Ашаршылықтың ауыр азабы
Реферат, 05 Сентября 2014, автор: пользователь скрыл имя
Описание работы
Біз ашаршылықтың саяси-әлеуметтік үрдістердің, табиғаттағы қолайсыз ахуалдардың салдарынан болатынын білеміз. Енді осы әлеуметтік апаттың ашық және жабық түріне талдау жасасақ, оның алғашқысы – мүлдем үнемсіз қалу да, екіншісі – үнемі шала құрсақ болып жүру екенін ұғамыз. Ең бастысы, бұлардың қай-қайсы да адамды ауруға, індетке ұрындырады, қырғынға ұшыратады. Ашаршылық сонымен, жеке адамның, жеке отбасының қорексіз қалуы емес, ол бір аймақтың, халықтың, мемлекеттің нәубетке түсуі.
Файлы: 1 файл
Ашаршылык жылдары Каз-н.docx
— 33.14 Кб (Скачать файл)Ашаршылықтың ауыр азабы
Автор: Мақсұтбек СҮЛЕЙМЕН
Қызылдардың Қазақстандағы геноциді.
Біз ашаршылықтың саяси-әлеуметтік үрдістердің, табиғаттағы қолайсыз ахуалдардың салдарынан болатынын білеміз. Енді осы әлеуметтік апаттың ашық және жабық түріне талдау жасасақ, оның алғашқысы – мүлдем үнемсіз қалу да, екіншісі – үнемі шала құрсақ болып жүру екенін ұғамыз. Ең бастысы, бұлардың қай-қайсы да адамды ауруға, індетке ұрындырады, қырғынға ұшыратады. Ашаршылық сонымен, жеке адамның, жеке отбасының қорексіз қалуы емес, ол бір аймақтың, халықтың, мемлекеттің нәубетке түсуі.
Халықтың жаппай қырылып, азаюына әкеліп соқтыратын ашаршылық адамзат баласының тарихында болып тұрған. Оған қуаңшылық, жұт, соғыс, қолдан жасалынған дағдарыстар мен күйзелістер, геноцидтер тағы да басқа жағдайлар себеп болды. Қытайда, Үндістанда, Ресейде, Африка елдерінде алапат ашаршылық жиі орын алды. Ашаршылық жұт жайлаған жылдары қазақ даласында да мал мен адамдарды қырып салды, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» тәрізді жаугершідік заманда ашаршылық, соғыстан қазақ халқының саны мүлдем кеміп кетті.
Кеңес дәуірі кезінде де Қазақстанда алапат ашаршылықтар болып, халқымызды жер бетінен біржолата құртып жібере жазады. Соның ішінде екі үлкен әлеуметтік апат еліміздің мәңгі есінде сақталып қалды. Мұның біріншісі – 1921-1922 жылдары, екіншісі – 1930-1933 жылдары болған ашаршылықтар. Оған не себеп болды, біз енді сол жөнінде ой толғасақ.
Зерттеушілер 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың екі себебі барын айтады. Алғашқысы, Ресейдегі азамат соғысының салдарынан қазақ даласындағы шаруашылықтардың күйзелуі. Өйтпегенде ше, КСРО-да азық-түлік отрядтары құрылып, олар халықтан азық-түлікті тартып алып, Қызыл Армияға жөнелтумен айналысты. Негізінен, олар астықты шаруалардан тұрақты кесімді бағамен сатып алуға, дәулеттілерден еріксіз тартып алуға тиісті еді, бірақта бәрі де басқаша болды. Отрядтар шаруалардың астығын күштеп алып, оларға түк те қалдырмады. Олардың халыққа қысымы 1919-1920 жылдары тіпті күшейді. Бұл кезде Қазақстанда 11,5 мыңға жуық адамы бар 370 азық-түлік отрядтары болды. Олардың басым бөлігі Ресейдің Мәскеу, Петроград, Иваново-Вознесенск тәрізді ірі қалаларынан келгендер еді, сол себепті бұлар жергілікті халықты аямады. Қазақтардан азық-түлік отрядтары тым аз жасақталып, сырттан келгендер халықты ашықтан-ашық тонауға кірісті.
Кеңес үкіметі азамат соғысы кезінде ауылшаруашылығы өнімдерін дайындаудың төтенше жүйесін, «соғыс коммунизмі» саясатының негізгі белгілерінің бірі – азық-түлік салғыртын жүргізді. Ол 1919 жылғы 11 қаңтардан 1921 жылғы наурызға дейін күшті өрістетілді. Азық-түлік салғырты бойынша қойылған басты талап: шаруалардың өзіне талшық етуге жетер-жетпестей ғана азық қалдырып, қалғанының бәрін мемлекетке міндетті түрде тұрақты бағада өткізуге тиістілігі болды. Ал шаруаларға астығын еркін сатуға, базарға шығаруға қатаң түрде тиым салынып, оны тыңдамағандар қатаң жазаланды. Азық-түлік салғырты Қазақстан мен Түркістанға 1920 жылы енгізіліп, толық емес деректер бойынша, 1920 жылы Қазақстан шаруаларынан 44 миллион пұт астық, 5 миллион пұт ет, 333 мың пұт май және басқа да көптеген ауылшаруашылығы өнімдері жинап алынды, қазақтар көп малынан айрылып, жұтады. Азық-түлік отрядтары қарудың күшімен халықтың соңғы үнеміне дейін сыпырып алғандықтан, әр жерде қарулы қарсылықтар оты бұрқ ете түсті. Азық-түлік салғырты 1921 жылғы наурызда басталған жаңа экономикалық саясатпен алмастырылды. Алайда жұтаған халықтың жағдайы онымен жақсарған жоқ. 1921-1922 жылдары қыс та қатты болып, құрғақшылық белең алды. Осы уақыттағы ашаршылыққа осы табиғи апат, қолайсыз ауа райы да кеңінен жол ашты.
Қазақстанда 1920, 1923 жылдары ауылшаруашылығы санақтары жүргізілді, профессор С.П.Шевецовтың басқаруымен жерге орналастыру мөлшерін белгілеуге арнайы экспедиция шығарылды. Олардың мәліметі бойынша, 1921 жылғы ашаршылықта Қазақстан халқы 30 пайызға дейін азайған. Кейбір елді мекендердің тұрғындары 100 пайызға қырылып, көбісі жолда, үйінде аштықтан ажал құшқан. Осы санақ Ақтөбе, Торғай аймақтарында шаруашылықтардың үштен бірінің жойылып кеткендігін, Батыс Қазақстан халқының 31,4 пайызының қырылып қалғанын көрсетіп берді. Алайда санақ материалдары толық болмағғандықтан (мүмкін әдейі солай жасалған да шығар), әлі күнге дейін осы ашаршылықта қанша адамның қырылып қалғанын анықтау қиынға соғып тұр.
Еліміздің тарихындағы екінші ең үлкен ашаршылық 1930-1933 жылдары болды. Тарихшылардың, саясаттанушылардың пайымдауынша, оған кінәлі Қазақстанда жүргізілген сталиндік-голощекиндік реформа, содан туындаған шаруалардың жекеменшігін тәркілеу, жою, әртүрлі ауылшаруашылық салықтарымен бас көтертпеу, күштеп отырықшылаңдыру, күштеп колхоздастыру, дәулеттілдерді, зиялыларды «феодализмнің өкілі, буржуазиялық интеллигенция» санап атып-асу, билікке жалшыларды тартып, қоғамды қолдан надандандыру.
ВКП (б) Орталық Комитетінің Қазақстан өлкелік партия комитетінің басшылығына Ш.И.Голощекинді жібергені мәлім. Екінші пленумда сөйлеген сөзінде-ақ: «Ауылды кеңестендіру, бұл – шын мәнінде, Қазақстанды кеңестендіру. Сондықтан барлық салада біздің жұмысымыздың ілгерілеуі үшін қазақ кедейлерін ұйымдастырмай әсте мүмкін емес», - деп жар салған ол билік басына келгеніне екі ай өтер-өтпесте ауылдарды аралап көрмей-ақ елдегі жағдайға өзінше баға беріп, байбалам салды. «...ауылда байдың үстемдігі, рудың үстемдігі өзгерссіз сақталған, шын мәнінде өлкеде кеңес өкіметі орнамаған»,- деп мәлімдеді. Сол кезде «Советская степь», «Еңбекші қазақ» газеттерінің бетінде Голощекиннің «Ауылды кеңестендіру», «Асыра сілтеу болмасын, аша-тұяқ қалмасын» деген сөзі ұран болып көтерілді. Сөйтіп, ол Қазақстанда «Кіші Қазан» өткізуге кірісті, қазақтың төрт түлік малын түгел сыпырып алып, мемлекет меншігіне бергізді, әсіресе, қазақтың «жаны» - жылқының көзін жоюға айрықша күш салынды.
Сталиннен, Партияның Орталық Комитетіндегі негізгі басшыларынан өзінің төтенше шараларды жүргізуіне, авантюристік бағытын берік ұстануына рұхсат алған Ш.Голощекин Қызылордада өткен 1927 жылғы 23 қарашадағы ВКП (б)-ның Бүкілқазақстандық конференциясында халыққа ашықтан-ашық айбат шекті. Ол: «...Сіздер Зиновьевтің: «Қазақстан Голощекиннің жеке билік құруы үшін басыбайлы берілді», - дегенін білесіздер, - деді. – Кез-келген топтың көсемдері Қазақстанға (өзіне дегені, М.С.) қарсы шығып байқасын – бір аптаның ішінде күлі көкке ұшады».
Осылайша қолына тиген шексіз билікті пайдаланған Голощекин бірінші кезекте өзіне қарсы шыққан білікті де білімді азаматтарды қуғын-сүргінге салып тентіретіп жіберді. Мұнан кейін «ұжымдастыру» деген желеумен көшпелі елді арсыздықпен тонатып, халықты әдейі ашаршылыққа ұрындырды. Қызыл империя бейбіт заманда қазақ ұлтына жасаған нәсілшілдік қылмысын әлемдік қауымдастық алдында жасырып, кеңестік цензура көп жылдар бойы 1931-1932 жылдардағы қазақ даласындағы ашаршылықты баспасөз бетінде жазуға, бұқаралық ақпарат құралдарында айтуға қатаң тиым салды. Әкімшілік биліктің осынау ел ішіндегі арандату саясатына, әділетсіздік пен зорлық-зомбылыққа қарсы шыққандар «халық жауы», «бандалық құрылым» аталып, қырып жойылды.
Осы орайда Біріккен мемлекеттік саяси басқармасының мәліметіне назар аударсақ, 1929 жылы Қазақстанда қатарында 350 адам бар 31 «бандалық құрылым», 1930 жылы 1925 адамнан тұратын 82, 1931 жылы 3192 қатысушысы бар 80 «банда» әрекет етіпті. Сол кезде селолар мен ауылдарда бұлардан басқа 2001 «дұшпандық топ» анықталыпты, оларда 9906 адам болыпты. Және де 10396 жеке қаскөйлер тұтқындалыпты. Солардың әрекеттері салдарынан 1929-1931 жылдары 460 партия-кеңес қызметкерлері өлтірілген, 372 дұшпандық антикеңестік әрекет жасалған, 127 астықты өртеу және малды уландыру оқиғалары орын алған. Қарап отырсаңыз, күштеп ұжымдастыруға, мал-мүлкін тартып алуға, бас көтерер азаматтарын атып-асуға халық қатты наразылық көрсеткен.
1930-1933 жылдардағы қолдан жасалынған
ашаршылықтан елімізде қазақтардың
үштен бірі ғана аман қалды.
Өйткені, 1937 жылғы Бүкілодақтық халық
санағының алғашқы мәліметтері бойынша,
Қазақстанның ауыл халқы 1930 жылдың 1 маусымынан
1933 жылдың 1 маусымына дейін 3 миллион 379,5
мың адамға кеміген. Осы кемуден 1 миллионнан
астам босқындарды шығарып тастасақ, 1930-33
жылдардағы аштық құрбандарының 2 миллион
200 мың адамнан асып түсетінін байқаймыз.
1992 жылы осы мәселені ҚР Жоғарғы Кеңесі
Төралқасының комиссиясы арнайы тексерген-ді.
Сонда: «Қазақ елі аштықтан және соған
байланысты індеттерден, сондай-ақ табиғи
өлім деңгейінің үнемі жоғары болуынан
2 миллион 200 мың адамнан, яғни барлық қазақ
халқының 48 процентінен айрылды», - деп
бұл комиссия нақты тұжырымдама жасады.
Қазір белгілі болып отырған жағдай, 1930-1933 жылдардағы қолдан жасалынған ашаршылықта негізінен, жас балалар мен әйелдер көп қырылып, оның халқымызға демографиялық зардаптары да ауыр тиді, ұлтымыздың сан жағынан өсуін тежеп тастады. 1897 жылғы патша өкіметінің санағына сенсек, қазақтар көрші өзбек ұлысынан үш есеге жуық артық, яғни 4 миллион 84 мың болыпты. Аштықтың ащы дәмін татпаған өзбек халқы бұл күндері 30 миллионға жуықтаса, қазақтарды шет елдегі қандастарымен қоса есептесек, орташа болжам бойынша саны 15-17 миллион шамасында ғана. Мұны еске алғанында кейбір тарихшылар «Егерде 1930-1933 жылдары елімізде қолдан аштық жасалмағанында, қазақтардың саны 60 миллионның үстінде болар еді», - деп те ой толғайды.
«Саяси маняк» Голощекин тұсында асыра сілтеушіліктің шын мәні саяси бүркемеленсе де, ол қызыл империя үстемдік құрған шақта айтуға да, жазуға да тиым салынған мәселе болса да, кейін бұл әлеуметтік апат – «Қызыл қырғын», «голощекиндік геноцид» деген тарихи атауға ие болды. «Голощекиндік зұлматтың қазақ халқына алып келген шығыны әлем тарихында (пайыз есебімен) гитлершілдердің Еуропадағы еврейлерге жасаған сойқанымен пара-пар келіп, Кампучиядағы «қызыл кхмерлер» зардабынан асып түседі. 1932 мешін жылы болған бұл зұлмат 20 ғасырдағы адамзат баласына қарсы жасалған ең өрескел қылмыстардың бірі болып саналады», - деп жазады белгілі демограф М.Тәтімов пен тарихшы Т.Омарбековтер.
Биыл Ұлы жұт – ашаршылық зұлматына 80 жыл толады. Енді 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде атап өтілетін болады. Иә, бұл күн қазақтың зиялыларын қырып-жойған тоталитарлық тәртіпті, ұлтымызды қынадай қырған «аштық саясатын» - «голощекиндік геноцидті» айыптайтын, қайғы-қасіретін еске алатын халқымыздың қаралы күні. Оны мемлекеттік тұрғыда аза тұтуымыз қажет.