Қазақстан Республикасындағы өнеркәсіптік меншік объектілерінің құқықтық мәртебесі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Сентября 2013 в 13:35, реферат

Описание работы

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін экономиканың өнеркәсіптік секторын дамыту бойынша бірқатар міндеттерді жүктеп, басымдылықтарды айқындады. Техника мен технологияның даму деңгейінің төмендігі мен экономиканың шикізатқа деген сұранысы, сондай-ақ тұтыну тауарларының көпшілігі импортқа негізделетін кеңестік экономика мұрасымен күресудің негізгі құралы – даму резервтерін толық пайдалану болып табылды. Оның негізгі қайнар көздері - интеллектуалдық потенциалды толық және тиімді пайдалану.

Файлы: 1 файл

Қазақстан Республикасындағы өнеркәсіптік меншік объектілерінің құқықтық мәртебесі.docx

— 33.81 Кб (Скачать файл)

Қазақстан Республикасындағы  өнеркәсіптік меншік объектілерінің құқықтық мәртебесі

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік  алғаннан кейін экономиканың өнеркәсіптік секторын дамыту бойынша бірқатар міндеттерді  жүктеп, басымдылықтарды айқындады. Техника мен технологияның даму деңгейінің төмендігі мен экономиканың шикізатқа деген сұранысы, сондай-ақ тұтыну тауарларының көпшілігі импортқа негізделетін кеңестік экономика мұрасымен  күресудің негізгі құралы – даму резервтерін толық пайдалану  болып табылды. Оның негізгі қайнар көздері -  интеллектуалдық потенциалды  толық және тиімді пайдалану.

Алға қойылған міндеттерді  шешу үшін бірінші кезекте халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында жаңа техникалық және көркемдік-құрылымдық шешімдерді кеңейту қажеттілігі  тұрды. Аталмыш үрдісті құқықтық қамтамасыз ету мақсатында кеңестік елдер ішінде бірінші болып 1992 жылы Қазақстан Республикасы осы салаға тиісті Заңды қабылданып, 1999 жылы жаңартылды. Заң бойынша белгіленген шешімдер азаматтық айналымға бірігейлік және өнеркәсіпте қолдануға жарамдылық сипатын иеленетін өнеркәсіптік меншік объектілері ретінде енгізіледі. Халықаралық тәжірибеге сәйкес оларға өнертабыс, пайдалы модель және өнеркәсіптік үлгі жатады.

Қазақстан Республикасының  Патенттік заңының 6-бабы бойынша  өнiмге (құрылғыға, затқа, микроорганизмнiң  штаммына, өсiмдiктер немесе хайуанаттар  клеткаларының көбеюiне), әдiске (материалдық  объектiмен iс-әрекеттi материалдық  құралдардың көмегiмен жүзеге асыру  процесiне), сондай-ақ белгiлi өнiмдi немесе әдiстi жаңа мақсатта немесе жаңа өнiмдi белгiлi бiр мақсатта қолдануға жататын  кез келген саладағы техникалық шешiмдер өнертабыс ретiнде қорғалады.

Өнертабыс нысаны ретінде  өнім болып құрылғы, зат, биотехнологиялық өнім, соның ішінде микроорганизмнің штаммы, өсімдіктер мен жануарлар  жасушасы табылады.

Сонымен, өнертабыс объектілері  материалдық нысандағы заңмен тыйым  салмаған кез келген әдіспен, құралмен орындалған техникалық шешімдер болып  табылады. Дәлірек айтқанда, өнертабыс  объектілері олармен қамтамасыз етілетін техникалық нәтижеге жету үшін жеткілікті маңызды белгілер жиынтығымен  айқындалады. Аталған белгілер жиынтығы техникалық нәтижемен себепті байланыста болуы қажет. Бұл жерде техникалық нәтиже ретінде өнімді не бұйымды  дайындау немесе пайдалану кезінде  көрініс табатын техникалық құбылыс, қасиет сипаттамалары табылады.

Техникалық нәтиже ретінде  адамның ойлау қабілеті негізінде  қабылдау ерекшелігі салдарынан туындаған, белгілі тәртіпті сақтау арқылы қандай да бір қызмет түрін оған қатысушылардың өзара келісімі негізінде жететін, қандай да бір ақпаратты алудан ғана құрылатын, ақпараттың мәндік мазмұны  ерекшеліктеріне негізделген нәтижелер  танылмайды.

Өнертабысқа құқықтық қорғау иелену үшін құқықтық қорғау сұратылатын  техникалық шешім жаңа, өнертабыстық деңгейге жеткен әрi өнеркәсiпте қолдануға  жарамды болуы қажет.

Техника деңгейi туралы мәлiметтерде қорғау сұралатын техникалық шешім  белгiсiз болса, өнертабыс жаңа болып  табылады. Техника деңгейi туралы мәлiметтер өнертабыс басымдық алған күнге  дейiн дүние жүзiнде жалпы жұртқа мәлiм болған кез келген мәлiметтердi қамтиды.

Өнертабыс ретінде келесілер  танылмайды:

1) жаңалықтар, ғылыми теориялар  және математикалық әдiстер;

2) шаруашылықты ұйымдастыру  және басқару әдiстерi;

3) шартты белгiлер, кестелер, ережелер;

4) ақыл-ой операцияларын  орындау, ойындарды жүргiзу ережелерi мен әдiстерi;

5) есептегiш машиналарға  арналған бағдарламалар мен алгоритмдердiң  өзi;

6) ғимараттар, үйлер, аумақтар  жоспарларының жобалары мен тәсiлдерi;

7) бұйымдардың тек сыртқы  түрiне қатысты ұсыныстар;

8) қоғамдық мүдделерге, iзгiлiк  пен мораль принциптерiне қайшы  келетiн ұсыныстар.

Жаңалықтардың ашылуы мен  жария болуы жеке тұлғалардың  интеллектуалдық техникалық шығармашылығынан тәуелсіз жүзеге асырылады. Ол үшін жеке тұлға еңбек етпейді, техникалық шешімді жасамайды.

Ғылыми теория қоршаған орта ақиқаты туралы біртұтас сипаты жоқ  білім болып табылса, математикалық  әдістердің біртұтас сипаты болмайды, яғни ғылымнан елеулі абстрактылы болып  табылатын әдістер танылады.

Ұйымдастыру әдістері мен  шаруашылықты басқару жұмыс күшін  рационализаторлық пайдалануға  және өзара әрекеттерін сипаттауға қатысты өзгертілмеген нысандағы еңбек құралдары, пәндері және олардың қосындысы.

Шартты белгілер, сипаттамалар, ережелер болып қоғамдық қажеттілікті өзінен өзі емес, олардың мәні туралы алдын ала келісімге сәйкес ақпаратты  қайта өңдеу нәтижесінде тікелей  алынатын ақпаратты беру құралы табылады. Осындай ұсыныстар ретінде мысалы, автобустар қозғалысының кестесі, теміржол көлігін пайдалану ережесі және т.б. жатқызуға болады.

Ақыл-ой операцияларын орындау  ережелері мен әдістеріне адам мен  ақпаратты талдау, қайта өңдеу  және техникалық сипаттағы құралды  пайдаланумен байланысы жоқ ережелер, сондай-ақ әдістерді жатқызуға болады.

Есептегіш машина бағдарламалары мен алгоритмдер, интегральды топология  микросызбалары өнеркәсіптік меншік объектілері  ретінде танылмайды, бірақ авторлық құқық нормаларымен қорғалады. Тиісті объектілер туралы мәліметтерді берудің  елеулі нысаны ретінде ғимараттар, үйлер, аумақтар жоспарларының жобалары мен сызбаларына да патенттік  қорғау көрсетілмейді. Эстетикалық  қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған бұйымның тек сыртқы түріне қатысты және техникалық мәніне байланысты емес ұсыныстар өнертабыстар ретінде тиісінше пайдалы модель болып танылмайды, бірақ өнеркәсіптік үлгі ретінде қорғалады.

Өсімдік сорттары мен жануарлар  тегі өзіндік ерекшеліктеріне байланысты өз алдына жеке заңмен құқықтық реттеледі.

Қоғамдық мүдделерге, ізгілік  пен мораль принциптеріне қайшы  келетін ұсыныстар кейбір жағдайларда  өзінің сипаттамасы бойынша (яғни техникалық сипаттағы ұсыныстар) өнертабысқа, тиісінше пайдалы модельге қатысты, бірақ Заңда тікелей белгіленуіне байланысты қорғау көрсетілмейді. Мұндай ұсыныстар маңызды түрде жаңалықтарды бағалайтын және оның құқықтық қорғалуын  талап ететін тұлғалардың имандылығына байланысты. Сондықтан заңшығарушының көзқарасын түсіндіретін және өтінім берушіге осындай өнертабыс туралы дұрыс түсінік қалыптастыратын  нормативтік құжаттар қажет.

Заң бойынша пайдалы модель ретінде өндіріс құралдары мен  тұтыну заттарын конструкторлық орындау, сондай-ақ олардың құрамдас бөліктері  қамтылған. Аталған анықтама Ресей  заңнамасында орын алған.

Осы анықтамаға қатысты құқықтық әдебиеттерде қарама-қарсы көзқарастар  орын алған. Мәселен, В.Томашек, Ресей  Федерациясының Патенттік заңының 5 бабында белгіленгендей пайдалы  модельдің анықтамасын қысқа  «пайдалы модельдерге құрылғылар жатады»  деген анықтамамен ауыстыруды ұсынған  болатын. Аталған анықтама қазіргі  кезде Ресей Федерациясының Азаматтық кодексінде өз күшіне ие. Ресей ғалымының пікірінше, әрекет еткен анықтама өте ауқымды және тауар өндірушілерде жиі осы анықтамаға жататын объектілерді анықтау бойынша қиындықтарды тудырады [1, 46-51 бб.].

Ресей ғалымдары ұсынғандай құқықтық қорғау объектісі пайдалы  модельге қолданымды (өнертабысқа қолданымды сияқты) құрылғы ретінде тек құрылғының өзі ғана емес (машина, аппарат, құрал), сонымен бірге әрқайсысының өзіндік  мақсаты бар, ортақ міндетті орындайтын құрылымдық құралдар жиынтығы (мысалы, белгілі операцияны өткізу үшін хирургиялық  жабдықтар), сондай-ақ көптекті материалдар  типіндегі бұйымдар және т.б. ұғынылады [2, 160 б.].

Құқықтық әдебиеттерде пайдалы  модель «кіші» өнертабыс деп те аталады. Бұл оның өнертабысқа өте жақындығын айқындайды. Ресейдің патенттік құқықтық әдебиеттерінде өнертабыс пен пайдалы  модельді бір объект деп танитын  пікір де орын алған. Мәселен, В.А.Старобогатова  «заңда баяндалған пайдалы модель белгілері  және оны құқықтық тұрғада рәсімдеу, оны пайдалану, дауларды шешу және т.б. ережелері өнеркәсіптік меншіктің  бұл объектісіне қорғау көрсету  режимімен, қорғалатын объект шеңберімен, қорғау әрекеті мерзімімен және т.б. сияқты кейбір ерекшеліктерімен өнертабыс  жатқызылады» деп пайымдайды [3, 32 б.]. 

Қазақстандық авторлардың, мәселен Т.Е.Каудыровтың пікірінше  өнеркәсіптік меншіктің барлық объектілерін өнертабыстан туындылар объекті  ретінде бір немесе бірнеше белгілерді қосумен не қысқартумен тану қажет [4, 203 б.].  

Мәні бойынша өнертабысқа  жақын, техникалық деңгейі бойынша  өнертабыс болып танылмайтын  құрылғылар пайдалы модель деп танылады және құқықтық қорғалады деп тұжырымдайтын  авторлар пікірі де орын алған [1, 17 б.]. Әлемдік тәжірибеде мәлім болғандай, әдетте «пайдалы модель» ұғымы сыртқы белгілері бойынша патентке қабілетті  өнертабысқа ұқсас келетін, бірақ  техника деңгейіне аздаған үлесін қосатын техникалық жаңалықтарды қамтиды [5, 312 б.]. Сонымен барлық пайдалы модельдер  өнертабыс бола алмайды, бірақ барлық құрылғыға қатысты өнертабыстар пайдалы модель бола алады.

Пайдалы модельдер ретінде  өндірістік немесе тұтыну мақсатына  қызмет ететін өндірістік құрал, бұйым, өндіріс пәні, құрылғы, бұйымдар жиынтығы және олардың бөліктері ретінде  техникалық шешімдер қорғалады. Сонымен  қатар, пайдалы модель ретінде бұйым  нысаны және олардың бөліктерінің орналасуы, техникалық функцияларды орындайтын электр сызбалары да табылады. Қорғау техникалық сипаттағы ұсыныстарға, электронды есептегіш машина бағдарламарына және мәліметтер базасына, интегральды топология  микросызбаларына, қоғам мүдделері немесе мораль қағидаларына қайшы келетін шешімдерде танылмайды. Олар әрбір елдің ұлттық заңнамасына сәйкес ерекшеленіп, толықтырылуы мүмкін.

Сонымен, пайдалы модель мәнін екі түрлі ұғым құрайды. Тар мағынада пайдалы модельге кеңістік құрылымы бар объектілер ғана жатады, ал кең - өнертабысқа қатысты барлық объектілер, яғни құрылғы, әдіс, заттар жатады.

Қазақстан мен Ресейде  жасалған шешімдердің барлығы қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін  тар мағынадағы пайдалы модель ретінде  заңнамаға енгізілген, себебі статистика бойынша конструкторлық шешімдер қатарына ауқымды көлемдегі өтінімдер  кіреді.

Ұлттық заңнама бойынша  пайдалы модельдерді сипаттау үшін жалпы құрылғыда немесе оның элементінде құрылғының жұмыс істеуіне және оның міндетін іске асыруға әсер етпейтін сипаттамалардың (ауызша, көрнекі немесе құрамдастырылған) бар-жоғын білдіретін белгілерді пайдаланбау қажет.

Бұл белгілер өнертабыс нысаны ретінде құрылғыны сипаттау үшін де пайдаланылған.

Алайда, пайдалы модельге өндiрiс құрал-жабдықтары мен тұтыну заттарын, сондай-ақ олардың құрамдас бөлiктерiн (құрылғысын) конструкциялық орындау жататын болса, өнертабыс нысаны ретінде құрылғыға конструкциялар мен бұйымдар жатады.

Біздің пікірімізше пайдалы  модель ретінде тек құрылғылар ғана емес, сонымен қатар әдістер де табылады. Себебі заңда бекітілген пайдалы модель анықтамасында өндіріс  құралдарын және тұтыну заттарын конструкторлық орындау, яғни іс-әрекетті материалдық құралдардың көмегімен жүзеге асыру үрдісі қамтылған. 

Сонымен бірге, бізбен өнеркәсіптік дамыған елдер тәжірибесін басшылыққа алып, пайдалы модель ретінде тек  құрылғы нысанындағы өнімді ғана емес, сонымен қатар, заттарды, микроорганизмнің штаммыларын, өсімдіктер немесе хайуанаттар  клеткаларының көбеюінде қорғау қажеттілігі пайымдалады.

Егер пайдалы модель ретінде  өнімдер мен әдістер табылса, оларды жаңа мақсатта немесе жаңа өнімді белгілі бір мақсатта қолдануды да қорғалатын объектілерге жатқызуда керек деп санаймыз.

Қазіргі техника мен технологиялар  салаларында пайдалы модель санын  өсіру қажет. Себебі пайдалы модель өте тиімді және мүдделі тұлғаларға күрделі емес техникалық шешімдерге тез (терең сараптаманы қажет  етпей) және арзан (өнертабысқа қарағанда баж мөлшері төмен) патент алуға мүмкіндік береді. Пайдалы модельді қорғау табысы кейінгі техникалық шығармашылықты ынталандыратын инновациялық қызметтің алғашқы қадамына әсер етеді.

Бұлар пайдалы модельді пайдаланудың тиімді салаларын көрсетеді және олар ретінде дамуына барлық елдерде, соның ішінде Қазақстанда қазіргі  таңда ерекше көңіл бөлінетін  шағын және орта бизнес танылады.

Тәжірибеде көптеген өнертабыстар шығармашылық деңгейі қажетті дәрежеде жоғары болмауына, бірақ көбіне олардың  нысан өзгешелігі техникалық мәнімен  ғана байланысты болғандықтан осындай  құрылғы  өнертабыс ретінде де қорғалмайтындығын айқындайды.

Сондай-ақ, бір жағынан  нақты айқындалған, бірақ жеткілікті субъективтік белгілермен шектелетін («өнертабыстық деңгейі») техникалық шешім авторы өзінің шығармашылығына  жиырма жылдық монополияны иеленеді, ал екінші жағынан техника деңгейі  туралы мәліметтерде белгілі болуына  байланысты  автор өз шығармашылығына  монополия иеленуіне құқығы болмайды. Осындай жағдайда шығармашылық қызметті ынталандыру үшін пайдалы модельді енгізу тиімді болып табылады.

Айтылған мақсаттарға  жету жолында әлемдегі пайдалы модельге қатысты тәжірибеге сүйеніп әрекет етуші заңнама бойынша пайдалы  модель ретінде қорғалатын объектілер санын кеңейту ұсынылады. Атап айтқанда, пайдалы модель ретінде өнімге (құрылғыға, затқа, микроорганизмнің штаммына, өсімдіктер немесе хайуанаттар клеткаларының көбеюіне), әдіске (материалдық объектімен іс-әрекетті материалдық құралдардың көмегімен жүзеге асыру процесіне), сондай-ақ белгілі өнімді немесе әдісті жаңа мақсатта немесе жаңа өнімді белгілі бір мақсатта қолдануға жататын кез келген саладағы жаңа және өнеркәсіпте қолдануға жарамды техникалық шешімдерді тану тұжырымдалады. Осындай бағыт шет елдегі пайдалы модельдің құқықтық қорғалу тенденциясына сәйкес келеді (соның ішінде Германия, Жапония және т.б.).

Информация о работе Қазақстан Республикасындағы өнеркәсіптік меншік объектілерінің құқықтық мәртебесі