Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Марта 2015 в 20:43, реферат
1. Әлеуметтік стратификация теориясы және оның мәні
2. Әлеуметтік мобильділік түсінігі және оның түрлері.
3. Қазақстандағы әлеуметтік стратификация мен әлеуметтік мобильділіктің даму деңгейлері
Әлеуметтік стратификация және әлеуметтік мобильділік
Негізгі ұғымдар: әлеуметтік стратификация, әлеуметтік мобильділік, әлеуметтік топ, әлеуметтік тап, әлеуметтік статус, каста, сословие, көлденең мобильділік, тік мобильділік, ұрпақ аралық мобильділік, ұрпақ ішілік мобильділік.
Теңсіздіктер мен әлеуметтік стратификация проблемасы іс жүзінде әлеуметтік және философиялық теориялардың барлығының да басты назарында болады. Стратификация ұғымының қазіргі заманғы ғылыми ойлаудың категориялық аппаратындағы орнының маңызы зор.
Әлеуметтік қауымдастықтар теңсіздігі жүйесін сипаттау үшін социологияда “әлеуметтік стратификация” ұғымы пайдаланылады. “Стратификация” терминінің өзі социологияға геологиядан келген. Ағылшын тілінде “strata” немесе “stratum” сөзі алғашында геологиялық қабат деген, ал “stratіfісatіon” сөзі қабатталу, қатталу деген ұғымды білдірген. Социологтар әлеуметтік теңсіздікті белсенді түрде зерттей бастаған кезде осы терминді алған, сөйтіп ол жаңа мағынаға, қоғамды белгілі бір топтарға бөлу мағынасына ие болған. Қоғамда әрдайым құрылым болатындықтан , ондағы адамдар түрлі негіздер бойынша жіктеліп отыратын болған.
Алайда теңсіздік табиғаты туралы сөз қозғалатын кез келген ғылыми әдебиетпен алғашқы танысудың өзі стратификация процесі мен әлеуметтік жинақылық проблемалары зерттеушілер арасында осы ұғымның мазмұны мен көлеміне қатысты бірыңғай көзқарастың жоқ екендігіне көз жеткізеді. Сол сияқты әлеуметтік қауымдастықтарды білдіретін әлеуметтік тап, топ, страта, мәртебелік топтар сияқты талдау бірліктері де барлық уақытта бірдей баяндала бермейді.
Әлеуметтік тап - әлеуметтік стратификация теориясындағы ірі таксонометриялық талдау бірлігі. Бұл ұғым стратификация теориясынан көп бұрын пайда болған . Әлеуметтік құрылымды талдаудың маңызды принципі таптық көзқарас болып табылады. Оның негізінде әлеуметтік қарым-қатынастар мен материалдық өмірдің әр түрлі шарттарының себеп-салдарын түсіндіру жатыр. Тіршілік ету құралдарын өндіру процесі анықтаушы болып табылып, ал оның бастау алатын жері еңбек бөлінісі болғандықтан, қоғамдық өндіріс жүйесінде әр түрлі орынды иеленетін адамдардың топтары басым әлеуметтік элементтер болады. Тап ұғымы - айтарлықтай ірі “көлемді” талдамалық бірлік, ол қоғамдағы елеулі, шегіне жеткен жалпы өзгерістерді зерделеуге арналған және қазіргі заманғы қоғамдағы “ғаламдық” өзгерістерді зерттеуге арналмаған. Сондықтан сарапшылар талдаудың неғұрлым нақты және икемді бірлігін - “страта” немесе топ ұғымын бөліп қараған. Топтар - еңбек сипатындағы айырмашылық қажеттіліктерге, оларды қанағаттандыру құралдарындағы және өндірістен тыс қызметі құрылымындағы айырмашылықтарға әкеп соғатын кезде, бөлінген және біртекті емес еңбек нәтиижесінде пайда болған әлеуметтік қауымдастық.
Сонымен қатар, стратаны бөліп қарауға негіз болатын кез келген белгі емес, тек мәртебелік белгі, яғни берілген қоғамда объективті түрде “жоғары - төмен”, “жақсы - жаман”, “мерейлі - мерейсіз” сияқты салыстырмалы сипат алатын белгі екені ойда болуы қажет.
Тек жіктелген, бірақ мәртебелілік емес топтарды бөліп қараудың негізін белгілердің тұтас қатары құрауы мүмкін. Мысалы, халық музыкасын ұнататындар немесе футбол командасының жақтастары көбінесе белгілі бір мәдени топтың мәртебелілік қырына қатысы жоқ өкілі ретінде қарастырылады. Алайда орын иелену қоғамда маңызды сипат алатын белгілі бір кіріс деңгейімен немесе әлеуметтік позициямен сәйкес келетін болса, онда бұл топтар мәртебелік болады. Бұл орайда әлеуметтік топ ұғымы - талдаудың әлеуметтік қабатқа қарағанда азырақ анықталған және белгіленген бірлігі. Кей кездері “қабат” ұғымының орнына “топ” деген ұғымды кездестіруге болады. Бірақ қабат ретінде анықтауға болмайтын, тек топ ретінде ғана анықталатын қауымдастықтар бар. Айталық, отбасы - шағын әлеуметтік топтың неғұрлым тұрпатты үлгісі. Алайда кірісі жоғары (немесе кірісі аз) отбасыларының өкілдері зерттеулерде қабат ретінде кездеседі.
Дәреже ұғымы стратификацияны талдауда шешуші мәнге ие болады. Ол страталардың өмір сүруінде бағалау факторлары: адамның қандай да бір жағдайдағы мінез-құлқының желісі, оның өзін және айналасындағыларды дәрежелеуге көмектесетін белгілерге негізделген бір нәрсеге, ұстанымдарға көзқарасы үлкен рөл атқаратынын көрсетеді.
Әлеуметтік мобильділік - бұл әлеуметтік мәртебелер жүйесінде адамның жағдайының өзгеруіне байланысты әлеуметтік стратификациялар механизмі.
Адам туылғанда аскриптивті немесе маңдайға жазылған мәртебе деп аталатын өзінің ата-аналарының мәртебесін алады. Ата-аналары, туыстары және отбасына жақын адамдар баланың бойына өздерінің мінез-құлық нормаларын, тиісті және мерейлі нәрселер туралы түсініктерін сіңіреді. Алайда адам өзі қызметінің белсенді кезеңінде бұл қабаттағы жағдайына қанағаттанбауы, одан да зорына ұмтылуы және қол жеткізуі мүмкін. Соңғы жағдайда ол қол жететін мәртебеге ие болады. Егер де адамның мәртебесі неғұрлым мерейлі, жақсы мәртебеге өзгерсе, онда жоғарылау мобильділік орын алды деуге болады. Алайда адам өмірде кездесіп тұратын алапаттар (жұмысынан айрылу, ауырып қалу, т.с.с.) салдарынан төменгі мәртебелер тобына өтуі де мүмкін - бұл кезде төмендеу мобильділік орын алады. Зерттеушілер әлеуметтік мобильділіктің барлық түрлерін (ұрпақаралық, кәсіптік және т.б.) бөліп қарауға мүмкіндік беретін статистикалық рәсімдер мен көрсеткіштер жүйесін пайдаланады, бұл жалпы алғанда халық қозғалысының әр алуан түрлерін талдауға мүмкіндік береді. Тігінен орын ауыстырулардан (жоғарылау және төмендеу мобильділіктер) басқа көлденеңінен орын ауыстырулар болады, ол табиғи мобильділіктен (бір жұмыстан екінші жұмысқа мәртебесін өзгертпей ауысу) және аумақтық мобильділіктен (бір қаладан екінші қалаға көшу) құралады.
Санасы, мінез-құлқы мен мәртебесі түйісіп отыратын, аралық жағдайда және көбіне қандай да бір себептермен өзара әрекеттес әлеуметтік топтардың біріне ұзақ уақыт бойы бейімделе алмайтын немесе бейімделгісі келмейтін адамдардың, қандай да бір әлеуметтік топтар өкілдерінің жиынтығы маргиналдар деп аталады (от латынның margіnalіs - шетте тұрған деген сөзінен шыққан). Олардың мәртебесінің шығу тобы мен басымдық танытушы топ арасындағы шекаралық, аралық сипаты болады, сондықтан бір жақты өзін-өзі сәйкестендіруге келмейді .
Өз зерттеулерінде бұл проблематикаға соқпай өтпейтін әрбір социолог өзінің қоғамдық топтарға стратификациялайтын өзіндік белгілерін бөліп қараған, алайда барлық ғалымдар мұндай бөлінудің себебі әлеуметтік теңсіздікте деп есептеген. Стратификациялық белгілердің жинақталымы мен иерархиясы нақты бір қоғамның өз дамуының белгілі бір уақытындағы ерекше әлеуметтік, экономикалық, этникалық сипаттамаларына байланысты.
Социологиядағы әлеуметтік стратификацияның негізгі тұжырымдамаларын қарастырып көрелік. Энтони Гидденс “стратификация әр түрлі топтардың, адамдардың арасындағы құрылымдалған теңсіздік ретінде анықталуы мүмкін” деп есептейді. Американ социологиялық сөздігінде мынадай анықтама берілген: “Адамдар теңсіздіктің қандай да бір өлшемімен иерархиялық ұйымдастырылған қатарға тізілгенде әлеуметтік жіктелу әлеуметтік стратификацияға айналады” . Болгар социологі Чавдар Кюранов “Әлеуметтік стратификация тұтас қоғамдық құрылымдағы көлденең топтар жүйесін білдіреді” деп санайды. Нейл Смелзер “стратификация теңсіздіктің бір ұрпақтан бір ұрпаққа берілуіне көмектесетін тәсілдермен байланысты; бұл ретте қоғамның әр түрлі топтары пайда болады” деген ұйғарым жасайды.
“Әлеуметтік стратификация” ұғымының теориялық-әдістемелік негізін жасауға елеулі үлес қосқан М.Вебердің, К.Маркстің, П.Сорокиннің, У.Л. Уорнердің, Д.Дж. Трейманның, Б.Барбердің еңбектері, Т.Парсонстің функционалдық мектебіне жататын социолог ғалымдардың жұмыстары болып табылады. Әлеуметтік теңсіздік проблемасын қақтығыстар теориясының өкілдері де назардан тыс қалдырмаған. П.Сорокиннің стратификациялық теориясы жалпы қоғамды әр түрлі әлеуметтік топтарға бөлу принциптерін сипаттайтын неғұрлым салмақты тұжырымдамалардың бірі болып табылады.
Әлеуметтік теңсіздік жөніндегі көптеген идеялар маркстік стратификация мен таптар теориясынан алынған, онда таптық құрылымның, таптар арасындағы қатынастың, тарихтың қозғаушы күші ретіндегі таптық күрестің жан-жақты тұжырымдамасы баяндалған.
Барлық әлеуметтік құбылыстардың дамуындағы экономиканың негіз қалаушы рөлі туралы өзінің негізгі тезисін ұстана отырып, Карл Маркс таптардың барлық негізгі сипаттамаларына сүйеніп, өзінің әлеуметтік қабаттану үлгісінің негізіне өндірістік қатынастарды алған. К.Маркс экономикалық ұйымның кез келген түрінде өндіріс құрал-жабдықтарына ие үстем тап және үстем тапқа қызмет ететін тап бар деп сендіреді. Ол сол сияқты люмпендердің - қоғамнан толық шығып қалған адамдардың болатынын да ескерген.
Әлеуметтік стратификация проблемасына қазіргі заманғы көзқарастың негізін Макс Вебер қалаған болатын, ол әлеуметтік құрылымды таптармен және оларды тудырушы меншік қатынастарымен қатар әлеуметтік мәртебе мен билік те маңызды орын алатын көп өлшемді жүйе ретінде қараған. М.Вебердің К.Маркстен айырмашылығы, ол экономиканы ұйымдастыруды стратификацияның негізі деп санамай, экономикалық сипаттамалардың бастапқылығы тезисінен бас тартты және “стратификацияның үш автономды өлшемдері” туралы өз ұғымын тұжырымдады.
Ол теңсіздіктің негізгі үш құрамдас бөлігін бөліп қарап, оларды өзара байланысты, бірақ сонымен бірге елеулі қатынастарда тәуелсіз деп есептеді: мүліктік теңсіздік, мәртебелік мерей және билік. Билік деп адамның (немесе адамдар тобының) жоспарларды іске асыру, іс-қимыл жасау немесе белгілі бір саясатты тіпті басқа адамдар мен топтар тарапынан болған келіспеушілікке қарамастан жүргізу қабілетін айтады.
Стратификацияның үш тобы да бір қоғамның ішінде, бір адам материалында болады, әр түрлі конфигурацияларда, бір қоғамнан бір қоғамға және бір тарихи кезеңнен бір тарихи кезеңге көшіп жүре береді.
Қарама-қайшы көзқарас У.Уорнердің “бедел теориясында” баяндалған. Ол американ қоғамындағы бөліп қаралған страталарын “әлеуметтік тап” деп атаған. Бірақ бұл біздің тарихи материализмнен білетін тап емес: марксистік тап меншікке қатысты берілген, ал Уорнер тапты әлеуметтік мерейі бойынша, яғни берілген қоғамдағы оның мүшелеріне қатысты бөледі. Алғашында ол қандай да бір тапқа көзқарас ең алдымен экономикалық өлшемдермен (өндіріс пен бөліністегі кірістер мен функциялар) анықталады деп ұйғарған, яғни түптеп келгенде негізгі марксистік тезистерді басшылыққа алған. Алайда бірінші кезеңдегі зерттеу нәтижелері оның болжамдарын теріске шығарды. Ол шамамен бірдей табыс табатын бір кәсіптің өкілдері “әлеуметтік мерейінің” сипаттамасы бойынша әр түрлі деңгейде болатынын аңғарған. Мерейдің адамның қоғамдағы экономикалық өлшемдерге негізделген жағдайымен қандай да бір байланысы болғанымен, әлеуметтік мерей сонда да болса бәрінен де күшті адамның өндіріс пен игілік бөлінісіндегі орнымен емес, оның осы игілікті тұтыну құрылымымен, яғни өмір салтымен, мінез-құлқымен және түптеп келгенде оның ұстанымдарымен байланысты. “Өмір салтының негізінде жатқан мұндай тұрақты, қайталанатын мінез-құлықтың негізінде берілген әлеуметтік жиынтықтың мәдениетінде немесе кіші мәдениетінде бекітілген үлгілер болатыны айқын”. Осылайша эмпирикалық материалдың көмегімен У.Л. Уорнер іс жүзінде Макс Вебердің “мәртебелік топ” деп сипаттаған стратасын ашты. Сол кезден бастап ғылыми терминологияда адамның қоғамдағы көзқарасымен өлшенетін орнын анықтайтын “әлеуметтік мәртебе” ұғымы берік қалыптасқан, оның өлшемін өз кезегінде “әлеуметтік рөл” деп санау қалыптасқан.
У.Л. Уорнер “тап” ұғымының анықтамасын береді: “Тап деп әлеуметтік жағынан неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен жағдайда болады деп ұйғарылатын және сол қоғамның мүшелері оларды тура осылай дәрежелейтін адамдардың екі немесе одан да көп жіктері деп түсінген жөн. Осы таптың мүшелері жұбайларын өз табының ішінен таңдауға тырысады, бірақ та қоғамның құндылықтары жоғары не төмен орналасқан топтан жұбай таңдауға жол береді. Сонымен таптық жүйе балалары ата-аналары жеткен мәртебеге ие болатынына кепілдік береді. Таптық қоғам құқықтар мен артықшылықтарды, сондай-ақ борыштар мен міндеттерді неғұрлым жоғары және неғұрлым төмен жағдайларға қатысты бірқалыпты бөлмейді. Таптық жүйенің касталықтан айырмашылығы әлеуметтік саты бойынша жоғары және төмен қозғалыстарды құндылық деп қарастырады.
У.Л. Уорнер өзінің әлеуметтік стратификация теориясының жалпы тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, қандай да бір адамдардың таптық тектерін олардың мәртебелеріне қоғамның басқа мүшелері беретін бағаларын басшылыққа ала отырып, яғни олардың беделін басшылыққа ала отырып анықтаған.
Талкотт Парсонс “Әлеуметтік стратификация теориясына аналитикалық көзқарас” атты еңбегінде қоғам туралы функционалдық ұғымды теориялық тұрғыдан негіздей бастайды. Қоғамның стратификациялық жүйесі бір жағынан еңбек бөлінісіне және әр түрлі топтардың әлеуметтік жіктелуіне негізделген болса, екінші жағынан, қандай да бір қызметтің мәнін анықтайтын және марапаттар мен ынталандыруларды бірдей бөлмеуден пайда болатын қалыптасқан әлеуметтік теңсіздіктерді заңдастыратын қоғамдағы басым құндылықтар мен мәдени стандарттар жүйесінің іс-әрекетінің нәтижесі. Т.Парсонс өзінің әлеуметтік әрекет теориясында әлеуметтік стратификацияның әмбебап белгілерін ұсынған:
“Сапа”, яғни жеке адамға белгілі бір сипаттаманы, позицияны таңып жазу;
“Атқару”, яғни жеке адамның қызметіне басқа адамдардың қызметімен салыстыра отырып баға беру;
материалдық құндылықтарға, талантқа, шеберлікке, мәдени ресурстарға және т.б. “ие болу”. Осы жерде Т.Парсонс бұл үш әмбебап объектілерді бағалаудың қоғамдағы үстемдік етуші құндылықтар үлгісіне сәйкес жүзеге асырылатындығын атап көрсеткен.
Функционализм тұжырымдамасы неғұрлым анық және толық түрде К.Дэвис пен У.Мурдың “Стратификацияның кейбір принциптері” атты еңбегінде баяндалған. Функционалдық көзқарастың негізгі тезисі - “кез келген қоғамдағы стратификация функциясы (ал стратификация кез келген қоғамда болады) қоғамдағы жағдайды қоғам үшін неғұрлым өмірлік маңызы бар аса қабілетті және білікті адамдармен қамтамасыз ету болып табылады.
Информация о работе Әлеуметтік стратификация және әлеуметтік мобильділік