Ұйымдасқан қылмыстарды ашу мен ескертуді ұйымдастыру

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 29 Марта 2014 в 09:41, статья

Описание работы

Ұйымдасқан қылмыстылық, бұл жалпы қылмыстылық сияқты қоғамда болып жатқан экономикалық және әлеуметтік саяси процестерді көрсететін күрделі әлеуметтік құбылыс. Осы құбылыстың айқын көріне бастауы қоғамдағы экономикалық қарым-қатынастардың ауысуы мен әлеуметтік жағдайдың түбегейлі өзгеруіне байланысты.
«Ұйымдасқан қылмыстылық» термині бұрынғы кеңестік криминологияда пайдаланылмағанымен, қазіргі кезде ұйымдасқан қылмыстылықтың бөлек белгілері (қауіпті қылмыстар тобының ұйымдасқан, топтық сипаттамасы, лауазымды тұлғаларды параға сатып алу, «заң ішіндегі ұры» деп аталатындардың қызметі) ерекше орын алуда.

Файлы: 1 файл

Абилезов.doc

— 63.00 Кб (Скачать файл)

Е.Т. Әбілезов

Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы

 академиясы ЖІҚ кафедрасы  бастығының м.а.

заң ғылымдарының кандидаты

полиция полковнигі

 

 

Ұйымдасқан қылмыстарды ашу мен ескертуді ұйымдастыру

 

Ұйымдасқан қылмыстылық, бұл жалпы қылмыстылық сияқты қоғамда болып жатқан экономикалық және әлеуметтік саяси процестерді көрсететін күрделі әлеуметтік құбылыс. Осы құбылыстың айқын көріне бастауы қоғамдағы экономикалық қарым-қатынастардың ауысуы мен әлеуметтік жағдайдың түбегейлі өзгеруіне байланысты.

«Ұйымдасқан қылмыстылық» термині бұрынғы кеңестік криминологияда пайдаланылмағанымен, қазіргі кезде ұйымдасқан қылмыстылықтың бөлек белгілері (қауіпті қылмыстар тобының ұйымдасқан, топтық сипаттамасы, лауазымды тұлғаларды параға сатып алу, «заң ішіндегі ұры» деп аталатындардың қызметі) ерекше орын алуда. Ұйымдасқан қылмыстылық біздің еліміздегі 70-жылдары көлеңкелі экономика деп аталатын пайдакүнемдік-шаруашылық қылмыстарының, партия, шаруашылық аппараттарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін параға сатып алу кең тараған кезде көпшілік сипатқа ие бола бастады. Сол кездерде қылмыстық әлем кәсіпқойларының шоғырлану процесі, «пысықай» және шаруашылық қылмыстылықтың өрістеуі жүріп жатты. Мұндай қылмыстардың өріс алуы ұйымдасқан қылмыстылық қауымдастықтың пайда болуына әкеп соқтырған, материалдық тірегі және қылмыстық жолмен табылған капиталы кеңейген көлеңкелі экономика ретінде орын алды.

Сонымен қатар ұйымдасқан қылмыстылық мемлекеттің халық шаруашылық басқаруының әкімшілік-әміршілік тәсілдеріне және қоғамдық организмнің бюрократиясына өзгеше әсер етті. Ел өміріндегі тоқырау кезеңінде көлеңкелі экономика мен биліктің төрешілдігі, ұйымдасқан қылмыстылық топтарға сыбайласқан лауазымды тұлғалардың тағы да бір құрамдас бөлігін қосуға мүмкіншілік берді.

Алайда, кейбір криминолог мамандармен криминалдық революция ретінде қарастырылатын ұйымдасқан қылмыстылықтың «шарықтауы» соңғы жылдарда орын алды. Мемлекет, экономикалық реформаларды жүргізе отырып, кәсіпкерлік және еркін сауда-саттықты заңдастыру мәселелерімен айналысуына байланысты ұйымдасқан қылмыстылыққа тиімді негізде қарсы тұруға дайын болмаған. Яғни, «қоғам өміріндегі түбегейлі өзгертулер мен шұғыл бетбұрыстар» үнемі қылмыстылықтың өсіп отыруының, оның ішінде қауіпті нысандарының тағы да бір фактісі расталды [1, 25 б.].

Ұйымдасқан қылмыстылық сыбайлас ұйымдасқан топтың қылмыстарды жасауымен сипатталады. Бірақ кез келген топтық қылмыстар және қылмыстық топтар ұйымдасқан болып табыла бермейді. Мұндай топ ұйымдасқан болып, егер де ол ұйымдастырушылық белгілерге ие болса, яғни белгілі бір қылмыстық мақсаттың, катысушылардың қызметтерін бөлумен байланысты ұйымдастырушылық құрылымның, ақпараттық немесе өзге де ресурстық қамтамасыз етудің және кейбір басқа да сипаттамалардың болуымен байланысты танылады. Алайда, ұйымдастырушылықтың дәрежесі әртүрлі болып келеді және де оны келесідей түрлерге бөлуге мүмкіндік береді:

  • ұйымдасқан қылмыстық топтар – ұқсас немесе біртекті қылмыстарды жүйелі түрде жасау үшін құрылатын арнайы криминалдық машығы, байланыстары және тәжірибесі бар тұлғалардың тұрақты бірігуі. Осындай  топтарға қылмыстық қызметі олардың арнайы танымына, машықтары мен тәжірибесіне негізделген тұлғалар қатысады және де тіршілік ету құралының қайнар көзі болып табылады. Мұндай топтардың қызметі жай, ұйымдасқан қылмыстылықтың алғашқы нысанын құрайды. Ұйымдасқан қылмыстық топтар көбінесе ең ірі қылмыстық құрылымдардың құрамына кіреді.
  • ұйымшыл ұйымдасқан топтар (ұйымдар) – үнемі әрекет етуші, қызметі біртұтас басқару (жекеменшік немесе ұйымдық) органдарымен үйлестіріліп, бағытталатын, функционалдық рөлі бойынша өзіне автономиялық және сараланған жөніндегі қылмыскерлердің немесе ұйымдасқан қылмыстық топтардың бірігуін қосатын, тармақталған сатылы құрылымы бар тұрақты құрылымдар.
  • қылмыстық қауымдастықтар – жоғары жасырын деңгейі бар және сыбайлас байланыстардың көмегімен қорғалатын, көпсатылы басқару жүйесімен сипатталатын, өзіне бірнеше ұйымдасқан топтарды қосатын өте қауіпті құрылымдар нысаны. Олардың негізгі белгілері болып: тұрақтылық, ұйымшылдық, қылмыстық қызметінің ауқымдылығы (шетелдерге шығуды және халықаралық қылмыстық ұйымдармен байланысын қосқанда), «аралық» соттардың болуы, қылмыс жасаған тұлғаларға көмек көрсету табылады. Аталған қауымдастықтар көлеңкелі экономика және ресмилендірілген шаруашылық қызмет саласындағы, сонымен қатар жеке аймақтардағы немесе халық шаруашылық саласы көлемінде заңды және заңсыз қызметтерді көрсету саласындағы қылмыстық әрекеттің монополиясын орнатады.

Ал, осындай қылмыстық топтардың құрылуына келетін болсақ Е. Алауханов өз жұмысында атап өткен пікірімен келісеміз, яғни ұйымдасқан қылмыстық топ құру және қылмыстық қауымдастық (қылмыстық ұйым) құру дегеніміз – ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қауымдастықтың (қылмыстық ұйымның) құрылуына алып келетін әрекеттер жасау. Бұл әрекеттер қылмысты ұйымдастыру әрекетіне ұқсас, дегенмен аталған қылмыстық құрамаларда өздеріне тән сипаты бар [2, 67 б].

Қылмыстық әрекеттің бағытына қарай әртүрлі қылмыстық құрылымдарды қалыптастырудың тәсілдері келесідей түрлерге бөлінеді:

  • белгілі бір аймақта әрекет ететін және жалпықылмыстық қылмыстарды жасайтын;
  • белгілі бір аймақта орналастырылып және жалпықылмыстық қылмыстардан басқа экономика, қаржы саласындағы және т.б. қылмыс түрлерімен айналысатын;
  • көлік объектілерінде әрекет ететін;
  • бас бостандығынан айыру орындарында әрекет ететін;
  • өңіраралық байланыстарды қолдану арқылы жасалатын қылмыстар;
  • халықаралық байланысы бар, Ресей территориясында және өзге де мемлекеттерде әрекет ететін;
  • гастрөлші-қылмыскерлерден тұратын;
  • қарақшылық немесе террористтік бағыты бар қылмыстық құрылымдар [3, 47 б].

Ұйымдасқан қылмыстық құрылымдардың жалпы белгілеріне: пайдакүнемдік мақсаттар; елеулі саны бар топтарда тұлғалардың қатысуы; тұрақтылық; қылмыстық іс-әрекеттің ауқымдылығы; функционалдық-сатылы құрылымның болуы; өзін-өзі қорғау жүйесін құру, заңды экономикалық құрылымдарға кірісінің бір бөлігін инвестициялау (ақша қаражатын жылыстату); қарулану және техникалық жабдықталуы; ұқсас қылмыстық ұйымдармен ауданаралық, мемлекетаралық байланыста болу жатады.

Сонымен, ұйымдасқан қылмыстылық – бұл біріншіден, ұйымдасқан қылмыстық құрылымдардан тұратын және олармен белгілі бір аймақта, нақты бір белгілі уақытта жасалатын қылмыстық әрекеттің жиынтығынан құралатын жаппай, әлеуметтік қылмыстық-құқықтық құбылыс.

Ұйымдасқан қылмыстылықтың криминологиялық ерекшеліктерін қарастыра отырып оның жағдайын, деңгейін, құрылымын анықтаудың өте қиын екендігін ескеру қажет. Себебі тиісті түсініктер заңнамаға 1996 жылы ғана қосылғандығына байланысты қажетті статистика болмаған. Сондай-ақ көптеген латенттік ауыр қылмыстарды, олардың төмен деңгейде ашылуын, жасырын қылмыстық құрылымдардың қызметін де есепке алу қажет.

Осылайша жыл сайын ұйымдасқан қылмыстық топтармен (олардың әрекеттерін бағалай отырып, ұйымдасқан қылмыстылықтың ерекшеліктері туралы қорытынды жасауға болады) барлық қылмыстар санынан бөліп қарастырғанда 1,6 пайызға жуық қылмыстар жасалса (3,4 пайыз – ауыр қылмыстар санынан), негізінде олардың үлесі мамандардың пікірінше 21 пайызға жетеді. Ұйымдасқан қылмыстылықтың жылдық өсу қарқыны 12 пайызды құрайды.

Зорлық-зомбылық көріністерімен байланысты ауыр қылмыстардың саны қарқынды түрде өсіп келеді. Жасалатын қылмыстардың басқыншылдығы және олармен келтірілетін залалдың көлемі өсуде, сонымен қатар әшкерелеуден қылмыскерлердің өздерін қорғау денгейі көтеріліп, құқыққа қайшы әрекетке жаңа қатысушылар тартылып отырады. Қазіргі қылмыстылық үрдістің бірі болып криминалдық құрылымдардың экономикаға және саясатқа еніп, сол жерде бекітіліп қалуға ұмтылуы болып табылады. Экономикалық қызметтің және территорияның табысты салаларын бақылау құқығына тұрақты күрес жүргізу процесінде қылмыстық орта құрылып, қаруланады және де өз қызметіне мемлекеттік аппараттың өкілдерін тартып, билік және басқару құрылымына енеді. Бұған қаржы ресурстары, ақша капиталдарының қозғалысын мемлекет жағынан тиімді бақылаудың болмауы айрықша әсер етеді.

Мұндай ұйымдасқан қылмыстылықтың жалпы тенденциялары оның криминологиялық сипаттамаларынан айқын көрінеді.

1. Экономикалық катынастарының  қылмыстандырылуы. Экономикалық және  жалпы қылмыстық іс-әрекеттердің қосылуы.

Экономикада болып жатқан өзгерістер, оң жақты нәтижелермен қатар экономикалық қарым-қатынастардың жаңа нысандары, экономиканың бөлек салаларын, өнеркәсіптік өндіруді, мемлекеттің әртүрлі аймақтарындағы тұрмыстық қызмет ету жұмыстарын бақылайтын ірі қылмыстық қауымдастықтардың құрылуына әкеп соқтырады. Ерекше қауіпті стратегиялық шикізат контрабандасы, қару жарақты заңсыз сатумен айналысу, банктік қылмыстар, оның ішінде криминалдық жолмен алынған қаражатты жылыстату құрайды. Ұйымдасқан қылмыстылықтың экспансиясы экономикада қауіпті деңгейге ие болды.

Ұйымдасқан қылмыстылықтың маңызды қызмет аясы болып несие-банктік жүйесі табылады. Мұнда мемлекетке үлкен көлемдегі залал алып келетін ақша қаражатын ұрлау, жалған банкроттық және т.б. қылмыс түрлері кеңінен таралған. Сонымен қатар ЭЕМ көмегімен банктік ақпараттарды қорғау жүйесін «бұзу» арқылы, сондай-ақ жалған несие карточкаларын («электрондық ақшаны») қолдану жолымен үлкен көлемдегі ақша қаражаттары ұрланатын компьютерлік қылмыс түрлері де орын алады. Сонымен қатар банктік жүйе ұйымдасқан қылмыстық топтарда шоғырланған капиталдарды шетелдерге аудару үшін де пайдаланылады.

Қылмыстық топтар және олардың бақылауындағы ұйымдар мен фирмалар бағалы қағаздармен операцияларды жүргізуді де назарынан қалдырмайды. Олардың жаппай сатып алуы, жекешелендіру, акцияландыру процестеріне белсенді қатысуына және бағалы қағаздардың қосалқы нарығында алыпсатарлық келісім шарттарын жасау арқылы ірі капиталдарды иеленуге мүмкіндік береді.

Коммерциялық банктермен және өзге де жеке ұйымдармен құрылатын арнайы күзет бөлімшелері және қауіпсіздік қызметі көбінесе қарыз ақшаларды шығарып алуға бағытталады, ал оларды арбитраж арқылы заңды түрде алу ұзақ уақытқа созылып, инфляцияның нәтижесінде ақшаның құнсыздануына әкеп соқтырады. Барлық жалпы төлемдерді төлемеу және несиелерді қайтармау жағдайларында бұл қылмыстың түрі соңғы кездері кеңінен таралған. Бұдан басқа, күзетшілердің топтары да өздерін байыту үшін жинаған тәжірибесін пайдаланады.

2. Ұйымдасқан қылмыстылыққа сыбайласқан  шенеуніктерді белсенді қосу.

Сыбайлас жемқорлық (лауазымды тұлғалармен немесе оларды сатып алудың нәтижесінде билікті не лауазымдық өкілеттікті теріс пайдаланушылық) бір жағынан алғышарт болып, ал екінші жағынан жасырын түрдегі ұйымдасқан қылмыстылық құбылыстарының бірі бола отырып экономикалық және саяси тұрақтылық жағдайында кеңінен таралған.

3. Қылмыстық құрылымдарды дәстүрлі  ауыр қылмыстық іс-әрекеттерді  жасауда жандандырушылық.

Соңғы уақытта қылмыскерлердің дөрекілігі өсіп, олардың әрекетінде зорлық-зомбылық жасаудың сипаты көбеюде және де олардың қылмысқа дайындалуы мен оны жасаудың біліктілігімен ерекшеленеді.

Табыскерлердің, банкирлердің қылмыстық әлеммен байланысы оларды толық көлемде қылмыстық қол сұғушылықтан қорғауды қамтамасыз ете алмайды. Қылмыстық жолмен қорқытып алу, адамды кепілге алу, адам өлтіру, оның ішінде тапсырыс беру арқылы банктердің, жеке кәсіпорындар мен фирмалардың басшыларын өлтіру олардың кәсібін өте қауіпті деңгейге жеткізді.

Ұйымдасқан қылмыстылық құбылыстарының өте қауіпті нысандарының бірі ретінде бопсалаушылық табылады. Оның алғашқы құрбандары көлеңкелі экономиканың ептілері, валюташылар, алыпсатарлар, жезөкшелер және еңбексіз табыстан пайда түсірумен айналысатын тұлғалар болатын. Жеке кәсіпкерлік қызметті заңдастыру мен бизнесмендердің қолында шоғырланған елеулі материалдық құралдар, фактілер саны және қорқытып алынатын сомалардың мөлшері бойынша алыпсатарлықтың күрт өсуіне алып келді.

4. Қоғамның жарамсыздығын қанаушылық. Есірткі заттарын тұтынудың іс-жүзінде жария етілуі оларға қатты сұраныстың пайда болуын және де наркобизнес ауқымының кеңеюі үшін қолайлы жағдайларды туғызып, таяудағы шетел мемлекеттері арасындағы шекаралардың айқындылығы қажетті деңгейде әсерін тигізетін заңсыз есірткі айналымының көлемін кеңейтті. Сараптамалық бағалаулар бойынша 40 пайызға дейінгі есірткі заттары осы мемлекеттерден немесе олар арқылы алыстағы шетелден Қазақстанның қара нарығына түседі. Қылмыстық жолмен алынған осындай заттарды қылмыскерлер жария немесе көлеңкелі коммерциялық құрылымдарға салады.

5. Бас бостандығынан айыру орындарында  қылмыстық жазасын өтеп жүрген  тұлғалардың ішінен ұйымдасқан  қылмыстық құрылымдардың өзгеше  резервін қалыптастыру.

Бүгінгі күнде қылмыстық топтарды құрайтын органдарға  түзеу мекемелері әсерін тигізіп, одан әрі криминогенді болып барады. Қылмыстық топтармен жасалып жатқан қылмыстардың ауырлығы мен саны өсіп келеді. Әсіресе, түзеу мекемелерінің жұмысына іріткі салу, әкімшіліктің заңды талаптарына топ болып бағынбау, кепілге алу, жаппай тәртіпсіздік және т.б. әрекеттер өте қауіпті. Түзеу мекемелері, көбінесе, босап шыққаннан кейін ұйымдасқан қылмыстық әрекетке белсенді қосыла кететін алғашқы рет сотталған тұлғалардың криминалдық дайындық орталықтары болып табылады.

6. Криминалдық кәсіпқойлықтың, қылмыстарды  жасау біліктілігінің өсу деңгейі.

Зерттеулердің көрсетуі бойынша ұйымдасқан қылмыстық құрылымдардың үштен екі бөлігі өздері қол сұғатын объектіні алдын ала таңдап, оны зерттеген. Әрбір төртінші жағдайда қылмысты жасаудың жоспары құрылып, төңірекке барлау жасалып және де орындаушылардың жаттықтыру жұмыстары жүргізілетін болған. Ал басқа бір топтарда алдын ала құрылған жоспарлары сәтсіздікке ұшырап, олар қамауға алынған жағдайларда қылмыскерлер өздерін ұстаудың әдістерін, полиция мен мафия арасындағы күрес туралы батыс видеофильмдерін көру және әртүрлі криминалистік немесе өзге де арнайы әдебиеттерді оқу арқылы үйренетін болған.

Информация о работе Ұйымдасқан қылмыстарды ашу мен ескертуді ұйымдастыру