Балалар бақшасындағы мерекелер

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 27 Декабря 2012 в 12:30, лекция

Описание работы

Өсіп келе жатқан жас буын әдеби ертегілер мен бейнелеу өнері шығармаларындағы, музыка мен әуендегі, табиғаттағы, тұрмыстағы шын мәніндегі көркемдік қабылдау арқылы эстетикалық құштарлықты сезініп қана қоймай, ондай туындыларда кездесетін нәрсіздік пен көріксіздікті де ажырата біледі. Жан-жақты дамыған азамат тәрбиелеуде эстетикалық тәрбиенің басты саласының бірі – музыка мен ән.

Файлы: 1 файл

Мектепалды даярлық тобындағы музыка пәнін оқыту жолдары.docx

— 19.02 Кб (Скачать файл)

Мектепалды  даярлық тобындағы музыка пәнін  оқыту жолдары

Өсіп келе жатқан жас  буын әдеби ертегілер мен бейнелеу өнері шығармаларындағы, музыка мен  әуендегі, табиғаттағы, тұрмыстағы шын  мәніндегі көркемдік қабылдау арқылы эстетикалық құштарлықты сезініп  қана қоймай, ондай туындыларда кездесетін нәрсіздік пен көріксіздікті  де ажырата біледі. Жан-жақты дамыған  азамат тәрбиелеуде эстетикалық  тәрбиенің басты саласының бірі – музыка мен ән.

 Музыка адамның  жан дүниесін тебіренте отырып, оның өмірге деген көзқарасын, әдет, мінез-құлқын қоғам мүддесіне  сәйкес қалыптастыруға, әдемілік  заңымен өмір сүруге тәрбиелейді. 

 «Дені саудың –  жаны сау» дегендей, тәні де, жаны  да сау, рухани бай эстетикалық  жағынан сезімтал азаматты тәрбиелеп  өсіру – ата-ана парызы, қоғамдық  мекемелердің міндеті. Осы міндетті  іске асыру балабақша мен мектепалды  даярлық тобынан басталмақ.. Негізі  отбасынан басталған тәлім-тәрбие  білім беру мекемелерінде жалғасын  тауып, белгілі бір жүйеде өрістеледі.

 Бүлдіршіндерді әсемдік  әлеміне неғұрлым кеңінен жақындатып  өнерге баулитын кезең – мектепалды  даярлық тобы. Әсіресе музыка  өнерімен шұғылдану баланың жеке  басының жалпы дамуына жәрдемдеседі. Музыка сабақтары балаларды жан-жақты  дамыту барысында көптеген мақсаттар  қояды. Дәлірек айтсақ: балаларды  музыка тыңдай білуге үйрету, оны тұтастай қабылдау, сезіну, музыкалық  мәнерлілікке баулу, дыбыстардың  типін түсіну және музыкаға  қызығушылығын арттыру. Ән айту, музыка тыңдау, музыкалық сауат  және қозғалыс (ырғақ) – музыкаға  тәрбиелеудің міндетті бөлімдері. 

 Мектепалды даярлық  тобында бағдарлама бойынша ән-күй  сабағы негізгі төрт бөлімнен  тұрады:

1. Әндер. 

2. Музыка тыңдау.

3. Билер. 

4. Музыкалық – дидактикалық  ойындар. 

 Ән бөлімінде балаларды  ырғағына келтіре, әдемі ән  салуға тәрбиелейміз. Ән салу  арқылы өлеңнің мазмұнын, тәрбиелік  мәнін саналы түрде меңгеруіне  мүмкіндік береміз. Балаларды  хормен ән айтқызып жаттықтыру  арқылы, оларды ортақ сезімге  бөлендіріп, өздерінің әрекеттерін  бір әуенге үйлестіруге төселдіреміз, жауапкершілікке, ұйымшылдыққа баулимыз. Бірлесіп жұмыс істеу дағдысын  қалыптастырамыз. Жеке дауыста  ән айта білуге, әндерді есте  сақтай білуге, музыкалық шығармалардың  құрылысын түсіне білуге тәрбиелейміз.

 Музыка тыңдау  бөлімінде жекелеген музыкалық  үндерді және тұтастай музыкалық  шығармаларды тыңдай білуге, ондағы  музыкалық дыбыстарды ажырата  білуге жаттықтырамыз. Дыбыстардың  биіктігін, ырғағын, музыкалық  бояуын және дұрыс тыңдап, қабылдай  білу қабілетін дамытамыз. Сонымен  бірге тыңдау арқылы оқушылардың  эстетикалық сезімдері, талғамдары  дамып, эмоциялық сезімдері оянып  ләззат алады. Музыкаға деген қызығушылықтары артып, тыңдау қабілеті дамиды. Музыка тыңдату жайында балалар дамуының бірдей дәрежеде еместігін түсіну маңызын музыка мұғалімі білуі керек.

 Би бөлімінде музыканың  әуен-ырғағымен орындалатын арнайы  жаттығулар жасату арқылы музыкалық  ырғақты сезінуін қалыптастырамыз.  Әуен сазын түсініп, сәнді қимылдар  жасай білуге үйретеміз. Дене  жаттығуларын музыкалық әуен  ырғағына қосылып, әдемі қозғалыс  көріністерін жасауға ынталандырамыз. Би қимылдарын жасатып, мүсін  сымбаттылығын қалыптастыруды көздейміз. 

 Музыкалық – дидактикалық  ойындар бөлімінде айтылған әннің  сөздеріне, әуеніне зер салып,  ұқыпты жүруге, әннің сөздеріне  сәйкестіре қимыл-қозғалыстар жасауға  баулимыз. Балалардың музыканың  екпіні мен ырғағына икемделуіне,  дыбыс күшінің бірде қатты,  бірде ақырын естілуін аңғара  білулеріне мүмкіндік береміз.  Музыка ырғағына ілесіп жүруге, әр жанрдағы (марш, вальс, полька) ырғақтың өзіндік ерекшелігін  айыра білуге үйретеміз. Дыбыс  биіктігін, дыбыс бояуын, музыканың  басталуын және аяқталуын аңғаруға  жаттықтырамыз. Ойын арқылы музыкалық  қабілеттерін дамытамыз. Сап түзеп  жүруге, дене бұлшық еттерінің  ширауына да әсерін тигіземіз.  Қазақ халқының ұлттық ойындарының  ойналу тәртібі мен өзіндік  ерекшеліктері жөнінде қысқаша  түсінік береміз. Музыкаға және  биге деген шығармашылықтарын  дамыта отырып, музыкалық білімдерін  арттырамыз.

 Оқу жылы басында  осы мақсаттарға жету үшін  әр тоқсандағы тақырыптық жоспар  жас ерекшеліктеріне қарай жүйелі  түрде құрылуы тиіс. Мектепалды  даярлық тобына келген балалардың  жас ерекшеліктері бірдей емес. Бірі балабақшада тәрбиеленіп  келсе, енді бірі ешқандай білім  мекемелерінде болмай үйден келгендер.  Олардың музыкалық қабілеттері  де әртүрлі. Балабақшадан келген  балалар өздерін еркін сезініп,  би қимылдарын жасқанбай жасап,  өз ойларын ашық айта біледі. Музыкалы дидактикалық ойындарды  ойнау барысында белсенділік  танытады. Музыка мұғалімі балабақшада  болмаған балалармен көбірек  қарым-қатынас жасау керек. Сонымен  бірге балабақшадан келген балаларды  жалықтырып алмау жағын да  қарастыру керек. Мен өз тәжірибемде  осы жағдайларды ескере отырып, жас ерекшеліктеріне қарай қандай  музыкаларды ұнататынын білуге  көңіл бөлемін. 

 Мектепалды даярлық  тобындағы балалар көбінесе ойнақы  әндерді және марш екпінді  музыканы ұнатады.Сол әуендерге  қимыл жасауды ұнатады. 

 Әрине, адам туа  оқып болмайтын сияқты барлық  балалардың музыка тыңдау және  қабылдау қабілеттері де туа  бітпейді. Ол жүйелі түрде істелетін  жұмыстардың нәтижесінде, біртіндеп  қалыптасатын процесс. 

 І тоқсанда ең  алдымен оқушылардың барлығы  қамтылатындай топпен жұмыс жүргізу  керек. Ән-күй сабағы айтуға  ғана оңай, ал орындауда керісінше,  қиыншылығы мол іс. Әлі мектеп  партасына отыруға қалыптаспаған,  сөздік қоры аз оқушыларға  бірден ән үйрету қиын тиеді.  Олар сөзін білмеген әнге қызықпайды. Алдымен оқушыларды қадағалай  отырып әнге және оның ырғағына  қызықтыруға тырысу керек. Сол  әннің мазмұнын ашатындай көрнекіліктер мен дидактикалық материалдар қолданған жөн. Осыдан кейін балалардың қызығушылығы артқанда сөзін жаттатқан дұрыс. Оларға үй тапсырмасы берілмейді, жаттау сабақ барысында жүргізіледі. Өз тәжірибемде өлеңнің әр жолын жеке-жеке тақпақтап, оқушыларға хормен қайталатамын. Осы кезде қол шапалақтатып отырған дұрыс. Қол шапалақтау кезінде әннің ырғағы анықталып, әуеніне қосылып айтуда қиындық туғызбайды. Мәтінмен жұмыс кезеңінде балалардың музыкалық ырғақты сезіну қабілеті де анықтала бастайды. Бірі орынсыз қол шапалақтаса, енді бірі ырғаққа ілесе алмай жатады. Мұның бәрі жүйелі жұмыстың нәтижесінде бірте-бірте жаттығады. І тоқсан бойы әндерді хормен орындатып, ойындарды топпен ойнатқан дұрыс. Сонда балалардың бір-бірімен қарым-қатынасы да жақсарып, өздерін еркін сезіне бастайды. Ал әнді сабақ сайын өзгерту дұрыс емес. Керісінше балаларға таныс әндерді үнемі қайталап айтқызып отыру керек. Бұл балалардың эмоциялық көңіл күйін көтереді, есте сақтау қабілетін дамытады және әнді хормен бірге бастап, бірге аяқтауға дағдыландырады.

 ІІ тоқсанда топтағы  балалардың музыкалық дамуы әртүрлі  екендігі толықтай байқалады.  Бір бала өте жақсы өлең  айтқанымен, әуенін дұрыс қабылдамай, би қимылдарын қате орындайды.  Ал екінші бала болса, керісінше,  жақсы билейді, бірақ әнді таза  интонациямен орындай алмайды.  Сабақ барысында музыка мұғалімі  балалардың музыкалық қабілетін  зерттеп, әр баламен жеке-жеке  жұмыс істеуді қолға алуы тиіс. Балаларды дыбыстарды таза айтуға  үйрету үшін дауыс жаттығуларын  жасатудың пайдасы зор. Дауыс  жаттығуларын шағын әуендер айтқызу  арқылы жүзеге асыруға болады. Бұл балалардың қабылдау деңгейіне  қарай мұғалімнен үлкен шығармашылық  іскерлікті қажет етеді. 

 ІІІ тоқсанда балалар  музыкалық дағдыларды меңгере  бастайды, есту, есте сақтау, әуен  ырғағын түсіну, дыбыс биіктігін  ажырату сияқты музыкалық қабілеті  дами түседі. Музыкалық жанрларды  (ән, би, марш) , қатты немесе ақырын  дыбыстарды, екпіндердің жай немесе  тез екенін ажырата бастайды. Әр оқушының өздері жақсы көретін  әндері, билері, ойындары бар. Балалар  берілген шығармашылық тапсырмаларды  орындай алады. Мысалы, тыңдаған  музыканың екпінін ажырату керек  болса, екпін, ырғағына қарай  түрлі қимылдар ойластырады. Мысалы:

 Баяу екпінде –  орнынан тұрып теңселеді; 

 Жылдам екмінде  – орнынан тұрып жүгіреді;

 Марш екпінінде  – аяқты нық басып жүреді;

 Бейнелік қимылдар  – аттың шабысы, түрлі аңдардың  қимыл ерекшеліктері т.б. 

 ІV тоқсан –  бұл сауықтыру кезеңі. Көктем  айларында сабақ түрін өзгертуге  болады. Мысалы, таза ауада сырнай  аспабының сүйемелдеуімен мектеп  ауласында ойын түрінде өткізген  өте қызықты. Ойын түрінде өткен  материалдарды бекіту жұмыстары  да, үйренген музыкалық шығармалары  да қайталанады. 

 Ойынның тәрбиелік  мәні зор. Бала ойын арқылы  дамиды. Ойын білместі – білгірге, орашолақты – іскерге айналдырады.  Музыкалық – дидактикалық ойындар  арқылы балалардың музыкаға, биге, ән әлеміне деген ынта-ықыласын  жас кезінен арттырып қана  қоймай, олардың сезімталдығын, кішіпейілділігін, ұйымшылдығын, эстетикалық құштарлығын  тәрбиелеуге қызмет етеді. Нәтижесінде  олар музыканы терең түсіне  бастайды, ең бастысы – музыканы  қабылдау, есте сақтау қабілеті  артады, дене қозғалысы арқылы  сымбаттылығы қалыптасады. Өсе  келе олардың бойындағы табиғи  дарын, қабілет, талант мүмкіндіктерінің  сөзсіз әсері болатыны белгілі,  өйткені бәрі де бала кездегі  тәрбиеден басталады. 

 «Бұлақ көрсең  көзін аш» дегендей еліміздің  болашақ дарынды ұл-қыздарын тәрбиелеу  өз міндетім деп есептеймін.


Информация о работе Балалар бақшасындағы мерекелер