Халық ертегілернің бала дүниетанымын қалыптастырудың маңызы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 25 Марта 2013 в 20:17, диссертация

Описание работы

Халық ертегілерінің бала дүнетанымын қалыптастырудағы маңызы аса зор. Қазақ фольклорындағы ертеден келе жатқан көне жанрлардың бірі - ертегілер. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тараған мол мұра. Оның осы дәуірге дейін жетуі ертекшілермен тығыз байланысты.Халық арасында үлкен беделге ие болған ертекшілер ертегіні шебер орындаған.Жаңадан ертегілік сюжетті тудырып толықтырып отырған. Ертегіден халқымыздың ертеңге деген сенімі мен арман-тілегін, қиялын, даналығын, ғасырлық өмір тәжірибесін көреміз. Ертегінің қай түрін алсақта ол баланың ой-қиял ұшқырлығын күшейтеді, мінез-құлқын, ерік - жігерін қалыптастырады. Сондықтанда ертегіні оқытуда оның жанрлық ерекшелігін ескеріп. тәрбиелік мақсатына айрықша көңіл бөлгеніміз жөн.

Содержание работы

Қиял-ғажайып ертегілері 4

Хайуанат жайындағы ертегілер 10

Салт ертегілері 16

Алдаркөсе 23

Асанқайғы 25

Жиренше 27

Қорқыт 28

Қиял-ғажайып ертегілері 34

Хайуанат жайындағы ертегілер 38
Салт ертегілері 40

Файлы: 1 файл

Халық ертегілернің бала дүниетанымын қалыптастырудың маңызы.docx

— 140.09 Кб (Скачать файл)

 

Дүние жүзінің фольклорында, әсіресе ескі мифтік, діндік ертегі аңыздарында осы Қорқыт сияқты өмір үшін, өлімге қарсы алысқан бірнеше  ұлы бейнелер бар. Бұлардың бәрі түбін  ойлағанда құдай бұйрығымен, ажалмен  ғана алысушы емес, сол алыс арқылы құдайдың өзімен де алысқандар деп  саналады. Соның бірі грек мифінде - Прометей, осетин аңызында - Амран, үнді аңызында - Сидхарта болған болса, қазақ  ескілігінде - Қорқыт болады. Қорқыт жайындағы  халық түсінігі осылай болса, оның бейнесін үстем таптың кертартпа санашылдары  басқаша етіп ұғындырғаны да бар. Өзінің үстемдік дәурені өтіп, құлап, күйреп бара жатқан кей топтар "қайда  барсаң Қорқыттың көрі" деген  нақыл шығарып, Қорқытты айықпас  пессимизм айғағы етуге тырысқан. Осыны қазақтан шыққан ұлтшыл алашордашыл, контрреволюция әрекетіндегі кей ақындардың әдейі мадақтап, бұрып, бұзып әңгімелегені де бар-ды. Бірақ халық ұғынған  Қорқыт пессимист емес, өмір үшін қатты  алысушының бірі. Және сол көп алысушылардың  ішінде дегеніне жеткен, өлместің амалын, шарасын тапқан жанның бірі Қорқыт деп саналады. Салт ертегілерінің  тіліне қарап, халық поэзиясының  жазба әдебиет тілінен басқаша  келетін өзгешеліктерін, ерекше қазыналық  қасиеттерін зерттеу қажет. Ал салт ертегілерінің және сонымен қатар  жалпы қазақ ертегілері түр-стиль  өзгешелігін, татымды қасиеттер  жағынан бағалай отырумен қатар, олардың көркемдік құрылысындағы  бір қалыпты қайталағыш, жылжымас тұрақтылық тәрізді олқылық жайын  да атап өту керек. Ауыз әдебиетінің  көпшілігіне ортақ бұл өзгешелік  жөнінде Чернышевский айтқан түйінді  бір пікірді еске аламыз. Чернышевский: "Халық поэзиясы айтам деген  жайын өзгеше көркемдікпен айтады. Оның кемшілігі мүлдем басқа түрлі, бұнысы бір қалыпты аумас күйінде. Сонысы орасан сұрғылт күйге (монотонность) айналып отырады. Патриархалдық  өмірдің мазмұны жылжымас халде, ол өмірдің түрлері де қатып тұрғандай, жылжымастық өзгерісі аз тұр. Халық поэзиясында да дәл осындай күй бар", - дейді. 

 

Бұл пікір ұзақ ғасырларға созылған қазақ халқының шаруашылық-қоғамдық тіршілігіндегі патриархалдық-феодалдық  болмыстың жылжымас, аумас мешеулігін таныды. Сол халдің қазақ ертегілерінің  де кей түрлеріне, стильдік өзгешелігіне әсер еткендігін айрықша тануды керек  етеді. 

 

* * * 

 

Біз осымен қазақ халқының ертегі тобын шолып өттік. Қорыта айтқанда, ертегінің қай түрін  алсақ та, ол еріккеннің ермегі емес, зор қоғамдық, тарихтық сыры, мәні бар  әңгімелер екенін көреміз. 

 

Фольклордың барлық түрінде, ертелі-соңды өткен қоғамдық дәуірлердегі таптық тартыстың шындығы көрінеді десек, ертегіде соның неше алуан  күйдегі құбылыстарын танимыз. 

 

Кейде ертегі геройына қарсы  алысушы айдаһар, жалмауыз, жезтырнақ  кейпінде болса, онда да халық, сұмырай  жауыздық түрінде өз тұсындағы қоғамдық қиянат, озбырлық, жауыздық тұлғасын бейнелеген. Бертінде салт ертегілердегі қиянатшыл  хан, уәзірлер кескінінде де сол қоғамдық, таптық тартыс сыры ашылады. Не жеке бір  адам, немесе жеке бір үй өмірінің, жалғыз-жалқы  халық ұлының жауыздықпен күресуі  арқылы да сол жалпы қоғамдық-таптық мүдде, тартыс-талап көрінеді. Барлық басқа жұрт ертегілерінің сырындай, қазақ ертегінде де осындай терең  тарихтық мән бар екенін айрықша  ұғыну шарт. 

 

Реформадан соңғы қазақ  ертегілері. 60-шы жылдарда болған реформадан бастап Ұлы Октябрь революциясына  шейінгі дәуірдің ертегілері... 

 

Қазақ тарихының ендігі экономикалық қоғамдық-тарихтық өзгерістері, сан  салалы жаңалықтары тексерілетін дәуірдің ертегілері де өзінің үлкен әсерін тигізді. Бұл дәуірдің ең зор жаңалығы - қазақ халқының және барлық Қазақстан  өлкесінің экономикалық-мәдениеттік  тіршілігі Россияның экономикалық-мәдениеттік, қоғамдық болмысына қосылуында. Ал Россиядағы 60-шы жылдардың басынан  басталған жаңа тарихтық, қоғамдық-экономикалық дәуір капитализмнің дамып, өсу  кезеңі болады. Сол Россиядағы үдеп өсе бастаған капитализмнің арнаулы  әсері қазақ мекендеген өлкелердің бәріне де көп салалармен ықпалын  жүргізе бастайды. Қазақстан сияқты патшалық Россияның отар өлкесі болған аудандардың өзінің де Россиядағы капитализмнің  үдей түсуіне сеп-себебі бола жүреді.  

 

Бұл жөнінде Ленин айтқан: "Оңтүстік және Түстік-Шығыс Европалық  Россия, Кавказ, Орта Азия, Сібір орыс капитализмінің отарына айналып, оның тереңдеп те, кеңейіп, қатты өсуіне себепші болады" - деген пікір  сол жаңағы атаған тарихтық экономикалық жағдайларды анықтайды. Ендігі қазақ  ертегілерінің барлық түрлеріне  де сол тұрмыс-болмысқа кірген жаңалықтардың  неше алуан ықпалы, әсері араласады.  

 

Бұл әсерді жаңағы аталған  дәуірде айтылатын ескі заманнан келе жатқан қиял-ғажайып ертегілерінің  өздеріне қосылған үстеме жаңалық, жаңғырудан да байқауға болады. Көп ұғым-нанымдарда жаңа дәуір белгісі басым болғандықтан, қиял-ғажайып ертегілерінің өздерінде  де қоғамдық сарындар, сана, мүдделер молая  түседі. Бұл қазақ аулындағы таптық жіктің айқындалуына, тап тартысының ендігі тірлікте шиеленісе түсуіне  байланысты жаңалық болады. 

 

Хайуанат жайындағы ертегілердің орыс және көршілес өзге елдер әсерімен жаңғырып, байып, өзгере түскенін көреміз. Осы дәуірде және де хайуанат жайындағы  ертегілердің көпшілігі орыс ертегілерінің  үлгісімен балалар ертегісінің  қалпына айналады, ауысады. 

 

Ал салт ертегілеріне келсем, онда қоғамдық мінді әшкерелеу тенденциялары  бұрынғыдан да басымдап, үдей түседі. Сырт көзге қаншалық қиюсыз халдерді, жағдайларды  баян етсе де, ендігі салт ертегісінде ертегілік геройлардың мінездері, тартысқа түсетін ортасы көбінше шындыққа жақын болып белгіленеді. Соның барлығымен салт ертегісінің идеялық, тәрбиелік, көркемдік бағасы арта түседі. Әсіресе бұл дәуірдегі салт ертегілерінде бұрынғыдан да үдей түскен сатиралық мысқыл, ажуа, үлгі тақырыптарының мол екенін байқаймыз. 

 

Бұл алуандас ертегілердің тағы бір өзгешелігі, қоғамдық шындықты кейіптеу, баяндауында реалистік  әдістер басымдайды. Осы аталған  күйлермен қатар, халық мұңын  жоқтаушылар жөніндегі және халықтың қоғамдық арман, мүддесі жөніндегі  ертегі, аңыз әңгімелер үдейді. Дәуірдің тарихтық үлкен жаңалығы есебінде бұл  шақта Қазақстан өлкесінде де алғашқы өндіріс орындары орнай  бастаған. Енді қазақтың еңбекші көпшілігінің арасынан алғашқы буын жұмысшылар шығып, молая береді. Сол жұмысшылар ортасының  ауыз әдебиет үлгі, өрнектері де бұл дәуірдегі қазақ фольклорының бұрынғы ғасырларда болып көрмеген жаңалық белгілері есебінде туып, тарай бастайды. Бұл ортада, ең алдымен, алдыңғы дәуірлерде айтылып жүрген қиял-ғажайып, немесе салт ертегілерінің  де қайта жаңғыруы, жаңаланып айтылуы  өзінше басқаша болады. Әсіресе осы  ортада мысқыл, ажуа, сатира өрнектері  көбейе бастайды. Солардың үстіне дәл  осы жұмысшылар ортасының өздеріне ғана тән болған ерекшеліктердің, өмірлік  шындық жағдайлардың нәтижесінде айрықша  жұмысшылар ертегілері, аңыздары, нақылдары (сказы) туып, тарайды. 

 

Жоғарыда саналған өзгешеліктердің  барлығы сияқты, бұл соңғы айтылған, XIX ғасырдың екінші жарымынан бері қарайғы  ертегілерде байқалатын жаңалықтардың  баршасы да тап тартысының елесі  есебінде туады. Ендігі ертегінің көбі сол күндегі қоғамдық қалыпқа  сын есебінде шығады. Сол себепті  анық шындық жағдай, барынша анық қарым-қатынастар сол сын, мысқыл, ажуа ретінде қалыптанады. Осы қатарда, ендігі дәуірде молырақ  әсерін тарата бастаған дін-үгіт өсиеттеріне  қарсы әңгімелер молаяды. 

 

Сөйтіп, саналған жалпы ерекшелік  жайлардың барлығы да реформадан соңғы қазақ шаруасының, қазақ  еңбекші жұмысшыларының таптық салт-санасынан  туып, тарайтынын байқаймыз. Біз жоғарыда бұл дәуірдің ең үлкен анықтауыш  ерекшелігі Россиядағы капитализмнің  қазақ шаруашылығына, қоғамдық-тарихтық болмысына ықпалы тарай бастаудан  туады деп едік. Сол жайдың шындығын нықтай түсу үшін енді біраз нақтылы  шаруашылық - тарихтық жаңалықтар жайын  атап өтейік. 

 

Россия капитализмінің ауқымына Қазақстан шаруашылығы қосылу нәтижесінде  ең әуелі сауда қарым-қатынасы күшейді. Орынбор, Сібір аймақтарында үлкен  айырбас сауда орындары күш ала  бастады. Жан-жақтан созылған саудалы  керуендер Орынбор, Троицк, Қызылжар сияқты қалаларға ағылады. 60-шы жылдардың  басында орыстың, Қытайдың және Орта Азия халықтарының пұл-заттары бір  Тайынша базарының өзіне жайылғанда, жылдық айналма сомасын 5 миллионға  жеткізген. 

 

Бірінші фронт аталған  Қазалы сияқты қалада орыс саудагерлерінің  лавкелері қатарласа, жарыса ашылады. Жергілікті қазақстандық базарлардың  көпшілігі Россиядағы Ірбіт, Макаржы (Нижний) сияқты үлкен жәрмеңкелермен ұдайы жалғас болады. Қазақстан өлкелерінен  айырбас сауда ретінде сатылып  алынған мал 5-10 мыңдаған отарлар  болып, Қызылжар, Түмен арқылы Қазан, Макаржы және Москваға да айдалатын  болады. Орта Азия хандықтары Россияға қосылғанша орыс саудагерлері Бұхара сияқты хандықтардың саудагерлерімен  талас, жарыс сауда (конкуренция) ретінде  әрекет ететін болады. Кейін Қоқан  хандығы құлап, оның өлкелері Россияға қосылған соң орыс саудагерлері Сырдың бойын өрлеп, Түркістан, Шымкент, Сайрам, Ташкент сияқты қалалардан да барып  шығады. Ал Терістік-Шығыс, Орталық  және Батыс Қазақстанда бұл шақтарда Қарамола, Қоянды, Ақмола, Атбасар, Ойыл жәрмеңкелері, Торғай облысының жәрмеңкелері қатты өседі. 

 

Осы жағдайлардың кезінде  Солтүстік Қазақстанда да, Оңтүстікте де қазақ халқының өз арасынан шыққан саудагерлер молая береді. Ақмешіт, Қызылжар, Семей сияқты қалалардан шыққан саудагерлер бір жағы Троицк, Орынбор, Ірбіт жәрмеңкелеріне барса  және екінші жағынан Ташкент, Бұхара, Хиуаға немесе Қытай шегі Шәуешек, Құлжаға  дейін сауда жүргізетін болды. Ал Россиядағы қазақ ортасына келіп, сол Қазан, Орынбор, Нижний, Троицк, Қызылжар, Омск, Уфа, Семей сияқты қалалардан шыққан татар саудагерлері молаяды. 

 

Орыс ірі саудагерлерінің  жалдама доверенный, приказчиктері  болып көп қатар делдалы қазақ  арасына мол шығады. Қазақ шаруасының аяқты малы ғана емес, ет, майы, тері-терсегі, жүн-жұрқа, қыл-қыбыры, басқан киіз, елтірісі-сеңсеңі - барлығы да сауда айырбас араласына  қатысады. Бұның үстіне, осы кездерде ат-көлік, түйелі керуен сияқты көліктерін сол сауда керектеріне жалдамаға  жүргізу де жиілейді. Товарлық қатынас  күшеюмен бірге, мал шаруашылығының, аңшылықтың, балық кәсібінің, қолөнер  бұйымдарының өнімі өсе бастайды. Және де сол Россиямен экономикалық байланыстар күшею, молаю нәтижесінде  әр алуан қолөнер кәсібі үдей береді. Әрине, осы айтылған халдермен қатар, жергілікті еңбек елінің көпшілігіне  жер тарлығы, жаңадан күшейген үстем  тап зорлығы басымдай түседі. Бай  мен бек, болыс, би сияқты реформадан соңғы жағдайларда өз керектеріне  мол пайдаланушы топтар, үстем  тап қанаушылары күшейеді. Халық  сыбағасы болған жердің шұрайлысын осылар алады. Сол соңғы топтар патшалық чиновниктерімен, саудагерлерімен  қосылып, қазақтың қалың бұқарасын  неше алуан жолмен қысып, қанай бастайды...  

 

Осы айтылған тарихтық терең  шындықтарға сәйкес қазақтың еңбекші  көпшілігінің арасында кедейшілік нәтижесінде  жатақ молаяды және орыс крестьяндарының  шаруашылық мәдениетінен өнеге алып, отырықшылықты салт ету басталады. Орал, Тобыл және Сырдария, Жем-Ырғыз, Торғай, Тоқырауын сияқты өзендер  бойларында үлкен іскерлікпен жасалған тоғандар, арықтар пайда болады. Экономикалық байланыстардың өнімі  Россияға ауысумен қатар, қазақ шаруасының да киіз үйіне орыс фабрикалары шығарған пұл-мата, ыдыс-аяқ, қару-сайман, әр алуан  аспап-бұйымдары мол келе бастайды. Ендігі қазақ қолданатын киім-бұйымның баршасы россиялық товардан, саудалы  қатынастан келеді. 

 

Қазақ аулында бұл кездерде салттың өзгерісімен қатар, аса  тереңдеген күйде қоғамдық өзгерістер мол көрініс береді. Үстем таптың өзінің арасында да қалың көпшілікке ықпалын жүргізу ретінде тайталас-бәсеке басымдайды. Бұрынғы хан тұқымы сұлтан дейтіндер, аталы жуан шонжарлар  өздерінің бұрынғы Россияға қосылмай тұрғандағы хандық, билік, әмір-құдіретінен  айрыла бастайды. Олардың орнына енді малды байлар, айлалы пысық саудагерлер  ықпалы асқындай түседі. Бұл кездерде Россиядан келген жаңалықтың тағы бір  зор жақсылығы есебінде өткен  ғасырдың орта кезінен бастап орысша-қазақша  мектептер ашылады. 

 

Және де бұрын қазақ  ортасына дегенін жүргізіп келген мұсылман дінбасыларының (ишан-пірлердің, пірәдарлардың) ықпалы да кей жағынан, Россия мәдениетінің тарай түсу нәтижесінен азая бастайды. Бұл ортадан Россия мәдениетіне  қазақ халқының көпшілігін жуытпағысы келген, реакциялық әрекет үгіттер  мол тарайды. Бұлардың ұранына, жоғарыда Россия саудагерлерімен саудалы  бәсекеге (конкуренцияға) түскен Бұхара, Хиуа, Қоқан саудагерлерінің Россияға қарсылығы жалғасады. Әрі фанатиктік ислам уағыз-өсиетін қазақ ортасына көп таратушы, әрі өздері сауда  бәсекесінде қазақ даласын оз ықпалында ұстауға тырысатын  татардың, қазақтың фанатик, діншіл сауда-буржуазиясы  да көп кезде Россияның жаңалықтарына  қарсы үгіттер жүргізеді. Бұлардың бәрінің әрекеттері жоғарыда аталған  қазақ ортасындағы бұрынғы хан-сұлтандар, би-шонжарлар сияқты ерте күндегі  қанаушылардың бүгінгі наразылығымен  табысады. 

 

Осылайша қазақ даласында  реформадан соңғы дәуірде біріне-бірі қайшы, қарсы ағымдар, салт-саналар  болады. Реакцияшыл консервативтік үгіт таратушы қазақ шонжарлары, татар, Бұхар  хазірет, ишандары осы реформадан соңғы  дәуірде қазақ ертегі әңгімелеріне де өздерінің діншіл-фанатиктік, реакциялық ықпалын таратуға тырысады. Бірақ  қазақ елдігінің ырысына қарай  Россиямен қосылу нәтижесінде қазақ  халқына келетін зор тарихтық прогрестік жаңалықтарды жақтаушы ұлы  қайраткерлер орыс халқының ішінен де, қазақ халқының өзінен де шыға бастайды. Осы аталған дәуірлерде қазақтың ұлы демократ-ағартушылары Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, Абай Құнанбаевтар майданға шығады. 

 

Қазақ еңбекші жұртшылығының  ендігі "айтқан мүддесі мен арманын" аңғартатын ауыз әдебиет үлгілеріне Шоқанның түсініктері, онан соң әсіресе  Ыбырай мен Абай шығармаларының арманы, санасы, тарихтық мәдениеттік озғын талаптары және де әсер етпей қалған жоқ. Бұл ретте Шоқанның ислам іргесінен тараған діншілдік схоластикалық үгіт-өрнектердің барлығына аса айқын санамен қарсы болғанын білеміз. "Діндар қазақтар Меккеге бара бастады, ал біздің ақындарымыз халық жырларының орнына өлеңге салып ап, мұсылмандықтың діншілдік ертегілерін жырлайды. Жалпы Европа мәдениетіне жеткенде қазақ халқы да, орыстардың византиялық дәуірден өтіп жеткеніндей, татарлық дәуірден өтпей болмайтындай сор тап болыпты" дей келіп, содан тағы арғы сөзінде "өзі ұғымпаз және жас қазақ ендігі татарлық білімінен тек қана ақыл мен сезімді тұсайтын құр ғана өлі схоластикадан басқа не жақсылық күтеді" деген болатын. 

Информация о работе Халық ертегілернің бала дүниетанымын қалыптастырудың маңызы