Халық ертегілернің бала дүниетанымын қалыптастырудың маңызы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 25 Марта 2013 в 20:17, диссертация

Описание работы

Халық ертегілерінің бала дүнетанымын қалыптастырудағы маңызы аса зор. Қазақ фольклорындағы ертеден келе жатқан көне жанрлардың бірі - ертегілер. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тараған мол мұра. Оның осы дәуірге дейін жетуі ертекшілермен тығыз байланысты.Халық арасында үлкен беделге ие болған ертекшілер ертегіні шебер орындаған.Жаңадан ертегілік сюжетті тудырып толықтырып отырған. Ертегіден халқымыздың ертеңге деген сенімі мен арман-тілегін, қиялын, даналығын, ғасырлық өмір тәжірибесін көреміз. Ертегінің қай түрін алсақта ол баланың ой-қиял ұшқырлығын күшейтеді, мінез-құлқын, ерік - жігерін қалыптастырады. Сондықтанда ертегіні оқытуда оның жанрлық ерекшелігін ескеріп. тәрбиелік мақсатына айрықша көңіл бөлгеніміз жөн.

Содержание работы

Қиял-ғажайып ертегілері 4

Хайуанат жайындағы ертегілер 10

Салт ертегілері 16

Алдаркөсе 23

Асанқайғы 25

Жиренше 27

Қорқыт 28

Қиял-ғажайып ертегілері 34

Хайуанат жайындағы ертегілер 38
Салт ертегілері 40

Файлы: 1 файл

Халық ертегілернің бала дүниетанымын қалыптастырудың маңызы.docx

— 140.09 Кб (Скачать файл)

 

Ал сол ертегінің тап  тартысының ертегісі екенін әсіресе  нақтылап айыру жолында ауыз әдебиетінің  бұл түрінен ең алдымен типтік белгіні ерекше алу керек. Типтік дегеніміз - көркем шығармалардың ішінде белгілі ортаға айрықша тән болған тенденцияны, қасиетті, озғын тенденцияны  айрықша бағалауда. Сонда типтік дегеніміз - саны көп немесе статистикалық  орташа мөлшер емес, ол алдымен қоғамның өсу перспективасымен, өмірлік тарихтық бағалы сипатымен ерекше болған деп  танылуы керек. 

 

Салт ертегісін тудырып, таратушы қоғамды, ортаны алсақ, мысалы, орыстың еңбекші шаруаларына  арнап айтқан пікірлерінде В.И. Ленин  ол ортаға ерекше тән тенденция - демократиялық  тенденция дейді. В.И. Ленин шаруалар жөнінен жазған сөзінде: "Бұның  орасан мол көпшілігінің халі соншалық ауыр. Алпауыттардың жер қожалығы, бұларға көрсететін қысымы соншалық күшті, ал шаруашылық жайлары сорақы күйде нашар, теңсіздік сондай масқаралық халде зор, сондықтан бұл ортада демократиялық көңіл мен талаптар тұрғанда, аңдап болмастай стихиялық, амалсыздық қалпы да туады", - дейді. 

 

Және де Ленин: "Примитивтік  крестьян демократиясында ғасырлар бойындағы крепостной құлдықтың, чиновниктік  озбырлықтың, талаудың, шеркеу аярлығының, алдамшы бұзықтығының бәрі жиылып тудырған таудай ыза, жиреніш те бар", - дейді.  

 

Қазақтың да еңбекші халқын алғанда, салт ертегілерінде барлық ызалы сынды: хандарға, байларға сол  таудай ыза мен жиреніш түрінде  қалыптағанын көреміз. 

 

Әрине, осы айтылғандармен қатар, қазақтың салт ертегілерінде, халықтық ертегі болған күйдің өзінде де, таптық сананың өсу шамасы тарихтық жағынан  жеткілікті болмағандықтан және тар  көлемді болғандықтан, оның үстіне, көпшілік санасына қанаушылардың салт-саналық  ызғары, тізесі, зорлығы әсер ететіндіктен, кей кездерде анық көрінетін қайшылықта болады. Сондықтан кейбір салт ертегілерінде  өзінің теріс мінезінен өкініп, қайта  түзеліп кететін зорлықшыл хандар кездеседі. Тағы бірталай ертегілерде "жақсы хан" болды-мыс дегендей жайлар байқалады. 

 

Бұл күйді талдап ұғынуда  екі ерекшелік бар екенін есте тұту қажет. Ең әуелі еңбек елі  өз ортасынан шыққан еңбек иесі боп, өнер тапқан өжет адамды хан етіп, әңгіме аяқтағыш келеді. Бұндағы таптық, қоғамдық бір сыр: бейнет елінің, көпшіліктің  жайын, күйін білетін, арманын ұғатын адам әкім болса, жақсы болар еді  деген түсінік, наным да байқалады. Сондай адамын халық хан қояды. Ал хандықты, ескілікті тар көлемді  түсінік бойынша, хандықтың өзі  де адам басына келетін бақыт, жақсылықтың  ең зоры деп түсінген. Жоғарыда айтылған таптық сананың жетіліп өспегендігінің нәтижесі де білінеді. 

 

Осы айтылған жайлардың барлығы  қазақтағы салт ертегілерінің мәнін, сырын шешуге, бұрын қазақ ертегісін  зерттеу жөнінде қолданылып жүрген идеялық қателіктерден, құрғақ тамашалағыш  буржуазиялық-ұлтшылдық және әр алуан "бірыңғай ағым" (единый поток) түсінігінен  тазарған, анық марксизм-ленинизм негізіне сүйенген тексеру қажет екендігін  аңғартады. Ғылымның міндеті, зерттеушінің борышы еңбек елі шығарған халықтық шығармадан сол халықтың таптық мүддесін тануда. Қоғам тарихының ертелі-соңды  күндеріндегі шындығын айқындап, жүйелеп  таратып беруде. 

 

Салт ертегілері қазақта  ұшан-теңіз болса да, әлі тегіс  жиналған жоқ, ерекше зерттелген де емес. Бірақ бүгін туып отырған көркем прозаның (роман, әңгіменің) мол іргесі, кең қоры осы түрде екенін даусыз дәлелдейтін ауызша айтылған салт романы (халық романы), тарихи ұзақ әңгіме (повесть), тарихтық хроника, ең алғашқы қысқа  әңгіме (новелла), қызық құрылысты  өткір әңгіме, өсиет әңгіме, күлкі  әңгіме, геройлық аңыз, шебер өмірбаяндық  әңгімелері, жорық-жортуыл әңгімелері сияқты - құбылысы көп, қиын түйінді, шытырман оқиғалы (приключенческий) әңгімелер - бәрі де осы топтан табылады.

Мұндай алуан түрі, көркі  көп халық қорына қарағанда, жазба  әдебиеттен бұрын-ақ көркем қара сөз  туғызушы атсыз әңгімешілер еңбегімен, қалың халық даналығымен бірге  қазақта аса шебер жанрлар (түрлер, үлгі, өрнектер) туып, өсіп қалғанын көреміз.  

 

Көркем поэзияға ауызша поэзия қаншалық бөгетсіз, сатысыз көп қор  құйған болса, бүгінгі көркем прозаға  да халықтың ауызша әңгімесі сондайлық  жатық жолмен көп араласып, қабысып  жатыр. Бұл жай қазақтың салт ертегілерін  тексеру мен көркем прозасын талдап ұғынуда ғылымдық үлкен түйінді, проблемалы мәселе есебінде зерттеліп, тексерілу қажет. Әсіресе, осы жайларды тақырып таңдаудан, әңгіме желісін  таратудан, адамды бейнелеуден және өте-мөте әңгімелеу тілінің, сөз  кестесінің ұқсастық, тектестік жағынан  қарап зерттеу, талдау шарт. 

 

Салт ертегілер қазақ  фольклорында сан жағынан аса  көп болумен қатар, бірнеше айқын  түрлерге де бөлінеді. Соның алдымен  көзге түсетін түрі - тұрмыс-салт ертектері. 

 

Жалпы ертегі ішінде салт ертегілер  көп болса, соның өз тобындағы  ең молы - тұрмыс-салт ертегілері. Бұл  ертегінің көптігіне орай тақырыбы да мол. Оның ішіндегі бастыларын санасақ: пайдалы өсиет, ақылды жігіт, ақылды қыз, қиянатшыл жар, өгей шеше қастығы, хан қиянаты, әке мен бала, ағалар мен інілер арасы, тағдыр мен бақ, ұрылар мен аярлар әңгімесі сияқты неше алуан болып шығады. Бұлардың жалпы тобынан туатын идея, қоғамдық салт-сана: үстемдік пен теңсіздікті, зорлық пен қарсылықты, байлық пен  кедейлікті, бақ пен сорды, жақсылық пен жамандықты, ақыл мен ақымақтықты  қарсы қою түрінде болады. Осы  қатарда үй іші тұрмыстың адалдық  пен қиянаты, беріктік пен алдасуы  да көп ертегінің идеясын ашып отырады. 

 

Жоғарыда айтылған тақырыптар ретімен қарасақ, пайдалы өсиет  жайындағы салт ертегілері өз алдына бір мол әңгімелер болады. "Білгір адам"1, "Қарттың ұлына өсиеті"2, "Үш ауыз сөз"3, "Үш өсиет"4, "Өнеге"5, "Алпысқа келгеннен ақыл сұра"6, "Үш кеңес"деген ертегілердің барлығы осы бір тақырыптың көп түрлі әңгімесі, кең қайталамасы есепті.  

 

Салт ертегісінің бұл  түрінде адам жай ғана қалыпты  адам болып кездеседі. Ертегі ері  мұнда батыр да, бағлан да емес, көптің бірі және айласыз, әлсіз жалқы адам болады. 

 

Көбінше өмір тартысына, талқысына  бұрын түспеген, көргені мен тоқығаны аз жас болады. Сондықтан бұл адам көптің бірі, тірлікте, қоғамда күнде  кездесетін жас буынның өкілі. Ендеше, ертегі осындай жасөспірімге серік  етіп, өзіндей жасты әңгіме етіп, нақыл, ақыл береді. Тірлік үшін алысудың тәсілін, құралын бермек болады. Міне, бұл түрлі ертегіден туатын тәрбиелік, ұстаздық мағына осындай - өмір құралы жазылмаған кітап нәріндей болып  келеді. 

 

Тұрмыс-салт ертегілерінің  тағы бір көп қайталайтын тақырыбы - ақылды жігіт, ақылды асыл қыз жайындағы  ертегілер. Бұл ертегілердің ескі түрі қиял ертегілерінің әсерін көрген, сондағы ертегілік қиын жол, қыспақ хал сияқтының бірталайын ішіне  ала жүреді. Қыз ақылды, жігіт  жақсы болып қиядан табысатын  бір нұсқалары болса, сонымен  қатар кей ертегіде қыз ақылды дана, бірақ жігіт олақ болып кездесіп, арадағы ақылды дос жігіт, не дос  көмек етіп, "мұраты хасыл" болады. Осы алуандас ертегінің бір үлгісі - "Жалайдар хан мен Сағат"8. Мұнда ақылды сұлу хан қызы жігітке ғашық, іздеп табуын тосады, аңсайды. Жігіт өзі жете алмастай, сонда ақылды досы Сағат жәрдемші болады. Жол ауыр, өткелсіз қиын. "Тозбас тон, азбас ат" керек ететін жол деп, ертегінің өз тілінде баян етіледі. Бейнетпен жетеді. Бірақ жігіт ғашығына жолығар түнде ұйықтап қала береді. Қыз белгілер қалдырып отырады. Ақыры Сағат көмегі, ақылымен қыз жігітке қосылады.  

 

Осы түрде әңгімеленген ертегінің  бәрінде жұмбақ, әрекет көп келеді. Қыз үнсіз, бірақ зат қалдырып, ылғи жігітін сынап, із тастап отырады. Ақылды қыз әңгімесі тағы бір осындай  ескі ертектен хан қызы болып, бірақ  әкесінің қатал кәріне ұшырап, жазаға бұйырылып, сол жаза түрінде қайыршы  жігітке беріледі. "Жақсы әйел"9деген ертегі де солай келген. Ерік, ықтияр жоқ, күндік күйдегі әйел халі өзгедей емес, хан қызының басында да бар. Қиянатшыл, қатал, қаскөй хан жұрт қызына қысым көрсетумен тұрмай, өз қызына да сор тудырады. Бірақ ертегінің ақылды қызы қайратты да, мінезді де. Ол көп жерде, шын қасиетімен хан қызы емес, халық қызы болып кетеді. Сондықтан қайыршы күйеуін, не кем-кетік, не ақылсыз қор болып жүрген, "жаман" деген атқа ілінген күйеуін адам етіп, жақсы етіп, биік баққа жеткізіп отырады. 

 

Ақылды жігіт әңгімесі де осы ақылды қыз сияқты сан түрлі, көп алуанды болып кетеді. Соның  бірі -"Қарт пен тапқыр жігіт"10 деген ертегідегі жас. Ол бірге жол жүріп келе жатып, қасындағы қартқа екі-үш түрлі жұмбақ, қиғаш сөз тастайды. Сонда "арқаласайық" дегені - әңгіме айтысайық дегені екен.  

 

Өлген адамның жаназасына кезігіп, "өлмеген екен" дейді, пісіп тұрған егінді "желінген екен" дейді - бәрінде де ақылды, терең  мағына бар болып шығады. Жұмбақты үйге келгенде шалдың қызына да тастайды. Бірақ қыз бәрін шешіп, ұғынып, дана жігітке жар болып қосылады.  

 

Ақылды жігіттің бір алуаны әділ шебер кісі болып, елге, жұртқа даңқы жеткен "Аяз би" сияқты болады. Мұнда елдік абыройды алған  жақсы жігіт көбінше елеусіз  көптен шыққан, қалың ел ортасынан  келген жалғыз жігіт болады. Ол жігіт  елге жаққан, қиынның ебін, қиюсыздың  бабын тапқан ақылды болғандықтан, хан сарайын да өз дерегіне мойындатып, үлкен күш иесі болып кетеді. Қарадан  шығарып, "Бақпен асқан патшадан миымен асқан қара артық" деген  халық әңгімесі ондайды хан қоятыны  да бар. Халық, бұқара көпшілік хан мен  әміршінің ақылсызынан, қиянатшылығынан  зығыр жеген кезінде ең болмаса  осындай үлгілі ертегісі, әңгіме-қиялы  арқылы дауласа күресіп, өз мүддесін айтады. 

 

Бұл жөнде Добролюбовтың  орыс ертегісі жайында айтқан елеулі үлкен ойының бірін еске алу қажет. "Өзге ертегілердің көпшілігінде қулық  пен айлакерліктің, зорлықшыл күштің басым екендігін байқауға болады: бұл өте табиғи хал, ақыл санасы өсу  жолында зорлықшыл күштен көп  бөгет көретін адамдар арасында болады. Сол зорлық себебінен, тура жолмен алысудан тайқып, қулық, айлакерлік жолына амалсыз ауысады", - дейді.  

 

Қазақтың айлакер, ақылды, алғыр және күлдіргі мазақшыл тазшалар жөніндегі ертегілері және әсіресе "Алдар көсе" жайындағы ертегілері Добролюбовтың осы айтқан пікіріне анық айғақ бола алады. Халық ортасында  туып тұрған, хандарға қарсы ертегілер  айлалы ақылдының қара күшті, жауыз  зорлықты жеңіп қана қоймай, масқаралаған, мазақтап кетіп отырғанын да танытады.  

 

Сондай кездерде тұрмыс-салт ертегісі қырсықты ханды жеңген жанның бәрін көп дәріптейді. "Кесір  хан мен тазша"" деген ертегіде осындай қырсықты хан - қыз болады. Басын үш рет сөзбен көтерткен  кісіге тимек, көтерте алмағанның басын  алады. Салт ертегісінде көп кездесетін осындай сертті жазаларға, қатал  сынға шыдап барып, жүлде алып келетін әрдайым, тағы да халық өкілі  болады. Мынау ертегіде сол талапкер - тазша болады. Ол хан сертін әдейі  айтылған қияс даумен мысқыл етіп жояды  да, жеңеді. Қызды, ханды ақылы мен  тәуекелінің жүлдесі етіп, көнбесіне  көндіріп отырып алады. 

 

Осы алуандас тағы да өмір шындығынан туатын салт ертегісінің бірталайы - қиянатшыл өгей шеше жайындағы  ертегілер. Бұл тақырып, тегінде, жалғыз қазақ емес, көп ел ертегісінде  бар. Өгей шешенің қыз балаға сор  туғызатын қастығын әсіресе орыс халқының қиял ертегілері де, салт ертегілері де көп әңгімелейді. 

 

Ал "Бақа"12 деген ертегі - тағдырға иландырам деген ертегілерге қарсы, әдейі әзіл, мысқыл есебінде туған әңгіме. 

 

Онда Бақа деген шал "көріпкел" де, сәуегей де емес. Бірақ еріксіз  балгер, болжаушы болады. Өзі тілемей, ешбір дайын болмай, сол міндетті атқаратын болады. Жай жазықсыз таза адам. Өзінің мынадай өрескел халінен  барды беріп құтылуға ынтық. Қашпақта болады, бірақ құтылар шара жоқ, балгерлік  етпесе, қауіп төніп, тосып тұрады. Бұның халі әрі уайым, әрі күлкі. Сонда болымсыз, ойда жоқ себептер Бақаның сандырақ сөзін - ем сөз қып  шығарады. Бақаның қадірі артады. Тағы қысылып, тағы сәтпен айтқаны келеді. Үшінші қысталаң сында мұның Бақа деген атының өзі шалдың бағы болып  шығып, сол құтқарады. Сөйтіп, бақ  деген нәрсе арзан, оңай жолмен Бақа шалға ойда жоқтан өзі келіп оралады. "Жалғыз балгер'"13 мен "Ойда жоқ"14 деген сияқты ертегілер дәл осындай. 

 

Бұл әңгімелердің түп мағынасы бар, тағдыр деген үгіт, өсиеттерге қарсы елдің сыншы, мысқылшыл, толғаулы ойы тудырған бір алуан күлкі, ажуа, сыншы әңгімесі, тапқыр әңгімесі болады. 

 

Тұрмыс-салт ертегілерінің  тақырып түрлері бұл саналғандармен бітпейді, көп те, кем де келеді. Бірақ  осында тексерілген ертегілер арқылы ашылған ерекшеліктер, қоғамдық, сыншылдық  сырлар, таптық идеялар, композициялық  ерекшеліктер бәрі де тұрмыс-салт ертегісінің  байырғы, туынды түрлеріндегі ескілі-жаңалы жалпы бітімді аңғартуға жарайды.  

 

Салт ертегілері қатарындағы  алуаны бөлек бір топ - күлдіргі ертегілер. Бұл ертегілер бала мен үлкенге  бірдей ортақ, тапқыр күлкіге, қызықты  жеңіл түйіндерге құрылған әңгімелер  болады. Алдымен бұндай ертегілердің оқиға ортасында жүретін бас  геройының өзі ерекше. Оның бар  іс-мінезінен бұрын аты-қалпы, кескін-ұсқыны да күлкі, оқыс келеді. "Ши бұт, қағанақ  бас, қыл тамақ'"15, "Ұр тоқпақ'"16, "Қаңбақ шал"17, "Байбай шал'"18, "Айлалы тазша"19, "Қу тазша"20, "Тазшаның қырық өтірігі"21, "Қу бала"22, "Екі еріншек"23деген сияқты болып, ертегінің аты мен адамынан да әңгіменің ойнақы, күлдіргі жаққа қарай бейім тұрғаны мәлім болады. 

 

Бұл қатарда қазақ халқы  айтатын күлдіргі әңгімелер ішінде алдымен аталатын "Алдаркөсе" болуға керек еді. Бірақ ол жайындағы  әңгімелер ілгеріде айрықша тексеріледі.  

Информация о работе Халық ертегілернің бала дүниетанымын қалыптастырудың маңызы