін тоқырау жағдайынан шығару маңызды. Мұндағы басты міндет – транспарентті әлемдік саясат қалыптастыру. Оның іргетасы мемлекеттер арасындағы сенім деңгейінің жоғарылығынан және әрбір өңірінен бүкіл әлемнің бүгіні мен болашағына деген өзара жауапкершіліктен құрылуы керек.

Бүтіндей алғанда, G-GLOBAL идеясы бар болғаны жарты жылдың ішінде өзінің барынша қажеттілігін көрсетіп берді. Одан адамдар жаһандық экономикаға үлкен соққы болып отырған жүйелік дағдарысқа жауап табудың, әлемнің моральдық-өнегелілік қалпын орнықтырудың және халықаралық қатынастарды қайта қалыптастырудың мүмкіндіктерін іздестіруде.

G-GLOBAL геосаясат пен геоэкономикаға  мемлекеттік емес субъектілердің  – халықаралық ҮЕҰ, жеке меншік  құрылымдар, трансұлттық компаниялар,  саясаткерлер және әлемнің әртүрлі  азаматтарының артып келе жатқан ықпалын есепке алады. Ақпараттық дәуірдің өркениетті идеясы ретінде G-GLOBAL барлық елдерге, Интернет-кеңістіктің барлық өңірлеріне, Бүкіләлемдік желінің әлемді реформалау және әділетті де қауіпсіз тәртіп орнатуға мүдделі миллиондаған пайдаланушыларына бағытталып отыр.

«Мен Бесінші Астана экономикалық форумының барлық қатысушыларына, оның коммуникативтік Интернет-сегментінің барлық пайдаланушыларына біздің G-GLOBAL бастамамызды жоғары бағалағандары және қолдау білдіргендері үшін алғысымды айтамын. Бәріміз бірге отырып G-GLOBAL-дың басты мақсаты – әлемдік қоғамдастыққа ХХІ ғасырдың әлемдік қарым-қатынастарының тартымды да тиімді моделін ұсынуға қол жеткізе алатындығымызға сенімдімін», деп атап өтті Елбасы.

Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан құлаған ірі державаның бір бөлшегіне айналған болатын. Біз жаңа мемлекет пен жаңа экономиканы құруды таза парақтан бастадық. Біз инфляция деңгейі 2100 пайызға дейін жетіп, толық тұңғиыққа түскен экономикадан бастау алдық. Реформалар мен бүкіл қоғамның күш-жігері нәтижесінде Қазақстан тамаша табыстарға қол жеткізді. Қысқа тарихи мерзім ішінде елде жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі 700 доллардан 12 мың долларға дейін көтеріліп, 16 есе өсті. «Оңтүстік-Шығыс жолбарыстары» елдерінің ешқайсысы 20 жылдың ішінде мұндай табысқа жеткен емес. Олардағы өсім 3-4 есені ғана құрады.

Елге 150 миллиард долларға жуық шетелдік инвестициялар тартылды. Дағдарыспен  сауатты күрес шараларының нәтижесінде  әлемдік дағдарыстың ең бір қиын тұсының өзінде біз елдің оң даму бағытын сақтап қала алдық. Өткен  жылы біздің экономикамыз 7,5 пайызға  өсті. Осындай өсімді биылғы жылдан да күтеміз. Тек өткен жылдың өзінде ғана елімізге 20 миллиард доллар инвестиция тартылды, деген Елбасы қазіргі күні Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы кең көлемді жүзеге асыру жұмыстарын жүргізіп жатқандығына тоқталды. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – шикізаттық емес экономика құру. Ол 2020 жылға таман экономиканың кемінде 50 пайыз өсуін қамтамасыз етеді. Әрбір жарты жыл сайын елде ондаған жаңа кәсіпорындар ашылуда.

Осы ретте Елбасы 2015 жылға  таман индустрияландыру картасы  бойынша өңдеу өнеркәсібі, аграрлық өндіріс, инфрақұрылым салаларында 350-ден  астам инновациялық нысанның іске қосылатындығын атап көрсетті. Соңғы екі жылдың өзінде 100 мыңға жуық жұмыс орындары құрылды. Қазақстан өз тарихында бірінші рет автокөліктер, тепловоздар, ұшақтар шығара бастады. Біз кең көлемді инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үстіндеміз. Мәселен, таяудағы жылдардың ішінде бізде бір жарым мың шақырымды құрайтын жаңа темір жол, мыңдаған шақырымдық автомагистралдар салынбақ, деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан қазіргі күні әлеуметтік жаңғырту шараларын жүргізуде. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында бір жарым миллион қазақстандықты қолайлы жұмыспен қамтамасыз етудің аса өршіл мақсаты алға қойылған.

Таяудағы бес жылда  әр жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үй салу, соның ішінде, жастар үшін қолжетімді тұрғын үйлер салу жоспарланған. Білім беру мен денсаулық  сақтау жүйелерін жаңғырту жұмыстары  белсенді түрде жүргізілуде.

Қазақстан шетелдік инвестициялардың арта түсуіне мүдделі. Сондықтан шетелдік бизнестің жемісті жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдайлар жасау ісі одан әрі жалғастырыла беретін болады.

Біз кеше Шетел инвесторлары кеңесінің дәстүрлі отырысын өткіздік, деді одан әрі Елбасы. Оған қатысушылар Қазақстан экономикасының қуатты даму динамикасын, біздің үдемелі индустриялық даму және әлеуметтік жаңғырту бағдарламамыздың зор әлеуетін атап көрсетті. Мен ірі инвесторға «Қазақстан – Жаңа Жібек жолы» мега-жобасын бірге іс жүзіне асыруды ұсындым. Осы мәселеге қызығушылық танытатын барлық бизнесмендерді біздің стратегиялық жоспарларымызды іс жүзіне асыруға белсенді атсалысуға шақырамын.

Тәуелсіз Қазақстан осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын Семей  ядролық полигонын жауып, ядролық  қарудан мәңгілік бас тартып, әлемнің  бір бөлшегі екендігін паш етті, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгінде Қазақстан – ядролық қарусыз әлем қозғалысының көшбасшыларының бірі. Оған Сеул қаласында өткен Жаһандық ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте жария етілген қазақстандық жаңа ядролық қарулануға қарсы бастамасы толық дәлел болады. Біз Орталық Азия, еуразиялық кеңістік және жалпы әлем тағдырының болашағы үшін өзімізге зор жауапкершілік жүгін алдық. Аймақтық және жаһандық ауқымда игілікті бастамалар көтеру арқылы оны лайықты жалғастырудамыз.

Информация о работе Әлем экономикасына Астана төрінен көзқарас